«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ-НЫҢ
2024 ЖЫЛДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ

GRI 2-23GRI 2-24GRI 406-1

ҚМГ-нің адам құқықтары саласындағы міндеттемелері

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ адам құқықтарын сақтау мен қорғаудың маңыздылығын толық түсіне отырып, өз қызметінде халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнама талаптарын басшылыққа алады. Компания құндылық құру тізбегінің барлық кезеңдерінде адам құқықтарын құрметтеуді қамтамасыз ету бойынша өзіне міндеттемелер жүктейді және осындай тәсілді серіктестерінен, жеткізушілерінен және мердігерлерінен де күтеді.

ҚМГ өз қызметін келесі халықаралық стандарттар мен құжаттарда баяндалған қағидаттарға негіздейді:

  • Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы;
  • Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт;
  • Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт;
  • БҰҰ-ның кәсіпкерлік қызмет және адам құқықтары саласындағы басшылық қағидаттары;
  • Халықаралық еңбек ұйымының еңбек саласындағы негізгі қағидаттары мен құқықтары туралы декларациясы;
  • БҰҰ-ның байырғы халықтардың құқықтары туралы декларациясы;
  • БҰҰ-ның қауіпсіздік және адам құқықтары жөніндегі ерікті қағидаттары;
  • БҰҰ-ның Жаһандық шарты.

Компания қауымдастықтарға бірігу еркіндігін, қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықты мойындайды, кемсітушілік пен қанау тәжірибесінің кез келген түрін қабылдамайды, сондай-ақ ҚМГ қызметі жүргізілетін өңірлерде жергілікті қауымдастықтардың мәдени ерекшеліктерін құрметтейді.

Бізде балалар еңбегі қолданылмайды, мәжбүрлі еңбекке жол берілмейді, қызметкерлердің нәсіліне, дініне немесе жынысына қарамастан олардың құқықтарының теңдігі мойындалады.

Есептік кезеңде кемсітушілік жағдайлары тіркелмеген.

Сонымен қатар, ҚМГ адам құқықтарының ықтимал бұзылуы туралы шағымдар мен хабарламаларды қабылдау үшін қолжетімді арналарының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, оған анонимді хабарлау механизмдері де кіреді.

Әралуандылық және инклюзивтілік

ҚМГ тең мүмкіндіктер, инклюзивтілік және кемсітушілік пен жаңсақ көзқарастардан ада еңбек ортасын құру қағидаттарын ұстанады. Компания персонал құрамының әртүрлілігі мен инклюзивті корпоративтік мәдениет тиімділік пен орнықты дамуға ықпал ететінін түсінеді.

Гендерлік теңдік

  • ҚМГ басқарудың барлық деңгейінде әйелдер мен ерлер үшін тең мүмкіндіктерді қолдайды. Компания әйелдердің қызметтің барлық аспектілеріне толыққанды қатысуына ұмтылады.
  • Бірдей көлемдегі еңбек үшін тең еңбекақы төлеуді қамтамасыз етеді.
  • Басқарушы лауазымдарда әйелдердің үлесін арттыруға бағытталған бастамаларды іске асырады, соның ішінде сабақтастық резервтеріндегі әйелдер үлесін көбейту арқылы.
  • Мұнай-газ саласындағы еңбектің ерекшеліктерін ескере отырып, өндірістегі әйелдердің денсаулығына қауіптерді азайтуға бағытталған шаралар қолданылады.

Жергілікті кадрлар мен әлеуметтік осал топтарды қолдау

  • ҚМГ өңірлік өкілдіктерде жергілікті мамандарды белсенді жұмысқа тартады және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасайды.
  • Мигранттар мен қандастарды (тарихи отанына оралған этникалық қазақтарды) жұмысқа орналастыруды қолдайды.

Мүгедектігі бар адамдар үшін инклюзивтілік

  • ҚМГ мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы еңбек жағдайларын жасауға ұмтылады.
  • Жұмыс орындарын бейімдеу, ассистивті технологиялар және қызметкерлердің мобильдігін арттыру мен қолайлы жағдай жасауға арналған өзге де құралдар туралы ақпарат беру қамтамасыз етіледі.

