2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қаржылық нәтижелері
23.08.2024
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ (бұдан әрі – «ҚМГ», «Компания»), Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясы тәуелсіз аудитордың аралық қаржылық ақпаратын шолып тексерудің нәтижелері есебімен, 2024 жылғы 30 маусымда аяқталған үш және алты айдағы 34 «Аралық қаржылық есептілік» халықаралық қаржылық есептіліктің стандарттарына (ХҚЕС) сәйкес дайындалған қысқартылған аралық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жариялады.
2023 жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы негізгі қаржылық көрсеткіштер:[1]
- Түсім 3 943 млрд теңгемен (8 727 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 4 239 млрд теңгеге (9 440 млн АҚШ доллары) жетті;
- EBITDA көрсеткіші 1 115 млрд теңгемен (2 469 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 977 млрд теңгені (2 175 млн АҚШ доллары) құрады;
- Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлесті қоса алғанда, компанияның таза пайдасы 488 млрд теңгемен (1 081 млн АҚШ долларымен) салыстырғанда 550 млрд теңгені (1 224 млн АҚШ долларын) құрады.
- Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлесіне түзетілген таза пайда[2] 263 млрд теңгемен (583 млн АҚШ долларымен) салыстырғанда 591 млрд теңгені (1 316 млн АҚШ доллары) құрады;
- Бос ақша ағымы 217 млрд теңгемен (480 млн АҚШ долларымен) салыстырғанда, 604 млрд теңгені (1 345 млн АҚШ долларын) құрады;
- 2024 жылғы 30 маусымдағы жалпы қарыз 2023 жылғы 31 желтоқсандағы 3 757 млрд теңге (8 265 млн АҚШ доллары) мөлшеріндегі көрсеткішпен салыстырғанда, 4 009 млрд теңгені (8 502 млн АҚШ долларын) құрады;
- 2024 жылғы 30 маусымдағы Компанияның таза қарызы 2023 жылғы 31 желтоқсандағы 1 645 млрд теңге (3 620 млн АҚШ доллары) деңгейіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 1 573 млрд теңгені (3 337 млн АҚШ долларын) құрады.
| Көрсеткіштің атауы | Өлшем бірлігі | 6 Ай 2024 | 6 Ай 2023 | % |
|---|---|---|---|---|
| Мұнай, Dated Brent[3] | $/барр | 84,06 | 79,66 | 5,5% |
| Мұнай, Dated Urals3 | $/барр | 72,52 | 53,86 | 34,6% |
| Мұнай, KEBCO3 | $/барр | 84,40 | 77,74 | 8,6% |
| Орташа бағам | теңге/АҚШ доллары | 449,09 | 451,80 | -0,6% |
| Түсім | млрд теңге | 4 239 | 3 943 | 7,5% |
| Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес | млрд теңге | 268 | 400 | -32,9% |
| Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд | млрд теңге | 310 | 174 | 77,4% |
| Таза пайда | млрд теңге | 550 | 488 | 12,5% |
| Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардағы үлеске түзетілген таза пайда | млрд теңге | 591 | 263 | 124,5% |
| EBITDA[4] | млрд теңге | 977 | 1 115 | -12,4% |
| EBITDA түзетілген көрсеткіші[5] | млрд теңге | 1 018 | 890 | 14,4% |
| Күрделі шығындар (есептеу әдісі бойынша) | млрд теңге | 282 | 301 | -6,6% |
| Күрделі шығындар (кассалық әдіс бойынша) | млрд теңге | 270 | 354 | -23,9% |
| Бос ақша ағымы[6] | млрд теңге | 604 | 217 | 178,7% |
| Жалпы қарыз[7] | млрд теңге | 4 009 | 3 757[8] | 6,7% |
| Таза қарыз[9] | млрд теңге | 1 573 | 1 6458 | -4,4% |
2023 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы негізгі өндірістік көрсеткіштер: [10]
- Мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 1,1 %-ға артып, 11 989 мың тоннаны құрады;
- Мұнай тасымалдау көлемі 6,2%-ға ұлғайып, 41 733 мың тоннаға жетті;
- Қазақстандық және румын мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын (КСШ) өңдеу көлемі 10 109 мың тоннамен салыстырғанда 8 902 мың тоннаны құрады.
