«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ-НЫҢ
2024 ЖЫЛДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ

GRI 2-29

Мүдделі тараптармен өзара іс-қимылға көзқарас

«ҚазмұнайГаз» ҰК АҚ мүдделі тараптармен (стейкхолдерлермен) тиімді өзара іс-қимылды орнықты даму саласындағы өз қызметінің негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастырады. Компания мемлекет өкілдерімен, инвесторлармен, қызметкерлермен, серіктестермен, жергілікті қауымдастықтармен және басқа да мүдделі тараптармен диалогтың маңыздылығын түсінеді, өйткені олардың қатысуы мен қолдауы ҚМГ стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді. Мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл AA1000 Stakeholder Engagement Standard (2015) және GRI Standards қоса алғанда, халықаралық стандарттар негізінде, сондай-ақ ҚМГ стейкхолдерлерінің картасы сияқты Компанияның ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

Өзара іс-қимыл қағидаттары

Компания мүдделі тараптармен өзара әрекеттесу кезінде келесі негізгі принциптерді ұстанады:

  • Мүдделерді құрметтеу және ескеру – Компания шешім қабылдау кезінде мүдделі тараптардың пікірлерін, үміттерін және қалауларын ескереді.
  • Ашықтық және айқындық – ҚМГ орнықты даму саласындағы өз қызметі, жоспарлары мен бастамалары туралы ақпаратты жүйелі түрде ашып отырады.
  • Жауапкершілік және міндеттемелерге адалдық – Компания стейкхолдерлер алдында өзіне алған міндеттемелерді толық көлемде орындауға ұмтылады.
  • Қатысу және диалог – Компания негізгі мүдделі тараптармен ашық диалог жүргізеді, олардың маңызды тақырыптарды талқылауға қатысуын қамтамасыз етеді.
  • Бейімделу және үздіксіз жетілдіру – Стейкхолдерлермен өзара іс-қимыл оның тиімділігін тұрақты бағалауды және түзетулер енгізуді қамтитын циклдік процесс ретінде қарастырылады.

Өзара іс-қимыл кезеңдері

ҚМГ-дағы мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл процесі бес негізгі кезеңді қамтиды:

  • Мүдделі тараптарды анықтау және маңызды мәселелерді айқындау
    • ҚМГ-нің Стейкхолдерлер картасын әзірлеу және оны тұрақты түрде жаңарту. Бұл карта мүдделі тараптардың тізімін, өзара іс-қимыл әдістері мен форматын қамтиды.
    • Компания қызметіне мүдделі тараптардың қосқан үлесін және олардың негізгі күтулерін бағалау.
  • Мүдделі тараптарды жіктеу және басымдықтарын анықтау
    • Компания үшін мүдделі тараптардың әсері мен маңыздылығын бағалау.
    • Тереңдетілген диалог құру қажет басым стейкхолдер топтарын анықтау.
  • Өзара іс-қимылды жоспарлау
    • Әртүрлі деңгейдегі қатысуды (консультациялар, келіссөздер, ынтымақтастық, шешім қабылдау процестеріне интеграция) ескеретін іс-шараларды әзірлеу.
    • Өзара іс-қимылдың жиілігін және әдістерін айқындау (кездесулер, сауалнамалар, қоғамдық консультациялар, серіктестік бастамалар және т.б.).
  • Іс-шараларды іске асыру
    • Негізгі стейкхолдерлермен өзара іс-қимылға бағытталған жоспарланған іс-шаралар мен бастамаларды өткізу.
    • Үздіксіз диалог пен ақпарат алмасуды қолдау.
  • Өзара іс-қимылдың тиімділігін бағалау және жетілдіру
    • Іс-шаралардың нәтижелілігін талдау, алынған тәжірибелерді ескеру және тәсілдерді түзету.
    • Екіжақты кері байланыс механизмдерін дамыту және мүдделі тараптардың ұсыныстарын Компанияның болашақ стратегияларына енгізу.

