Директорлар кеңесі төрағасының үндеуі

Құрметпен,Кристофер Джон Уолтон
Директорлар кеңесінің Төрағасы

Құрметті оқырмандар!

Сіздердің назарларыңызға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың 2021 жылғы орнықты дамуы туралы есебін ұсынамын.

Есепті кезеңді қорытындылай келе, Компанияның орнықты дамуына байланысты жылдың негізгі жетістіктері мен өзгерістерін атап өткім келеді.

ҚМГ жаңа стратегиясы

2021 жылы біз ҚМГ-нің онжылдық кезеңге арналған жаңа даму стратегиясын бекіттік.

Компанияның Пайымы мен Миссиясы біздің орнықты даму қағидаттарына бейілділігіміз бен болашақ ұрпаққа деген қамқорлық туралы мәлімдемені қамтиды, ал төрт стратегиялық мақсат орнықты даму басымдықтарының призмасы арқылы құрылған.

 «Тұрақты даму және өндірістің көміртекті сыйымдылығын үдемелі азайту» деген стратегиялық мақсаттарымыздың бірі орнықты даму жүйесін жетілдіруді көздейді, бұл Компанияның негізгі бизнес-процестеріне ESG қағидаттарын интеграциялауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Төмен көміртекті даму

Компанияның Даму стратегиясын іске асыруды қолдау, сондай-ақ климаттық күн тәртібінің маңыздылығын ұғына отырып, біз ҚМГ-нің 2022-2031 жылдарға арналған төмен көміртекті даму бағдарламасын әзірлеп, бекіттік. Компания өндірістің энергия сыйымдылығын және көміртегі сыйымдылығын азайту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы 2019 жылғы шығарындылар деңгейінен 2031 жылға қарай көмірқышқыл газы шығарындыларын 15%-ға азайтуға қол жеткізуді көздеп отыр. Аталған жұмысты жүйелеу үшін Компанияда Төмен көміртекті даму департаменті құрылды.

Экология жылы

Жаңа экологиялық талаптар мен жаһандық үрдістерге сәйкес шаралар қабылдау мақсатында 2021 жыл Экология жылы болып жарияланды. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар іс-шаралар іске асырылды. Жаңа экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес ҚМГ-нің экологиялық саясаты жаңартылды, Компанияның табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі шараларды сақтау бойынша міндеттемелері күшейтілді. Суды тазарту және тұщыландыру бойынша бірнеше ауқымды жобалар іске асырылып жатыр.

ESG рейтингі

2021 жылы біз «Sustainalytics» халықаралық рейтингтік агенттігі тарапынан орнықты даму саласындағы күш-жігеріміздің лайықты бағасын алдық. Компанияның рейтингі 72 балға дейін жақсарды, тәуекел-рейтингі жоғары 34,5 балдан орташа 28,4 балға дейін төмендеді.

Компания ESG-рейтингін алу бойынша Қордың портфельдік компаниялары арасында пионер болып табылады. Біздің мақсатымыз – осы көрсеткіш бойынша қол жеткізілген жоғары нәтижелілікті сақтау.

ҚМГ-нің ОДМ қол жеткізудегі үлесі

Біз БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының (ОДМ) халықаралық бастамасын қолдаймыз. Компания өзінің бизнес-процестеріне ҚМГ үшін басым болып табылады алты ОДМ-ны интеграциялады. Біздің ОДМ-ға қол жеткізуге қосқан үлесіміз бойынша бастамаларымыз бен жұмыс нәтижелеріміз корпоративтік сайтта жарияланған.

Корпоративтік басқару

Корпоративтік басқаруды тәуелсіз диагностикалау нәтижелері бойынша ҚМГ корпоративтік басқару рейтингі ВВ-дан ВВВ бағасына дейін көтерілді. Аудиторлар Компания жұмысындағы «Директорлар кеңесі мен атқарушы органның тиімділігі», «Тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және аудит», «Тұрақты даму» және «Ашықтық» компоненттері бойынша оң өзгерістерді атап өтті.

Директорлар кеңесінің жанындағы Еңбек қауіпсіздігі, еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму жөніндегі комитеттің жұмысы аясында 2021 жылы бес отырыс өткізіліп, орнықты дамуға байланысты 52 мәселе қаралды.

Адами капиталды дамыту және әлеуметтік жауапкершілік

Компанияның қызметкерлердің құқықтары саласындағы басқару жүйесін кешенді жақсарту және олардың денсаулығын қорғау жөніндегі шараларды күшейту мақсатында біз «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың Адам құқықтары және қоғаммен қатынастар саласындағы саясатын, сондай-ақ Персоналдың денсаулығын басқару жөніндегі бағдарламаны әзірледік.

Цифрлық трансформациялау аясында ҚМГ тобы персоналын кәсіпорындар қызметін үздіксіз жақсартуға тарту, ұқыпты өндіріс мәдениетін қалыптастыру, цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша бірнеше жоба табысты іске асырылып келеді. Мысалы, Lean 6 Sigma бағдарламасы өндіруші компаниялардың қызметкерлерін жобалық басқару бойынша сертификаттаудан басқа, оларды экономикалық нәтиже алып, үлкен инвестицияларды қажет етпейтін қарапайым жақсартуларды үнемі іздеуге және енгізуге ынталандырады. 2021 жылы мұнай өндіруде 13 LSS жобасы іске асырылды. Бұған дейін LSS әдістемесі мұнай өңдеу зауыттарында сәтті енгізілді. Бағдарлама аясында 2016 жылдан бастап МӨЗ-де барлығы 156 жоба іске асырылды.

Атырау мұнай өңдеу және Павлодар мұнай-химия зауыттарында, сондай-ақ «ПетроҚазақстан Ойл Продактста» МӨЗ операторларының ұқсас жағдайларда авариялық және штаттық жағдайларды пысықтауы үшін компьютерлік тренажер кешендері (КТК) енгізіліп жатыр, бұл адами факторға байланысты нақты өндірістегі іркілістерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.

«Qazaqstan Project Management Awards» ұлттық байқауының қорытындысы бойынша Lean 6 Sigma жобасы «Мұнай өңдеу және мұнай-химия» бизнес бағытында 2021 жылғы Қазақстандағы ең үздік жоба болып танылды, ал КТК енгізу жобасы 3-ші орынға ие болды.

Жобаларды басқару

Біз орнықты даму қағидаттарын қолдануды ескере отырып, жобаларды басқару процестеріндегі маңызды өзгерістерді бастадық. ESG-критерийлері бойынша жобаларды бағалауды қолдана отырып, корпоративтік құжаттарды жаңарттық, қызметкерлерді GPM P5 (Green Project Management) стандарты бойынша жобалар мен тәуекелдерді бағалаудың практикалық құралдарын қолдану бойынша оқыттық. Жобаларды бағалау процесін қайта құру арқылы біз барлық ESG-тәуекелдерді ескере отырып, инвестициялық жобалар бойынша шешім қабылдауға тырысамыз.

Қорытындылай келе, біздің барлық стейкхолдерлерімізге, атап айтқанда, осынау қиын кезеңде бізбен бірге жұмыс істеген серіктестерімізге алғыс айтқым келеді. Тұрақты даму жолында ниеттестеріміздің барын жоғары бағалаймыз.