| 6 Ай 2024 (ҚМГ үлесіне) | 6 Ай 2023 (ҚМГ үлесіне) | % | |
|---|---|---|---|
| Мұнай өндіру, мың тонна | 11 989 | 11 860 | +1,1% |
| Газ өндіру, млн м³ | 4 840 | 4 789 | +1,1% |
| Мұнай тасымалдау, мың тонна | 41 733 | 39 309 | +6,2% |
| Көмірсутек шикізатын өңдеу, мың тонна | 8 902 | 10 109 | -11,9% |
2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қаржылық нәтижелерге шолу
Түсім
Түсім 4 239 млрд теңгені (9 440 млн АҚШ доллары) құрап, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының көрсеткішінен 7,5%-ға жоғары болды, бұл негізінен KMG International мұнайын сату көлемінің ұлғаюына, сондай-ақ Brent маркалы мұнайының орташа бағасының 5,5%-ға өсуіне байланысты.
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес негізінен Сағалық қысымды басқару жобасының/ Болашақ кеңейту жобасының объектілерін пайдалануға беру есебінен амортизация бойынша шығыс мөлшерінің ұлғаюы нәтижесінде «Теңізшевройл» ЖШС-нен түсетін пайданың 121,7 млрд теңгеге (267 млн АҚШ доллары) азаюына байланысты 32,9%-ға төмендеп, 268 млрд теңгені (597 млн АҚШ доллары) құрады.
EBITDA
EBITDA көрсеткіші 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 977 млрд теңгені (2 175 млн АҚШ долларын) құрап, 1 115 млрд теңгемен (2 469 млн АҚШ долларымен) салыстырғанда 12,4%-ға азайды. Бұның басты себебі – Петромидия зауытында (Румыния) жеңіл гидрокрекинг қондырғысын кеш іске қосу және бұл кәсіпорынды биыл наурыз айында жоспарлы күрделі жөндеуге тоқтату салдарынан «Өңдеу» сегменті бойынша 17,2%-ға төмендеуі.
EBITDA түзетілген көрсеткіші
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлестің орнына бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд мөлшерін көрсететін EBITDA түзетілген көрсеткіші 14,4%-ға артып, 1 018 млрд теңгеге (2 267 млн АҚШ доллары) жетті.
Таза пайда
Компанияның таза пайдасы 2023 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 12,5%-ға артып, 550 млрд теңгені (1 224 млн АҚШ долларын) құрады. Таза пайда негізінен түсімнің ұлғаюына және уақытша бос ақшаны орналастыру кезінде пайыздық кірістің артуына байланысты өсті.
Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардағы үлеске түзетілген таза пайда
Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындардағы және қауымдасқан компаниялардағы үлеске түзетілген таза пайда 124,5%-ға, яғни 263 млрд теңгеден (583 млн АҚШ доллары) 591 млрд теңгеге (1 316 млн АҚШ доллары) артты.
Өзіндік құн
Есепті кезеңде мұнай, газ, мұнай өнімдерін және басқа да материалдарды сатып алудың өзіндік құны 2 340 млрд теңгеге (5 211 млн АҚШ долларына) жетіп, 8,2%-ға ұлғайды. Өзіндік құнның ұлғаюы негізінен қайта сату үшін мұнай сатып алу көлемінің ұлғаюына, сондай-ақ мұнайдың орташа бағасының өсуіне байланысты.
Операциялық шығыстар
Өндірістік шығыстар 8,2%-ға өсіп, 639 млрд теңгені (1 423 млн АҚШ доллары) құрады. Бұған негізінен ҚМГ қызметін жүргізетін өңірлерде өндірістегі қызметкерлердің жалақысы бойынша шығыстарды индекстеу, сондай-ақ тасымалдау тарифтері мен көлемінің ұлғаюына байланысты көлік шығыстарының ұлғаюы себеп болды.
Есепті кезеңде тасымалдау және сату шығыны 132 млрд теңгені (293 млн АҚШ доллары) құрады, бұл 2023 жылдың бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштен 10,1%-ға жоғары. Өсім KMG International мұнайын өткізу көлемінің ұлғаюына, сондай-ақ тасымалдау тарифтері мен көлемінің ұлғаюына байланысты көлік шығыстарының ұлғаюымен түсіндіріледі.
Жалпы және әкімшілік шығыстар 117 млрд теңгені (262 млн АҚШ доллары) құрап, 62,7%-ға артты. Өсім «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес ұйымы «QazaqGaz» ҰК АҚ-ның «ҚазРосГаз» ЖШС-дегі 50% қатысу үлесін сенімгерлік басқару қызметі үшін 20,95 млрд теңге мөлшерінде, сондай-ақ сәуір айында Samruk-Kazyna Trust арқылы су тасқынынан зардап шеккендерге 10,0 млрд теңге мөлшерінде демеушілік көмек көрсетуге байланысты сыйақы есептеумен байланысты- 2024 жылғы мамыр.
