«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ-НЫҢ
2024 ЖЫЛДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ

Тұрақты көшбасшылық

ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫНА – 125 ЖЫЛ: ТАРИХ, МАҚТАНЫШ, БОЛАШАҚҚА ЖОЛ

2024 жылы Қазақстанда мұнайды өнеркәсіптік өндірудің басталғанына 125 жыл толды – бұл отандық мұнай саласының ұзақ және бай тарихын ғана емес, сонымен қатар оның елдің экономикасын, инфрақұрылымы мен капиталын дамытуға қосқан баға жетпес үлесін бейнелейтін кезең.

Қазақстан мұнайының тарихы 1899 жылы Атырау облысындағы Қарашұңғыл кен орнында алғашқы өнеркәсіптік мұнай фонтаны атқылаған сәттен бастау алады. Бұл оқиға еліміздің мұнай өнеркәсібінің негізін қалаған тарихи белес болды. XX ғасырдың басында Доссор (1911 ж.) және Мақат (1913 ж.) кен орындары ашылып, белсенді түрде игеріле бастады, нәтижесінде аймақ Қазақстан мұнайының жүрегі атанды.

Бір ғасырдан астам уақыт бойы бұл сала алғашқы қолмен бұрғылау қондырғыларынан жоғары технологиялық өндірістік кешендерге дейін жүрді. Кеңес дәуірінде мұнай саласы ауқымды индустрияландырумен және геологиялық барлаумен ерекшеленді, оның нәтижесінде Жетібай мен Өзен сияқты ірі кен орындары ашылып, Маңғыстау мұнайының дәуірі басталды. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан мұнай саласының дамуына жаңа серпін беріп, халықаралық инвестицияларға жол ашты және озық технологияларды енгізе бастады. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын игеру жобалары еліміздің әлемдік ірі мұнай өндіруші елдер қатарына кіруіне мүмкіндік берді.

Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясы ретінде «ҚазМұнайГаз» қазіргі мұнай саласының даму тарихында маңызды орын алады. Компания еліміздегі мұнай өндірудің қалыптасуына негіз болған ондаған кәсіпорынның бай мұрасын сақтап қана қоймай, стратегиялық жобаларды іске асыру, инфрақұрылымды жаңғырту, инновациялар енгізу және жаңа құзыреттерді дамыту арқылы осы мұраны жалғастырып келеді. ҚМГ – дәстүр жалғастырушысы әрі тұрақты өзгерістердің жетекшісі ретінде қазіргі мұнай-газ саласының келбетін айқындап отыр.

Мұнай саласының 125 жылы – бұл мыңдаған адамның жанқиярлық еңбегінің 125 жылы: бұрғышылардың, геологтардың, инженерлердің, технологтардың, операторлардың, экологтардың, құрылысшылардың, энергетиктердің, механиктердің, дәнекерлеушілердің, жүргізушілердің,
IT-мамандардың, логистердің, өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары мен басқа да кәсіби мамандардың еңбегі. Бұл жетістіктер, қиындықтарды жеңу және үнемі алға жылжу тарихы. Бүгінде де, бір ғасырдан астам уақыт бұрынғыдай, мұнай ілгерілеудің қуатты қозғалтқышы әрі болашаққа сенімді көзқарастың негізі болып қала береді.

«ӨЗЕНМҰНАЙГАЗ» АҚ-НА 60 ЖЫЛ: ДӘСТҮР, ЭНЕРГИЯ, ДАМУ

2024 жылы отандық мұнай саласының қалыптасуы мен даму тарихында шешуші рөл атқаратын Қазақстанның ірі мұнай өндіруші кәсіпорындарының бірі – «Өзенмұнайгаз» АҚ-на құрылғанына 60 жыл толды. Компания тарихы бірегей Өзен кен орнын игерумен және бүгінгі күні Маңғыстау облысының ірі өнеркәсіптік әрі әлеуметтік орталығы саналатын Жаңаөзен қаласының қалыптасуымен тығыз байланысты.

Өзен кен орнында барлау жұмыстары 1959 жылы басталды. 1960 жылы алғашқы газ фонтаны, ал 1961 жылғы 15 желтоқсанда алғашқы мұнай фонтаны атқылады. 1964 жылы мұнайды өнеркәсіптік өндіру басталды. Бұл оқиғалар Маңғыстау өңірінің мұнай өнеркәсібі дамуының жаңа кезеңінің басталғанын білдірді.

1965 жылғы 15 шілдеде Өзен мұнайы тиелген алғашқы эшелон Атырау мұнай өңдеу зауытына жөнелтілді. Бірнеше жылдан кейін Өзен-Атырау-Самара бағытында ірі магистральдық мұнай құбыры салынды. 1966 жылы алғаш рет бір миллион тонна мұнай өндірілді. Өткен ғасырдың 70-жылдары бұл кен орын республикада өндірілетін мұнай көлемінің жартысын қамтамасыз етіп, бүкіл Кеңес Одағы экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие болды.

1996 жылы мұнай кәсіпшілігі басқармасы «Өзенмұнайгаз» ашық акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. 2004 жылдан бастап кәсіпорын «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ құрамына кірді, ал 2012 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ құрылымында дербес өндірістік компания ретінде жұмыс істейді.

Алты онжылдық бойы «Өзенмұнайгаз» өндірістік қуаттарын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі үлес қосып келеді. Компания әлеуметтік инфрақұрылым құрылысын жүргізіп, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларын қолдайды, жаңа жұмыс орындарын ашып, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға инвестиция салады. Өндірістік процестерді жаңғыртуға, цифрлық технологияларды енгізуге, қоршаған ортаны қорғауға және өнеркәсіптік қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді.

Бүгінгі таңда «Өзенмұнайгаз» бұл 10 мыңнан астам қызметкер, ортақ құндылықтармен және орнықты дамуға деген ұмтылыспен біріктірілген кәсіпқойлар ұжымы.