«Жасыл кеңсе» қағидаттарын енгізу
ҚМГ ресурстарды ұтымды пайдалануға, қалдықтар көлемін азайтуға және қызметкерлердің экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған «жасыл кеңсе» қағидаттарын ұстанады. Осы бастама аясында компания экологиялық ізі мен әсерін азайтуға және корпоративтік мәдениетте тұрақты дағдыларды қалыптастыруға ықпал ететін іс-шаралар кешенін іске асыруда. Сонымен қатар, 2024 жылы бұл бағыттағы жұмыстар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыру аясында күшейтілді.
Кеңсе кеңістігін экологияландыру
2024 жылы қалдықтарды бөлек жинау бастамасы аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ғимаратына пластик бөтелкелерді, алюминий банкаларды және шыны ыдысты жинауға арналған фандомат орнатылды. Жыл ішінде 25,3 мыңнан астам пластик бөтелке мен 8,2 мыңға жуық алюминий банка жиналып, қайта өңдеуге жіберілді. 2023 жылғы ақпан айында фандомат орнатылған сәттен бастап жалпы тапсырылған ыдыс саны 54 378 бірлікті құрады.
Компанияның орталық кеңсе ғимаратында қағаз, пластик, шыны, металл және пайдаланылған батареяларды бөлек жинауға арналған экоқоқыс жәшіктері мен контейнерлер орнатылған. Сонымен қатар, люминесценттік шамдарды қабылдап, уақытша сақтауға арналған арнайы шкафтармен жабдықталған.
Ресурстарды тұтынуды азайту бойынша басқа да шаралар:
- жұмыс күні аяқталғаннан кейін компьютерлер мен техника құрылғыларын сөндіру қажеттігі туралы қызметкерлерге автоматтандырылған ескертулер жіберу;
- баспа көлемін қысқарту және ағаштарды сақтау туралы ақпараттық жадынамалар тарату;
- қағаз қолдануды азайту мақсатында электрондық құжат айналымын дамыту;
- Компания қызметкерлері туған күн иелеріне гүл шоғының орнына бөлме гүлдерін сыйлап, кеңседегі жасыл желек көлемін жүйелі түрде арттыру.
Экологиялық көлік түрлерін ынталандыру мақсатында ҚМГ кеңсе ғимаратында велосипед тұрағы жабдықталған, ал 2024 жылы олардың саны көбейтіліп, сыртқы тұрақтарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Экологиялық бастамалар мен корпоративтік акциялар
ҚМГ қызметкерлерді экологиялық іс-шараларға белсенді түрде тартады. 2024 жылы «Өз ыдысыңды алып кел» акциясы басталды. Бұл бастама аясында кеңседегі кофехана, буфет және асханада көп рет қолданылатын жеке ыдысын пайдаланатын қызметкерлерге жеңілдіктер ұсынылады.
Компания CO2 шығарындыларын азайтуға бағытталған бастамаларды да қолдайды. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ұйымдастырған «Jasyl Jol» челленджіне қатысты. 2024 жылғы 6 мамыр мен 5 маусым аралығында олар жұмысқа жеке автокөлікпен барудан бас тартып, велосипедпен немесе жаяу қатынауды таңдады.
Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап ҚМГ кеңсе ғимаратында пилоттық режимде электромобильдерге арналған қуаттау станциялары орнатылып, пайдалануға берілді.
2024 жылы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні шөлейттенуге қарсы күрес және жерді қалпына келтіру тақырыбына арналды. Осыған орай ҚМГ компаниялар тобында ақпараттық науқан ұйымдастырылды. Ішкі порталдарда БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) бейнематериалдары орналастырылып, қызметкерлердің жұмыс мониторларында экопостерлер көрсетілді.
Компания дәстүрлі түрде энергия тұтынуды қысқартуға бағытталған жаһандық қозғалысты қолдай отырып, «Жер сағаты» халықаралық акциясына қатысады. 2024 жылы ҚМГ аталған бастамаға тағы да қолдау білдіріп, бір сағатқа жарық пен тұрмыстық құрылғыларды сөндірді.

«Таза Қазақстан» акциясы
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ҚМГ компаниялар тобы бойынша 2024 жылғы шілде мен қазан аралығын қамтитын сенбіліктер кестесі бекітілді. Әр сенбі сайын ҚМГ-нің кемінде екі еншілес және тәуелді ұйымы тазалық жұмыстарына қатысып отырды.