Табыс салығынан басқа, салықтар негізінен акцизге, пайдалы қазбаларды өндіру салығына, сондай-ақ мұнай бағасының өсуі себебінен шикі мұнай экспортына рента салығына жұмсалатын шығынның өсуіне байланысты 7,1%-ға артып, 302 млрд теңгені (673 млн АҚШ доллары) құрады.
Күрделі шығындар
Есептеу әдісі бойынша күрделі шығындар («Сегмент бойынша есептілік» ескертпесінде ашып көрсетілген) 282 млрд теңгені (627 млн АҚШ доллары) құрап, «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбырын реконструкциялау мен кеңейту жобасының аяқталуына және «Жеңіс» жобасында барлау ұңғымасын бұрғылаудың аяқталуына байланысты 6,6%-ға төмендеді.
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд мөлшері 174 млрд теңгемен (386 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 310 млрд теңгеге (689 млн. АҚШ доллары) жетті. Сомадан ауытқу негізінен «Теңізшевройл» ЖШС тарапынан есепті кезеңде және былтыр дивидендтерді әртүрлі кезеңдерде төленуімен түсіндіріледі. Бұл көрсеткіштің өсуіне «Теңізшевройл» ЖШС тарапынан 68 млрд теңгеге (153 млн АҚШ доллары), «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-дан 42,7 млрд теңгеге (95 млн АҚШ доллары) дивиденд төленгені, сондай-ақ «ҚазРосГаз» ЖШС тарапынан 21,0 млрд теңге (47 млн. АҚШ доллары) дивиденд төленгені себеп болды.
Бос ақша ағымы
Бос ақша ағымы өткен ұқсас кезеңмен салыстырғанда 178,7%-ға артып, 604 млрд теңгеге (1 345 млн АҚШ доллары) жетті. Бұл көрсеткіш бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд мөлшерінің ұлғаюына, сондай-ақ күрделі шығындардың төмендеуіне байланысты өсті.
Қарызды басқару
Борыштық жүктеменің көрсеткіштері
| Көрсеткіштің атауы | Өлшем бірлігі | 2024 жылғы 30 маусым | 2023 жылғы 31 желтоқсан | % |
|---|---|---|---|---|
| Облигация | млрд теңге | 3 372 | 3 046 | 10,7% |
| Қарыз | млрд теңге | 637 | 711 | -10,4% |
| Жалпы қарыз | млрд теңге | 4 009 | 3 757 | 6,7% |
Дөңгелектеу салдарынан сандар қосылмауы мүмкін.
2024 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша жалпы қарыз негізінен 2022 жылы ҚМГ «Самұрық-Қазына» АҚ пайдасы үшін шығарған облигациялардың купондық мөлшерлемесінің 3%-дан 9,3%-ға дейін артуына байланысты 2023 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда теңгемен 6,7%-ға және доллармен 2,9%-ға артып, 4 009 млрд теңгені (8 502 млн АҚШ доллары) құрады[11].
2024 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша KMG International айналым капиталын қаржыландыру мақсаты үшін қолданыстағы кредиттік желі шеңберінде жалпы сомасы 80,5 млн АҚШ долларына (36,1 млрд теңгеге тең) синдикатталған қарыз алды.
Жалпы қарыздың өсуі KMG International-дың Credit Agricole-ден алған қарызын 59,3 млн АҚШ долларына (26,6 млрд теңгеге тең) толық өтеумен және BCP-ден алған қарызды жалпы сомасы 44 млн АҚШ долларына (19,7 млрд.теңгеге тең) ішінара өтеумен жартылай өтелді. Сондай-ақ есепті кезеңде «АМӨЗ» ЖШС мен «ПМХЗ» ЖШС пайыздарды қоса алғанда, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-дан алған қарызды жалпы сомасы 23,7 млрд теңгеге ішінара өтеді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының ішінде «АМӨЗ» ЖШС Халық банкінен алған кредитті жалпы сомасы 19,2 млрд теңгеге ішінара жапты.
2024 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Компания Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Жеңіс» жобасы бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты бұзу туралы хабарламасы негізінде «ЛУКОЙЛ Қазақстан Апстрим» ЖШС-нен 47,9 млрд теңге мөлшерінде алған қарыздың (керри-қаржыландыру) танылуын тоқтатты.
