«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ-НЫҢ
2024 ЖЫЛДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ

GRI 203-1GRI 413-1

Жер қойнауын пайдалану шарттары мен кәсіпорынды дамытуға арналған кешенді жоспар шеңберінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аймақтық инфрақұрылымды дамытуға және мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетуге елеулі қаражат бөледі. ҚМГ-нің еншілес және тәуелді ұйымдары (ЕТҰ) өңірлік әлеуметтік бастамаларды қаржыландыруды әкімдіктермен жасалған келісімдер мен меморандумдар негізінде жүзеге асырады.

Өңірлерге бағытталған негізгі инвестициялар

  • «Өзенмұнайгаз» АҚ – Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысының Қарақия ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 1,7 млрд теңге бөлді.
  • «Ембімұнайгаз» АҚ – Атырау облысы Тандай ауылында 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға 617,7 млн теңге және көпфункционалды спорт алаңдарын салуға 168,8 млн теңге бөлді.
  • «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – өңірлік инфрақұрылымды дамыту үшін Маңғыстау облысы әкімдігіне 140 млн теңге бөлді.
  • «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС – Ақтөбе облысын дамытуға 168 млн теңге және облыстың әлеуметтік қорына 205,3 млн теңге аударды.
  • «Қазақтүрікмұнай» ЖШС – Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 285,7 млн теңге бөлді.
  • «Өріктау Оперейтинг» ЖШС – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 34,4 млн теңге бағыттады.
  • «Қазгермұнай» БК» ЖШС – Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына 375,58 млн теңге бөлді.

Іске асырылған жобалар

«Jaiyq Arena» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы (Орал қаласы)

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша ҚМГ Орал қаласында жаңа спорт кешенінің құрылысын аяқтады. Нысанның жалпы ауданы – 20 мың шаршы метрден астам, ауысымда қабылдау мүмкіндігі – 300 адам. Кешенде жүзу бассейні, жекпе-жек, фитнес, мини-футбол, волейбол және баскетбол залдары, сондай-ақ 1200 орындық жеңіл атлетика аренасы бар. Жобаның жалпы құны – 19,9 млрд теңге.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту және қолдау орталығы (Атырау облысы)

Заманауи орталық Жылыой ауданы әкімдігіне берілді. Мұнда логопедтер, дефектологтар, психологтар сынды 40 маман жұмыс істейді. 3–14 жас аралығындағы балаларға тегін көмек көрсетіледі. Күніне 180 балаға дейін қабылдай алады.

Оқушылар сарайы (Қызылорда қаласы)

Құрылысқа «СП «Қазгермұнай» ЖШС 2,4 млрд теңге бөлді. Заманауи білім беру кешені 350 балаға арналған және құрамында техноорталық, бағдарламалау, робототехника, экология зертханасы, телестудия мен шығармашылық сыныптар бар.

Іске асырылу сатысындағы жобалар

Маңғыстау облысындағы ауылдық тірек мектептерін дамыту

«Отпан» мемлекеттік жобасы аясында Маңғыстау облысындағы ауылдық тірек мектептерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы ҚМГ Таушық, Жетібай және Рахат ауылдарындағы мектептерде 50-ден астам оқу кабинетін жаңғыртты. Үш тірек мектепте STEM-зертханалар, арт- және телестудиялар, робототехника сыныптары құрылды. Бұл мектептерде 3,5 мыңнан астам бала білім алып жатыр, 380 мұғалім жұмыс істейді.

«Жарқын Болашақ» бағдарламасы

Маңғыстау облысындағы білім беру сапасын арттыру мақсатында ҚМГ гранттық қолдау бағдарламасын іске асыруда. 2024 жылы 1010 стипендиат еліміздің 10 өңіріндегі 62 оқу орнында білім алуда. Бағдарламаны қаржыландыруға 2,4 млрд теңге бөлінді.

Қайырымдылық бастамалар

  • «Қаражанбасмұнай» АҚ демеушілік аясында Қаражанбас кен орнында алғашқы мұнай бұрқағы атқылауының 50 жылдығына орай балалар ойын алаңын салуға 32 млн теңге бөлді.
  • Әлеуметтік жауапкершілік аясында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Шымкент қаласындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін «Шымкент – қайырымды қала» әлеуметтік даму корпоративтік қорына 180 млн теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті.
  • ҚМГ «Самұрық-Қазына» қорының қайырымдылық көмегінің бірыңғай операторы – «Samruk Kazyna Trust» корпоративтік қоры арқылы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 10 млрд теңгеге дейін көмек көрсетті.