2024 жылғы 24 тамызда ең ауқымды сенбілік өтті – бұл шараға ҚМГ компаниялар тобына кіретін 34 ұйымнан 2800-ден астам қызметкер, соның ішінде бірінші басшылар да қатысты. Акцияға Астана қаласы, сондай-ақ Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарындағы еншілес ұйым өкілдері белсенді қатысты.
Көріктендіру және абаттандыру іс-шаралары жоспарының жүзеге асырылу нәтижелері:
- Тарихи-мәдени ескерткіштер, мектептер, балабақшалар және басқа да нысандар аумағын тазалау және абаттандыру бойынша 75 акция өткізілді.
- 235 сенбілік ұйымдастырылып, оларға жалпы саны 10 мыңнан астам адам қатысты, нәтижесінде 240 тонна қалдық жиналды.
- Жасыл желектерді әктеу бойынша 60 іс-шара өткізілді, шамамен 170 мың ағаш қамтылды.
ҚМГ Мемлекет басшысының бес жыл ішінде ел бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі ауқымды экологиялық бастамасына белсенді қатысуда. 2024 жылы ҚМГ компаниялар тобы бойынша 88 925 ағаш отырғызу жоспарланған болатын, алайда қосымша қабылданған шаралардың нәтижесінде көгалдандыру көлемі ұлғайтылып, жалпы 97 218 ағаш пен бұта отырғызылды.
12 қазанда ағаштарды бір мезгілде отырғызу науқаны аясында ҚМГ компаниялар тобы бойынша 12 мыңнан астам ағаш егілді. Атап айтқанда, ҚМГ Корпоративтік орталығы Астана қаласындағы № 111 мектептің маңайына биіктігі үш метр болатын 125 қарағай, сондай-ақ кеңсе ғимараты жанына 5 ағаш отырғызды. Акцияға 28 ЕТҰ-ның бірінші басшылары мен 1400-ден астам қызметкер қатысты.
Көгалдандыру мен абаттандыру бойынша жүйелі жұмыстың арқасында ҚМГ экологиялық жағдайды жақсартуға және компанияның қызмет жүргізетін өңірлерінде жасыл аймақтар құруға елеулі үлес қосып келеді.
Экологиялық викториналар мен білім беру іс-шаралары
ҚМГ қызметкерлерінің экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында оқыту іс-шаралары ұйымдастырылады. 2024 жылғы 5 маусымда, Қоршаған ортаны қорғау күніне орай, экологиялық викторина өткізілді, оның жеңімпаздарына сыйлықтар табыс етілді.
2024 жылғы 7 тамызда экологиялық ойлауға арналған шеберлік сабағы өтті, оған 120-дан астам қызметкер қатысты (70 – офлайн, 50 – онлайн). Эколог және экоамбассадор Әсел Құспанова ресурстарды тұтынуды азайту, қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу тақырыптарында ақпарат ұсынды. Қызметкерлер Астана қаласындағы қайталама шикізатты қабылдау пункттері туралы ақпарат алып, саналы тұтынуға қатысты ұсыныстармен танысты. Шеберлік сабағы аясында корпоративтік еріктілердің бастамасымен кітап алмасуға арналған «дармарка» ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, ҚМГ «Әр бейсенбі – қағазсыз күн» акциясын іске қосты: бұл күні қызметкерлер қағаз қолдануды азайтуға шақырылады, ал кеңселерде процестерді цифрландыру бойынша ұсынымдар таратылуда.
2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап ҚМГ компаниялар тобында фандоматты – пластик бөтелкелерді қабылдап, оларды кейін қайта өңдеуге бағыттайтын автоматты белсенді пайдалану бойынша конкурс басталды. Конкурстың мақсаты – фандоматтарды пайдалануды танымал ету және қалдықтарды бөлек жинауға ынталандыру. Бұл бастама қайта өңделетін пластик көлемін арттырумен қатар, экологиялық жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға және ресурстарды үнемдеудің маңыздылығын түсінуге бағытталған.
ҚМГ ресурстарды жауапты тұтыну мен тұрақты дамуға бағытталған корпоративтік мәдениетті қалыптастыра отырып, «жасыл кеңсе» бастамаларын дамыту жұмысын жалғастыруда.