Компания стейкхолдерлермен өзара іс-қимылдың тиімділігін жүйелі түрде талдайды және бұл үдерісті озық халықаралық тәжірибелерге және қоғамның өзгермелі үміттеріне сәйкес жетілдіреді.

Мүдделі тараптармен өзара іс-қимылдың қорытындылары

ҚМГ мүдделі тараптармен олардың үміттерін ескеруге және сындарлы диалогты қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, белсенді түрде өзара іс-қимыл жасайды. 2024 жылы Компания корпоративтік басқарудың озық тәжірибелерін енгізу, экологиялық жауапкершілікті арттыру және әлеуметтік серіктестікті нығайту арқылы орнықты даму стратегиясын жүзеге асыруды жалғастырды.

Акционерлер

Акционерлер

Коммуникация әдістері: есептерді жариялау, корпоративтік веб-сайтта ақпаратты ашу, акционерлер жиналысы, Қазақстан қор биржасындағы есептілік.

Қызығушылықтар мен үміттер: қаржылық тұрақтылық, корпоративтік басқару қағидаттарын сақтау, инвестицияларды қайтару, өндірістік көрсеткіштерді арттыру, орнықты даму қағидаттарын интеграциялау.

Біз не істейміз

Компания акционерлер үшін тұрақтылық пен құнның өсуін қамтамасыз ете отырып, өзінің өндірістік және қаржылық көрсеткіштерін үнемі жақсартып отырады. 2024 жылы ҚМГ өндірістік қуаттарды жаңғырту және жұмыс тиімділігін арттыру бойынша стратегиялық бастамаларды табысты жүзеге асырды.

Маңызды қадамдардың бірі – қоршаған ортаға әсерді азайтуға және бизнесті орнықты трансформациялауға бағытталған 2060 жылға дейінгі жаңа Төменкөміртекті даму бағдарламасының әзірленуі болды.

Бұған қоса, Компания корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарына адалдығын сақтап, есептіліктің ашықтығын және акционерлердің құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді.

Инвесторлар

Инвесторлар

Коммуникация әдістері: road-show өткізу, есептілік, сарапшылармен өзара іс-қимыл, баспасөз релиздері.

Қызығушылықтар мен үміттер: ESG-практикалар, тәуекелдерді ашық басқару, инвестициялардың рентабельділігі, ESG-есептіліктің жетекші стандарттарын интеграциялау.

Біз не істейміз

Компания инвесторлармен ашық әрі айқын диалогты қолдауға ұмтылады, стратегиялық бастамалары мен болашағы туралы өзекті ақпарат ұсынып отырады. Жұмыстың маңызды бағыты – GRI, TCFD және OGMP 2.0 бастамасын қоса алғанда, халықаралық стандарттарға сәйкес ESG-есептілікті дамыту. Бұл инвесторларға ҚМГ-нің қоршаған ортаға, әлеуметтік салаға және корпоративтік басқаруға тигізетін ықпалын неғұрлым жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. 2024 жылы ҚМГ төменкөміртекті даму және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастырды. Бұл бастамалар тұрақты инвесторлар мен халықаралық рейтингтік агенттіктер тарапынан қызығушылық тудыруда.

Мемлекеттік органдар

Мемлекеттік органдар

Коммуникация әдістері: консультациялар, жұмыс топтарына қатысу, есептілік, кеңестер.

Қызығушылықтар мен үміттер: заңнаманы сақтау, салықтарды төлеу, әлеуметтік міндеттемелерді орындау.

Біз не істейміз

Компания қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтайды және мұнай-газ секторы мен орнықты дамуды реттейтін нормативтік актілерді әзірлеу процесіне белсенді түрде қатысады. ҚМГ салықтар мен өзге де міндетті төлемдерді бюджетке уақтылы және толық көлемде төлеп отырады. Компания сондай-ақ өңірлерді дамытуға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларға инвестиция салуды жалғастырып келеді, бұл елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсуіне ықпал етеді.

Жұмысшылар мен кәсіподақтар

Жұмысшылар мен кәсіподақтар

Коммуникация әдістері: басшылықтың ұжымдармен кездесулері, тренингтер, ішкі коммуникациялық арналар.