Таза қарыз
2024 жылғы 30 маусымдағы таза қарыз 2023 жылғы 31 желтоқсанға қатысы бойынша теңгемен 4,4%-ға және доллармен 7,8%-ға төмендеп, 1 573 млрд теңгені (3 337 млн АҚШ доллары) құрады.
Ақша қаражаты
Депозит түрінде шоғырландырылған ақша қаражаты мен оның баламалары
| Көрсеткіштің атауы | Өлшем бірлігі | 2024 жылғы 30 маусым | 2023 жылғы 31 желтоқсан | % |
|---|---|---|---|---|
| Ақша қаражаты және олардың баламалары | млрд теңге | 1 692 | 1 051 | 61,0% |
| Ұзақ мерзімді депозиттер | млрд теңге | 67 | 64 | 4,5% |
| Қысқа мерзімді депозиттер | млрд теңге | 667 | 997 | -32,1% |
| Ақша қаражаты, олардың баламалары және депозит түріндегі ақша қаражаты | млрд теңге | 2 435 | 2 112 | 15,3% |
Дөңгелектеу салдарынан сандар қосылмауы мүмкін.
Шоғырландырылған ақша қаражаты, олардың баламалары, соның ішінде 2024 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша депозит түріндегі ақша қаражаты 2023 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 15,3%-ға артып, 2 435 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы 31 желтоқсанмен салыстырғанда доллармен 11,2%-ға ұлғайып, 5 165 млн АҚШ долларын құрады.
2024 жылдың басынан бергі басты корпоративтік оқиғалар:
- 2024 жылы 18 қаңтарда Рим қаласында (Италия) ҚМГ және Eni S.p.А. Жаңаөзен қаласында гибридті электр станциясын салу жобасын іске асыру туралы бірлескен шешімге қол қойды. Жоба Eni Plenitude еншілес компаниясымен бірлесіп, Жаңаөзен қаласында жел электр станциясын (77 МВт) және күн электр станциясын (50 МВт), сондай-ақ қуаты 120 МВт газ электр станциясын салуды көздейді.
- 2024 жылы 21 ақпанда ҚМГ және «Татнефть» ЖАҚ «Karaton Operating Ltd.» ЖК жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 50% сатып алу-сату шартына, Акционерлер келісіміне және «Қаратон Подсолевой» жобасы бойынша қаржыландыру туралы келісімге қол қойды.
- 2024 жылы 11 наурызда ҚМГ мен SOCAR Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы Қазақстан мұнайы транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісімге және Қазақстан мұнайын сатып алу-сату жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
- 2024 жылы 29 наурызда «Sinopec» (Қытай) компаниясының Атырау облысында қуаты 1,25 млн тонна болатын полиэтилен өндіретін зауыт салу жөніндегі жобаға 30% қатысу үлесімен заңды түрде кіруі аяқталды, осылайша жобаға қатысушылардың үлесі мынадай: ҚМГ – 40% (шоғырландырылған), СИБУР – 30%, Sinopec – 30%.
- 2024 жылы 28 мамырда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акционерлерінің жылдық жалпы жиналысының қорытындысы бойынша Асхат Ғалымұлы Хасенов ҚМГ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. 2024 жылдың басынан бері ҚМГ Басқарма құрылымында жаңа тағайындаулар болды. 2024 жылғы тамыздағы жағдай бойынша ҚМГ Басқарма құрамы 10 адамнан тұрады (Хасенов А.Ғ. - Басқарма төрағасы, Есказиев Қ.О., Абдулғафаров Д.Е., Закиров Б.Қ., Лавренов В.С., Макеев Д.С., Арысова Д.А., Брекешев С.А., Союнов Н.Д. және Балықбаев Р.А.)
- 2024 жылы 26 маусымда ҚМГ акционерлеріне 2023 жылға дивиденд төлеуді аяқтады. Дивидендтердің жалпы сомасы – 300,0 млрд теңге. Бір жай акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері 491,71 теңгені құрады.
Көрсеткіштер мен есептеу нәтижелері жуықтап көрсетілген. Сонымен бірге кезеңдерді салыстыру кезінде жуықталмай, нақты мәндер қолданылды. Компанияның пікірінше, дөңгелектеуге қатысы бар кез келген ықтимал түзетулер қаржылық нәтижелерге материалдық әсер етпеуі керек.
