«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ-НЫҢ
2024 ЖЫЛДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ

2024 жылы ҚМГ нысандарында өрт жағдайлары тіркелмеген, алайда 16 жану және 3 тлену оқиғасы тіркелді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, бұл оқиғалар жеке санат ретінде қарастырылады және ресми өрт статистикасына енгізілмейді.

Өртке қарсы қорғанысты күшейту мақсатында 2022–2024 жылдарға арналған Өрт қауіпсіздігі жөніндегі кешенді жоспар аясында, 2024 жылы ҚМГ ЕТҰ-да жоспарлы өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді. «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКК» ЖШС базасында «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдерінің қатысуымен бірлескен жаттығулар ұйымдастырылды.

ҚМГ корпоративтік орталығында қызметкерлерді эвакуациялау және шартты өрт кезінде іс-қимылдарды пысықтау бойынша екі өртке қарсы жаттығу өткізілді.

Жыл бойы ЕТҰ үшін өрт қауіпті, жылыту және мерекелік кезеңдерде өрт қауіпсіздігін күшейтуге арналған әдістемелік ұсынымдар дайындалып, жолданды, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

2025 жылға келесі бастамалар жоспарланған:

  • Өрт қауіпсіздігі жөніндегі кешенді жоспар шеңберіндегі ұзақмерзімді іс-шараларды аяқтау;
  • Компания нысандарында өрттің алдын алу және сөндіру бойынша ЕТҰ мен мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің дайындығын бағалау.

Аталған шараларды іске асыру жану жағдайларының туындау қаупін азайтуға және ҚМГ компаниялар тобының өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.