Жоспарланып отырған шаруашылық қызметке экологиялық баға беру
ҚМГ шаруашылық қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалауға кешенді тәсілді қолдана отырып, ықтимал экологиялық тәуекелдерді анықтауды, талдауды және барынша азайтуды қамтамасыз етеді. Осы саясат аясында барлық жаңа жобалар бойынша экологиялық сараптама жүргізіледі, бұл ретте қоғамдық пікір ескеріліп, экожүйелерге ықтимал әсерге баға беріледі.
Экологиялық бағалау рәсімі және қоғамның қатысуы
Экологиялық бағалау жоспарланып отырған жобалардың қоршаған ортаға әсерін талдауды қамтиды және ықтимал теріс салдардың алдын алуға мүмкіндік береді. Қоғамдық пікірді ескеру осы үдерістің маңызды бөлігі болып табылады және мынадай жолдармен жүзеге асырылады:
- мүдделі тараптармен бейресми кездесулер мен талқылаулар өткізу;
- қоғам тарапынан жазбаша және ауызша ұсыныстарды жинау;
- ашық жиналыстар мен қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыру.
Барлық маңызды жобалар қоғамдық тыңдауға шығарылады, оған үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар, жұртшылық өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысады. Тыңдаулар ашық форматта өткізіледі, олардың нәтижелері хатталып, көпшілікке қолжетімді түрде жарияланады.
2024 жылы ҚМГ 18 қоғамдық кездесу және 100 қоғамдық тыңдау өткізді.


Практикалық мысалдар
2024 жылғы 23 қазанда «Ембімұнайгаз» АҚ жұртшылық өкілдерінің сұрауы бойынша «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының өндірістік нысандарына экскурсия ұйымдастырды. Іс-шара барысында қатысушылар қоршаған ортаны қорғау және кәсіпорын қызметінің басқа да аспектілері бойынша сұрақтарына жауап алды.
- 2024 жылғы 8 тамызда Атырау мұнай өңдеу зауытында Қоғамдық экологиялық кеңестің отырысы өтті. Қатысушыларға кәсіпорынның қоршаған ортаға әсерін азайту жөніндегі жоспарлар таныстырылды, оның ішінде ағынды суларды тазарту және толықтырушы суды дайындауға арналған кешенді қондырғы салу жобасы. Аталған жобаны іске асыру мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:
- Жайық өзенінен су алу көлемін 50 %-ға дейін азайту;
- ағынды суларды қайта пайдалану арқылы олардың төгінді көлемін 70 %-ға дейін төмендету.
Сұрақ-жауап сессиясы барысында негізгі экологиялық мәселелер талқыланды, оның ішінде Атырау қаласындағы КОС-қа ағынды суларды ағызуға рұқсат беру және зауыттың санитарлық-қорғау аймағын кеңейту.
- Осы күні АМӨЗ-де Қазақстан мұнайының 125 жылдығына арналған ашық есік күні өтті. Іс-шараға экоактивистер, мемлекеттік органдардың, жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар зауыттың экологиялық бастамаларымен танысты, оның ішінде каталитикалық риформинг қондырғысының түтін мұржасына орнатылған эмиссиялардың автоматтандырылған бақылау жүйесінің (АБЖ) іске қосылуы және реконструкциядан өткен механикалық тазарту құрылыстары (МТҚ) алаңын аралау болды.
2024 жылғы корпоративтік стандарттарды жаңарту
2024 жылы ҚМГ шаруашылық қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалаудың бірыңғай корпоративтік қағидаттарын айқындайтын Экологиялық бағалау жөніндегі Корпоративтік стандартты өзектендірді.
Аталған стандарт мыналарды реттейді:
- ҚМГ компаниялар тобы қызметкерлері мен мердігерлерінің қызметін;
- қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) материалдары мен техникалық құжаттаманы әзірлеумен айналысатын жобалық ұйымдардың жұмысын;
- қоғамдық талқылауларды ұйымдастыру және азаматтардың пікірін ескеру тәртібін;
- экологиялық рұқсаттарды алу рәсімдерін.
Бұл стандартты жаңарту ҚМГ-нің барлық жобаларының экологиялық қауіпсіздігін арттыруға және табиғатты қорғау нормаларының сақталуына корпоративтік бақылауды күшейтуге бағытталған.