«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ-НЫҢ
2024 ЖЫЛДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ

GRI 403-6GRI 403-8GRI 403-10

ҚМГ қызметкерлердің денсаулығын қорғау мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық стандарттарға сәйкес басқарады. Компания қызметкерлердің денсаулығын қорғау, кәсіби аурулардың алдын алу және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша кешенді шараларды жүзеге асырады.

Персоналдың денсаулығын басқару бағдарламасы

«Персоналдың денсаулығын басқару» стратегиялық бастамасы аясында қызметкерлердің денсаулығын басқару бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама келесі бағыттарға негізделген:

  • Өндірістік нысандардағы медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру;
  • Қызметкерлерді салауатты өмір салтына ынталандыру;
  • Қызметкерлердің еңбек және демалыс жағдайларын жақсарту.

ҚМГ компаниялар тобы қызметкерлерін сауықтыру бағдарламасы бойынша 2025–2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Оның негізгі бағыттары:

  • кәсіби аурулар мен тәуекел факторларының алдын алу, қызметкерлердің денсаулық жағдайын мониторингтеу;
  • кешенді сауықтыру шаралары;
  • еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған іс-шаралар;
  • санитарлық-ағартушылық жұмыс.

2024 жылы ҚМГ Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және салалық қауымдастықтармен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізіп, нормативтік талаптарды жетілдіру мәселелерін талқылады.

2024 жылғы 1 қарашада «Денсаулыққа қамқорлық: мұнай-газ саласындағы санитарлық бақылау және медициналық қамтамасыз ету» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Семинарға еншілес ұйымдар мен медициналық мекемелердің мамандары қатысты.

15 126 қызметкер алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары бойынша оқытудан өтті.

Өндірістік санитария аудиттері

2024 жылы еңбек гигиенасы мен өндірістік санитария талаптарының сақталуына 26 еншілес ұйым бойынша аудиттер жүргізілді. Аудит нәтижесінде 168 сәйкессіздік анықталып, олардың 42-сі (25 %) жойылды, ал 92-сі (55 %) жою сатысында. Аудиттер медициналық қызметтердің сапасына бақылауды күшейтуге және денсаулықты қорғау стандарттарын енгізуді жеделдетуге ықпал етті.

Медициналық оқу дабылдары (МОД)

Қызметкерлердің алғашқы медициналық көмек көрсету дайындығын арттыру мақсатында 91 медициналық оқу дабылы өткізілді. Жаттығуларға биіктіктен құлау, есінен тану, улану және жүрек тоқтауы жағдайларындағы көмек көрсету сценарийлері кірді. Оқу барысында апаттық-құтқару қызметтері мен жедел жәрдем бригадалары тартылды.

Медициналық қарап-тексеру электронды жүйесі (МҚТЭЖ)

2021 жылдан бастап ҚМГ-нің еншілес ұйымдарында қызметкерлер денсаулығын бақылау процесін автоматтандыратын Медициналық қарап-тексеру электронды жүйесі (МҚТЭЖ) кезең-кезеңімен енгізілуде. 2024 жылы ҚТО, АМӨЗ, ПМХЗ, ПКОП, ҚазГӨЗ, Caspi Bitum, МЭМ, ЕМГ, ҚБМ, ҚГМ, ММГ, ҚТМ және ҚОА секілді құрылымдық бөлімшелерде 64 бірлік МҚТЭЖ орнатылды.

МҚТЭЖ жүйесінің артықшылықтары:

  • Ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі медициналық қарап-тексерулердің сапалы өткізілуі;
  • Адам факторын және жалған деректерді болдырмау;
  • Медициналық тексеру уақытының қысқаруы;
  • Фото және бейнежазбамен электрондық журналдарды жүргізу.

Өндірістік факторларды бақылау және аурулардың алдын алу

ҚМГ зиянды өндірістік факторлардың (шу, діріл, микроклимат, аэрозольдер және т.б.) және олардың қызметкерлер денсаулығына әсерінің тұрақты мониторингін жүргізеді. 2024 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес Өндірістік санитариялық бақылаудың Бірыңғай үлгілік бағдарламасы бекітілді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша:

  • Кәсіби ауру жағдайлары тіркелмеген.
  • Қызметкерлер денсаулығына, сондай-ақ тұтынушылардың қауіпсіздігіне өнім мен қызметтердің әсері саласында сәйкессіздік жағдайлары тіркелмеген.

2025 жылға арналған жоспарлар:

  • ҚМГ қызметкерлерін сауықтыру бағдарламасын бекіту.
  • ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен радиациялық қауіпсіздік саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою.
  • Еншілес ұйымдарда медициналық оқу дабылдарын (МОД) өткізу.
  • «Ембімұнайгаз» АҚ-да электрондық құрылғылар арқылы қызметкерлер денсаулығын бақылау бойынша пилоттық жобаны іске асыру.

Аталған бастамаларды енгізу ҚМГ компаниялар тобында қызметкерлердің денсаулығын қорғау жүйесін одан әрі дамытуға және медициналық қызмет көрсету тиімділігін арттыруға ықпал етеді.