Инклюзивті корпоративтік мәдениетті қалыптастыру

  • ҚМГ-де әрбір қызметкер өзін қабылданған және құрметтелетін тұлға ретінде сезінетін жұмыс ортасы қалыптасқан.
  • Компания әртүрлілікке құрмет мәдениетін дамыту және кемсітушілікке жол бермеу бағытында ішкі білім беру бағдарламаларын дамытады.

ҚМГ үшін әралуандылық пен инклюзивтілік – бұл тек әлеуметтік жауапкершілік қана емес, сонымен қатар бәсекеге қабілеттілікті арттырып, тиімділік пен инновацияларға жол ашатын маңызды фактор.

Еңбек қауіпсіздігі және қызметкерлердің құқықтарын қорғау

ҚМГ барлық қызметкерлер үшін қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді. Бұл адам құқықтарын сақтау міндеттемесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Компанияда мынадай тетіктер енгізілген:

  • Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін еңбек қауіпсіздігі саласындағы саясаттар.
  • Қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты оқыту бағдарламалары.
  • Еңбек қауіпсіздігі нормаларының сақталуын бақылау және кәсіби тәуекелдерді азайту жүйелері.

Компания Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерлердің бірігу бостандығына және ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығына құрметпен қарайды.

Мәжбүрлі және балалар еңбегіне жол бермеу

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мәжбүрлі және балалар еңбегіне мүлдем төзбеушілік қағидатын қатаң ұстанады. Компания:

  • Халықаралық Еңбек Ұйымының № 29 «Мәжбүрлі еңбек туралы» конвенциясына сәйкес, жазалаумен қорқыту немесе қызметкердің еркін еркіне қарсы орындалатын кез келген еңбек түрлерін толығымен жояды.
  • Еңбек заңнамасының сақталуын Компания ішінде, сондай-ақ жеткізушілері мен мердігерлері арасында тұрақты түрде бақылап отырады.
  • Барлық қызметкерлердің еңбек шарты ерікті түрде жасалатынына және еңбек қатынастарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтату құқығына ие екеніне кепілдік береді.

Арыз-шағымдарды қарау және адам құқықтарының сақталуын бақылау

ҚМГ шағымдарды қараудың көпдеңгейлі жүйесін енгізді. Бұл жүйе мыналарды қамтиды:

  • Жедел желілер мен анонимді хабарлау тетіктері.
  • Шағымдарды бейтарап және әділ қарауды қамтамасыз ететін Омбудсмен институты мен комплаенс қызметі.

Адам құқықтары саласындағы саясатты іске асыру

Адам құқықтары саласындағы саясатты тиімді іске асыру үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ келесі шараларды қабылдайды:

Оқыту және хабардарлықты арттыру

  • ҚМГ қызметкерлерге адам құқықтарын сақтау мәселелері бойынша, соның ішінде әртүрлілік пен инклюзивтілік қағидаттары бойынша тұрақты негізде оқыту жүргізеді.
  • Қызметкерлер, жеткізушілер мен мердігерлер үшін хабардарлықты арттыру бастамалары іске асырылады.

Тәуекелдерді бағалау және басқару

ҚМГ адам құқықтарын бұзу тәуекелдеріне қатысты тұрақты талдау жүргізіп, тиісті әрекет ету бағдарламаларын әзірлейді. Адам құқықтарына қатысты тиісті зерделеу қағидатын қолданады.

Ашықтық және есептілік

  • ҚМГ адам құқықтары саласындағы саясаттың іске асырылуы туралы ақпаратты халықаралық стандарттарға сәйкес өздерінің бейқаржылық есептерінде ашып көрсетеді.
  • Адам құқықтарын сақтау бойынша қабылданған шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізіледі, бұзушылықтар анықталған жағдайда түзету әрекеттері енгізіледі.

Мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл

  • Компания адам құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, ҮЕҰ және халықаралық ұйымдармен белсенді өзара іс-қимыл жүргізеді.
  • Жобаларды іске асыру кезінде жергілікті қауымдастықтармен қоғамдық тыңдаулар мен консультациялар өткізіледі.

ҚМГ адам құқықтары саласындағы саясатты іске асыруды үздік халықаралық практикаларға сай үздіксіз жетілдіруді талап ететін динамикалық үдеріс ретінде қарастырады.