ҚМГ 2024 жылға арналған Тұрақты даму туралы есебін жариялады
30.05.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ (ҚМГ) жыл сайын Тұрақты даму туралы есебін жариялайды. Бұл есеп Компанияның БҰҰ-ның Ғаламдық келісімінің қағидаттарын іске асырудағы және Тұрақты даму бойынша жаһандық мақсаттарға қол жеткізудегі жетістіктері туралы барлық мүдделі тараптарға арналған есебі болып табылады.
Осы жылдың мамыр айында ҚМГ Директорлар кеңесі 2024 жылға арналған Тұрақты даму туралы тексерілген есепті бекітті. Есеп 2021 жылғы GRI стандарттарына (GRI Standards 2021) сәйкес дайындалған. Бұл стандарттар Компанияның экономикаға, қоршаған ортаға және қоғамға әсері туралы ақпаратты ашу талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді. Есеп GRI-дің мазмұн индексі қызметі (Content Index – Advanced Service) арқылы ақпарат ашу дұрыстығына тексеруден өтті. Мүдделі тараптардың есепке деген сенімін арттыру мақсатында есеп аудиттік компания арқылы тәуелсіз тексеруден өтті.
Есептің «БОЛАШАҚҚА ИНВЕСТИЦИЯ» тұжырымдамасы Компанияның еліміздің энергетикалық секторының тұрақты дамуына басшылық ету арқылы ұзақ мерзімді өсімді қамтамасыз ету және заманауи сын-қатерлерге бейімделу стратегиясын көрсетеді. Есепте 2022–2024 жылдар аралығындағы экономикалық, экологиялық және әлеуметтік нәтижелердің негізгі көрсеткіштері жарияланған, сондай-ақ келесі маңызды аспектілер қамтылған: атмосфералық ауа мен су ресурстарын қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау, қоршаған ортаны сақтау, кадрларды дамыту және жергілікті қауымдастықтармен өзара іс-қимыл.
Тұрақты даму туралы есеп бойынша жыл сайын кері байланыс жинау және мүдделі тараптардың пікірлерін ескеру Есептің мазмұны мен құрылымын жақсартуға, сондай-ақ хабардар болу деңгейін арттыруға маңызды үлес қосады. Бұл тәжірибе Компанияға түрлі топтардың күтулеріне жақсырақ сәйкес келуге және қызметкерлер мен басқа да мүдделі тараптардың Компанияның тұрақты дамуы мәселелеріне қатысты хабардарлығын арттыруға мүмкіндік береді.
Тұрақты даму туралы есеппен және Жылдық есеппен келесі сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.kmg.kz/investors/reporting/