Толық ақпаратты мына сілтеме бойынша оқуға болады: https://www.kmg.kz/ru/investors/reporting/
Байланыс: ir@kmg.kz, тел: +7 7172 78 64 34
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ туралы
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның вертикалды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, қайта өңдеуге және мамандандырылған қызметтерді ұсынуға дейінгі бүкіл өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. 2002 жылы құрылған Компания еліміздің мұнай-газ саласында Қазақстанның мүддесін қорғайды.
ҚМГ-ның негізгі активтері:
- Барлау және өндіру: Өзенмұнайгаз (ӨМГ) – 100%, Ембімұнайгаз (ЕМГ) – 100%, Қазақтүрікмұнай (ҚТМ) – 100%, ҚазМұнайТеңіз – 100%, Өріктау (ӨО) – 100%, Доңға – 60%, Орал Ойл энд Газ (ООГ) – 50%, Маңғыстаумұнайгаз (ММГ) – 50%, Қазгермұнай (ҚГМ) – 50%, Қаражанбасмұнай (ҚБМ) – 50%, Қазақойл Ақтөбе (ҚОА) – 50%, ПетроҚазақстан Инк (ПҚИ) – 33%, Теңізшевройл (Теңіз) – 20%, Қарашығанақ – 10%, Қашаған – 16,88%.
- Тасымалдау: ҚазТрансОйл – 90%, Қазақстан-Қытай Құбыры (ҚҚҚ) – 50%, МұнайТас-51%, Батуми мұнай терминалы – 100%, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) – 20,75%, Қазақтеңізкөлікфлоты - 100%.
- Өңдеу және басқалары: ПМХЗ – 100%, АМӨЗ – 99,53%, ПҚОП – 49,72%, KMG International – 100%, Caspi Bitum – 50%, Петромидия – 54,63%, Вега – 54,63%, ҚазРосГаз – 50%, Қазақстан Петрокемикал Индастриз Инк. – 49,5%.
[1] Сомалар ыңғайлы болу үшін тиісті кезеңдегі орташа айырбастау бағамы бойынша АҚШ долларымен көрсетілген (2024 және 2023 жылдардың бірінші жартыжылдығындағы орташа бағамдар АҚШ долларына шаққанда тиісінше 449,09 және 451,80 теңгені құрады; 2024 жылғы 30 маусымда және 2023 жылғы 31 желтоқсанда – кезең соңындағы бағамдар АҚШ долларына шаққанда тиісінше 471,46 және 454,56 теңгені құрады).
[2] Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлесіне түзетілген таза пайда = Таза пайда + бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд, минус бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес.
[3] Дереккөз: S&P Global Platts.
[4] EBITDA = түсім плюс бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың кірістеріндегі үлес минус сатып алынған мұнайдың, газдың, мұнай өнімдерінің және басқа материалдардың өзіндік құны минус өндірістік шығыстар минус жалпы және әкімшілік шығындар минус тасымалдау және өткізу бойынша шығыстар минус табыс салығынан басқа салықтар.
[5] EBITDA түзетілген көрсеткіші = түсім плюс бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд минус сатып алынған мұнайдың, газдың, мұнай өнімдерінің және басқа материалдардың өзіндік құны минус өндірістік шығыстар минус жалпы және әкімшілік шығыстар минус тасымалдау және өткізу бойынша шығыстар минус табыс салығынан басқа салықтар.
[6] Бос ақша ағымы = негізгі құралдарды, материалдық емес активтерді, инвестициялық жылжымайтын мүлікті және барлау мен бағалау активтерін сатып алуды алып тастағанда, операциялық қызметтен түскен ақша ағымы. Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд операциялық қызметтен түскен ақша ағымына енгізілген.
[7] Есепті кезеңнің соңындағы жалпы қарыз = облигациялар плюс қарыз (қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді). Берілген кепілдіктер есепке алынбаған.
[8] Жалпы қарыз және таза қарыз 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша көрсетілген.
[9] Есепті кезеңнің соңындағы таза қарыз: облигациялар плюс қарыздар минус ақша қаражаты және олардың баламалары, минус банктік салымдар (қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді). Берілген кепілдіктер есепке алынбаған.
[10] Өндірістік көрсеткіштер бірлескен және қауымдасқан компаниялардағы ҚМГ меншік үлесіне және шоғырландырылатын еншілес ұйымдар үшін көрсеткіштердің 100% сәйкес көрсетілген. Толық ақпаратты 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы өндірістік нәтижелерге арналған баспасөз хабарламасынан мына сілтеме бойынша оқи аласыз: https://www.kmg.kz/en/investors/reporting
[11] Мәліметтер компанияның тиісті кезеңдегі қаржылық есептілігінде көрсетілген.