Қызығушылықтар мен үміттер: еңбек қауіпсіздігі, мансапты дамыту, лайықты еңбекақы төлеу, еңбек жағдайларын жақсарту.

Біз не істейміз

Компания өз қызметкерлері үшін қауіпсіз әрі жайлы еңбек жағдайларын жасауға ерекше көңіл бөледі. 2024 жылы жұмыс орындарын жаңғырту және денсаулықты қорғау бойынша бағдарламаларды енгізу бағытында қосымша шаралар қабылданды. Біз қызметкерлер үшін оқыту және біліктілікті арттыру арқылы жаңа мүмкіндіктер жасаймыз. Еңбекақының лайықты деңгейі, кадрларды іріктеудің ашық рәсімдері және кәсіби өсу жүйесі саладағы үздік мамандарды тартуға және оларды ұстап қалуға мүмкіндік береді. Корпоративтік мәдениетті нығайту және қызметкерлердің белсенді қатысуын арттыру мақсатында ҚМГ ішкі коммуникация арналарының дамуын жеделдетіп, кәсіподақтармен тұрақты диалог жүргізуді қолдайды.

Жергілікті қауымдастықтар мен қоғам

Жергілікті қауымдастықтар мен қоғам

Коммуникация әдістері: қоғамдық тыңдаулар, қайырымдылық бағдарламалары, сенім телефондары арқылы кері байланыс.

Қызығушылықтар мен үміттер: жұмыс орындарын құру, әлеуметтік инвестициялар, экологиялық жауапкершілік.

Біз не істейміз

Компания қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіне отырып, өз қызметін жүзеге асырып жатқан өңірлерде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға белсенді түрде қатысады. 2024 жылы ҚМГ білім беру, медицина және жергілікті қауымдастықтардың әлеуметтік әл-ауқатын қолдауға айтарлықтай қаражат бағыттауды жалғастырды. Экологиялық бастамаларға, соның ішінде шығарындыларды азайтуға, су ресурстарын басқаруға және жерлерді қалпына келтіруге ерекше назар аударылады. Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламалары жергілікті инфрақұрылымды дамытуға ықпал етіп, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасайды.

Клиенттер мен серіктестер

Клиенттер мен серіктестер

Коммуникация әдістері: іскерлік кездесулер, келісім-шарттар, бірлескен жобалар.

Қызығушылықтар мен үміттер: жеткізілімдердің тұрақтылығы, өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасы, сатып алулардың ашықтығы.

Біз не істейміз

Компания мұнай өнімдері мен қызметтерді үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етіп, сапа мен сенімділіктің жоғары стандарттарын ұстанады. Логистика және жеткізілімдерді басқару процестерін оңтайландырады. Серіктестермен өзара іс-қимылдың ашық саясаты, корпоративтік басқарудың жоғары стандарттары және адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау клиенттердің сенімін нығайтып, ұзақ мерзімді қатынастарды дамытуға мүмкіндік береді.

Мердігерлер

Мердігерлер

Коммуникация әдістері: тендерлер, конференциялар, жұмыс кездесулері.

Қызығушылықтар мен үміттер: сатып алулардың ашықтығы, ынтымақтастықтың әділ шарттары, объектілердегі қауіпсіздік.

Біз не істейміз

Компания сатып алу процестерінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге ұмтылып, жеткізушілерді іріктеу бойынша автоматтандырылған жүйелерді енгізуде. Мердігер ұйымдар үшін өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттары бойынша оқытуды қоса алғанда, нысандардағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған шараларды күшейту жұмысы жалғасуда. Өзара сенімге негізделген серіктестік қатынастарды дамыту көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және операциялық тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді.

ҚМГ мүдделі тараптармен өзара іс-қимылды нығайтуды жалғастырып, корпоративтік басқаруды жетілдіру және үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу бағытында жұмыс жүргізуде. Ашық диалог, стейкхолдерлер мүдделерін ескеру және орнықты даму саласындағы стратегиялық бастамаларды іске асыру Компанияға ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізуге.