Басқарма төрағасының үндеуі

Құрметпен,Мағзұм Мырзағалиев
Басқарма Төрағасы

Құрметті оқырмандар!

Соңғы жылдары біз қаржылық, сондай-ақ өндірістік салада бізге әсер еткен бірқатар оқиғалармен бетпе-бет келдік. 2021 жылы COVID-19 пандемиясының салдарымен күресті жалғастыра отырып, өндірістің тоқтауына жол бермедік.

2022 жылдың басынан бастап Компания бірқатар елішілік және геосаяси сын-тегеуріндерге тап болды. Бұл оқиғалар Компанияның қызметіне, сондай-ақ, әлемдік энергия ресурстары нарығына да айтарлықтай әсерін тигізді.2

2021 жылы жаңа сын-тегеуріндерді ескере отырып, ҚМГ-нің онжылдық кезеңге арналған жаңа Даму стратегиясы бекітілді, стратегиялық мақсаттардың бірі ретінде «Тұрақты даму және өндірістің көміртегі сыйымдылығын үдемелі азайту» айқындалды. Сондай-ақ Компанияның көміртегі ізін азайту саласындағы негізгі тәсілдер мен шараларды жүйелеу мақсатында біз 2022-2031 жылдарға арналған төмен көміртекті дамыту бағдарламасын әзірледік.

Біз 2031 жылға қарай СО2 тікелей және жанама шығарындыларын 2019 жылғы деңгейден 15%-ға, өндірістің көміртегі мен энергия сыйымдылығын кемінде 10%-ға азайтуды, ҚМГ үлесіне жалпы қуаты кемінде 300 МВт ЖЭК жобаларын іске асыруды көздеп отырмыз.

Тұрақты даму көрсеткіштерін басқару жүйесін жетілдіру және негізгі ESG-тәуекелдерді ұғыну үшін біз ESG критерийлерін компания қызметіне интеграциялауды жалғастырдық. «Sustainalytics» халықаралық агенттігі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ орнықты даму саласындағы рейтингінің тәуекел көрсеткішін 34,5-тен 28,4 балға дейін жақсартты, бұл халықаралық мұнай-газ нарығындағы елеулі ESG тәуекелдерді басқарудағы ҚМГ-нің мықты позициясының айғағы.

Сыртқы сын-тегеуріндерге байланысты уақытында қабылданған 2020-2021 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы шаралар Компанияға қаржылық тұрақтылықты біртіндеп сақтауға және пандемияға дейінгі кезеңнің қаржылық көрсеткіштері деңгейіне оралуға мүмкіндік берді. Есепті кезеңде таза пайда 1 197 млрд теңге болды. Сонымен қатар, ҚМГ ең ірі салық төлеушілердің бірі бола отырып, 2021 жылы ел бюджетіне 787 млрд теңге салық және басқа да міндетті төлемдерді төледі.

ҚМГ-нің тағы бір басты міндеті отандық өндірушілерді қолдау және тауарлар мен қызметтерді сатып алуда жергілікті қамтуды ұлғайту болып табылады. Қазақстандық компаниялардан ҚМГ компаниялар тобы бойынша тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алудың жалпы көлемі 1 216 млрд теңгені құрады, сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 78% болды.

Өндірісте COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуын азайту және аурудың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда, компаниялар тобы бойынша эпидемияға қарсы іс-қимыл бойынша барлық қажетті ұйымдастыру іс-шаралары жүргізіліп жатыр және тиісті кешенді шаралар қабылдануда. Есепті жылдың соңындағы жағдай бойынша компаниялар тобы бойынша қызметкерлердің 76% вакцинацияланды.

Компания қызметінің маңызды басымдығы қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету. Компания өндірістегі қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету бойынша жұмысқа ерекше көңіл бөледі.

Есепті жылдың қорытындысы бойынша Компанияда өткен жылмен салыстырғанда еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың саны 7%-ға азайды. Өкінішке орай, адам өлімімен аяқталған бір жазатайым оқиға болғанын, Румыниядағы «Petromidia» МӨЗ-де болған өрттің салдарынан біздің 3 жұмыскеріміз қайтыс болғанын атап өткен жөн. Тергеу қорытындысы бойынша алда осындай оқиғаларға жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылданды, жұмыскерлердің қауіпсіздігін күшейту шаралары бойынша түзету іс-шараларының егжей-тегжейлі жоспары әзірленді.

Дағдарыстың әсеріне қарамастан, біз өндірістік жұмыскерлер үшін барлық жұмыс орындарын сақтап қалдық және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз.

Ішкі әлеуметтік бағдарланған бағдарламаларды іске асыру біз үшін аса маңызды. Оларды ілгерілетуде, бірінші кезекте, Компания жұмысткерлері үшін қолайлы жағдайлар жасауға баса назар аударылады. Бұл материалдық ынталандыру, кәсіби өсуді бекіту және арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары. ҚМГ өз жұмыскерлеріне кепілдендірілген әлеуметтік пакетті ұсынады. ҚМГ кәсіпорындарының ұжымдық шарттарында жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ жұмыс істемейтін зейнеткерлер үшін отыз бестен астам әлеуметтік қолдау түрі көзделген.

Әлеуметтік шиеленістің алдын алу, еңбек даулары мен жанжалдардың туындауы мәселелері ерекше назарда. Компанияның кәсіподақтармен өзара іс-қимылы әлеуметтік серіктестік аясында жүзеге асырылады. ҚМГ тобында жергілікті кәсіподақтарды есептегенде ҚМГ қызметкерлерінің мүдделерін қорғайтын 28 кәсіподақ комитеті жұмыс істейді. Барлық ҚМГ компаниялар тобында келісім комиссиялары құрылып, жұмыс істеп жатыр. ҚМГ-нің барлық өндірістік кәсіпорындарында әрбір жұмыскердің кәсіпорын басшылығына сұрақтармен жүгіну және уақтылы жауап алу мүмкіндігі регламенттелген, жылына екі рет жүйелі түрде бірінші басшылардың еңбек ұжымдарымен есеп беру кездесулері, басшылардың кәсіподақтармен кездесулері өткізіліп отырады.

ҚМГ өз қызметін жүзеге асыратын өңірлерде жыл сайын жергілікті даму бастамаларына қолдау көрсетіп отырады. 2021 жылы өңірлердегі әлеуметтік жобаларды, соның ішінде Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспары аясындағы жобаларды қаржыландыру үшін
5 миллиардтан астам теңге бөлінді.

Жұмыскерлердің құқықтарын мүлтіксіз сақтау, қызметкерлердің еңбек жағдайларын үнемі жақсарту, сатып алу рәсімдерінің ашықтығы, өнеркәсіптік қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қойылатын жоғары талаптар және корпоративтік басқаруды жетілдіру мәселелері біз үшін дамудың басты басымдықтары болып қала береді. «Жаңа Қазақстанды» таңдай отырып, біз осы мәселелерді басқаруда жаңа стандарттар мен тәсілдерді таңдаймыз.

2 Елішілік және геосаяси сын-тегеуріндер: 2022 жылғы қаңтардың басындағы ҚР-дағы төтенше жағдай және 2022 жылғы ақпандағы РФ мен Украина арасындағы қақтығыс, сондай-ақ көптеген батыс елдері тарапынан РФ-ға қарсы кейінгі көптеген санкциялар.

Компания осы оқиғаларды есепті кезеңнен кейінгі түзетілмейтін оқиғалар ретінде бағалайды, олардың сандық әсерін ағымдағы сәтте жеткілікті дәрежеде сенімділікпен бағалау мүмкін емес. Қазіргі уақытта ҚМГ басшылығы өзгеріп отырған микро- және макроэкономикалық жағдайлардың Компанияның қаржылық жағдайына және орнықты даму саласындағы қызметінің нәтижелеріне ықтимал әсеріне талдау жүргізіп жатыр.