«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ-НЫҢ
2024 ЖЫЛДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ

Басқарма төрағасының үндеуі

Құрметті әріптестер, серіктестер және акционерлер!

2024 жыл «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының даму стратегиясын іске асырудағы маңызды кезең болды. Біз ел экономикасының басты саласын жүйелі түрде дамытып, қоғам мен келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік қағидаттарына адалдығымызды сақтап келеміз. Біз үшін орнықты даму – жаңғыртуға, экологияға, қызметкерлердің әл-ауқатына және өңірлердің тұрақтылығына салынған нақты инвестициялар.

2024 жылы атқарған әрбір ісіміз экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан ұзақ мерзімді құндылықты қалыптастыруға бағытталды. Бұл есеп қоғам мүддесін және қоршаған ортаны қорғауды ескере отырып, инвестиция салуды көздейтін философиямыздың көрінісі.

Адамдар – стратегиямыздың өзегі

ҚМГ үшін тұрақтылық – ең алдымен, қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігі.

2024 жылы электрондық медициналық тексеру жүйесін кеңейттік: 63 жаңа модуль орнатылды, санитарлық бақылаудың үлгілік бағдарламасы мен Қызметкерлерді сауықтырудың 2025–2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.

Жастар саясаты – біздің стратегиялық басымдығымыз. Біз өңірлердегі жоғары оқу орындарымен ынтымақтасып, «Жас маман», «Стажер», дуалды оқыту және «KMGE School» сияқты бағдарламаларды жүзеге асырып, жаңа буын мамандарын даярлап жатырмыз.

36 мыңнан астам қызметкердің мүддесін білдіретін 35 кәсіподақпен диалог әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Барлық міндеттемелер орындалды, 2024 жылы әлеуметтік қолдауға 25 млрд теңге бөлінді.

ҚМГ өңірлерді дамытуға белсенді атсалысуда. Орал қаласында «Jaiyq Arena» спорт кешені, Атырауда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған қолдау орталығы, Қызылордада технопаркі бар Оқушылар сарайы салынды. Samruk-Kazyna Trust қоры арқылы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 10 млрд теңгеге дейін көмек көрсетілді.

Экология – тұрақты өсудің негізі

Экологиялық жауапкершілік – аса маңызды басымдық. 2024 жылы 1 099 мың тонна тарихи мұнай қалдығы кәдеге жаратылып, 172 га жер қалпына келтірілді. 2018 жылдан бері 4,5 млн тонна қалдық өңделді, атап айтқанда, «Қаражанбасмұнай» АҚ 2021 жылдан бері 518 мың тоннадан астам мұнай қалдығын кәдеге жаратып, өз келісімшарттық аумағындағы тарихи ластануды толықтай жойды.

Шикі газды тиімді пайдалану көрсеткіші 98,9 %-ға жетті. 2017 жылмен салыстырғанда факельдік жағу көлемі 89 %-ға азайды. Осы көрсеткіштерге жаңғырту, үздік технологияларды енгізу және қатаң бақылау нәтижесінде қол жеткізілді.

Су ресурстарын басқару мәселелерін шешу аясында Кендірліде теңіз суын тұщыту зауытының құрылысы жалғасуда (тәулігіне 50 мың м³), оны 2025 жылы іске қосу жоспарланған. «Қаражанбасмұнай» АҚ қуаты тәулігіне 42,5 мың м³ болатын қабат суын тұщыту зауытын іске қосты. 2022 жылмен салыстырғанда су алу көлемі 4,07 млн м³-ге қысқарды.

ҚМГ Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұлттық мақсатын қолдайды. Қазіргі уақытта Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт (энергия жинақтаушыларымен) ЖЭС-ті (ҚМГ үлесі – 20 %) егжей-тегжейлі жобалау басталды, сондай-ақ Маңғыстау облысында (Жаңаөзен қ.) ЖЭК-ті, сондай-ақ газдан электр энергиясының дәстүрлі өндірісін біріктірген гибридті электр станциясының (247 МВт) құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерін және көмірқышқыл газын ұстау технологияларын пайдалана отырып, төмен көміртекті сутек өндіру әлеуеті бағалануда. Батыс өңірлерде «жасыл» сутек өндіру мүмкіндіктерін талдау үшін Су ресурстарының цифрлық атласы әзірленді.

Еншілес және тәуелді ұйымдарымыз көміртегі ізі мен энергия тиімділігін арттыруға бағытталған Төмен көміртекті даму бағдарламасының іс-шаралар жоспарын орындау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Атқарылған жұмыстар экологиялық қауіпсіздікке қосқан үлес қана емес, сондай-ақ табиғатты тиімді қорғау саясатына үлгі бола алады.

Болашақ алдындағы жауапкершілік

Әлем өзгеруде және ҚМГ Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі ойыншы болып қала береді. Алайда, нағыз көшбасшылық өндіру көлемімен ғана емес, сондай-ақ қоғамға, табиғатқа және ел экономикасына қосқан құндылығымызбен де өлшенеді.

Орнықты технология мен экологияға, адамдар мен өңірлерге инвестиция сала отырып, қуатты әрі өркендеген Қазақстанның іргетасын қалап жатырмыз.

ҚМГ ұжымына, серіктестеріміз бен акционерлерімізге бірлесіп атқарған жұмысы үшін алғысымды білдіремін. Біз бірлесіп ертеңіміздің тұрақты энергетикасын қалыптастырудамыз.

Құрметпен,Асхат Хасенов
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ
Басқарма төрағасы