Көлік қауіпсіздігі
2024 жылы ҚМГ көлік қауіпсіздігін арттыру, апаттылықты төмендету және қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру бойынша шараларды іске асыруды жалғастырды.
«Сапарларды басқару» жобасын тираждау аясында «ОСК» ЖШС-де көлік құралдарын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. «ОТК» ЖШС мен «ОКК» ЖШС-де көлікке өтінімдер мен жоспар-талаптарды автоматтандыру аяқталып, бұл көлікке өтінім беру және оларды басқару процесін электрондық форматқа көшіруге мүмкіндік берді.
Қызметкерлердің қауіпсіздік белдігін қолдану қажеттілігі туралы хабардарлығын арттыру мақсатында 2 жаңа «Конвинсер» (маңдайдан соқтығысу) тренажері сатып алынып, пайдалануға берілді. Осылайша, ҚМГ тобы бойынша мұндай тренажерлердің жалпы саны беске жетті. «Жол-көлік оқиғаларына жол жоқ» науқаны аясында 19 755 қызметкердің қатысуымен практикалық тренингтер ұйымдастырылды.
Көлік қауіпсіздігін арттырудың маңызды бағыты – «Defensive Driving» (қорғаныс жүргізу) курсы бойынша оқыту болды. Оқудан ЕТҰ мен мердігер ұйымдардың 5 943 қызметкері өтті, оның ішінде RoSPA халықаралық стандарттары бойынша оқыту да қамтылды.
Аталған шаралар көлік құралдарын пайдалану кезіндегі тәуекелдерді азайтуға, персоналдың хабардарлығын арттыруға және көлік қауіпсіздігін басқаруда озық технологияларды енгізуге ықпал етеді.