Авиакеросин бағасының қалыптасуы
03.12.2024
Қазақстанның алғашқы тұрақты авиарейсі 1924 жылдың 11 шілдесінде Алма-Ата (қазіргі Алматы) — Ташкент бағытында «Юнкерс-13» ұшағымен орындалды. Ал қазақ даласында алғашқы ұшақ (көрнекілік) 1912 жылдың шілде айының басында Орал қаласында ұшырылған болатын. Қазіргі уақытта Қазақстанда бір апта ішінде 1200-ден астам авиарейс жасалады, еліміздің әуежайларында ұшақтар негізінен отандық авиаотынмен қамтамасыз етіледі.
Авиакеросин — күрделі өнім, бағасының қалыптасуына көптеген фактор әсер етеді. Солардың негізгі факторлары — баға белгілеу стандарттары, сондай-ақ авиаотынмен қамтамасыз ету саласындағы қызмет нарығын ұйымдастыру мен стандарттау деңгейі.
Баға белгілеудің халықаралық формула әдісі
Қазіргі заманда отын бағасын қалыптастыруда нарық стандарттары мен әлемдік бизнес тәжірибелерінің әдістерін қолдану аса маңызды. Әлемдік стандарттардың бірі — бұл формула арқылы баға белгілеу әдісі, ол ашық әрі объективті өлшемшарттарға негізделген. Формула арқылы баға белгілеу әдісі әлемдік авиаотын нарығында барынша ашық және болжауға болатын баға белгілеу жүйесін құру қажетіне жауап ретінде пайда болды. Бұл әдіс нақты уақыт режимінде нарық жағдайларының өзгерістерін ескеруге және нақты шығын мөлшері мен нарық талаптарын көрсететін бағаны қоюға мүмкіндік береді. Формула арқылы баға белгілеу жүйесі Argus[1] немесе S&P Global Platts[2] сияқты әлемге танылған сараптамалық агенттіктер жариялаған өткен айдың баға көрсеткіштерін қамтиды, оған дифференциал қосылады. Дифференциал тасымалдау, лайнерді жалға алу, сақтау және отынмен қамтамасыз ету, сондай-ақ әуежайларда сату құқығына төлем жасау және басқа да шығындарды қамтиды.
Аталмыш әдіс ашық және болжауға болатын бағаны белгілеуге мүмкіндік береді, бұл әсіресе өзінің ұшу бағдарламаларын баға белгілеудің өздеріне түсінікті принциптер негізінде жоспарлайтын халықаралық әуе компаниялары үшін маңызды.
Сонымен қатар формула арқылы баға белгілеу принциптері авиакеросинді жеткізуге арналған ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға мүмкіндік береді. Мұндай келісімшарттар әуе компаниялары мен отын жеткізушілері арасында қабылданады және әдетте бірнеше жылға созылады.
Тағы бір маңызды жайт: формула арқылы баға белгілеу әлемдік тәжірибеде нарық жағдайларының өзгерістерін нақты уақыт режимінде ескеруге мүмкіндік береді, бұл бағаларға қосымша қауіп-қатерлерді енгізуге қажеттілікті азайтады. Мысал ретінде Сингапурдың Чанги және Дубай халықаралық әуежайларының, сондай-ақ Лондонның Хитроу әуежайы тәжірибесін келтіруге болады. Олар бұл әуежайларда жұмыс істейтін отын операторларын отынды формула арқылы баға белгілеу жүйесін енгізуге міндеттеді, бұл бағаны тұрақтандыруға және әуе компанияларын көбірек тартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде бұл әуежайлар әлемдегі ең ірі транзиттік тораптардың біріне айналды.
Қазақстандағы жағдай: жекелеген жағдайда қолданылатын ашық бағалар
Қазақстанның авиаотынмен қамтамасыз ету саласында формула арқылы баға белгілеу принциптерін қазіргі таңда авиаотын жеткізушісі ретінде «ҚазМұнайГаз-Аэро» ғана (ҚМГ-Аэро, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы) қолданады[3]. ҚМГ-Аэро-ның Қазақстандағы коммерциялық авиаотын сату нарығындағы үлесі 16%-ды құрайды. Авиаотынмен қамтамасыз ету нарығында компания әуежайлармен және жеке операторлармен бәсекелесіп, бағаның төмендеуіне және қызмет көрсету сапасының артуына ықпал етеді.
ҚМГ-Аэро Platts-тың бағамдарына негізделген және дифференциал қосылған формуланы қолданады, бұл бәсекеге қабілетті және әділ орнатылған сату бағасын қамтамасыз етеді. Баға белгілеудің мұндай ашық құрылымы Қазақстан әуежайларын пайдаланатын халықаралық әуе компанияларының санын үш есеге арттыруға мүмкіндік берді. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша компания шетелдік әуе компанияларына авиаотынды орташа есеппен тоннасына 1020 АҚШ долларына сатты, ал көрші елдердің әуежайларында бір тоннаның бағасы 1242 долларды құрады.
Айта кетсек, ҚМГ-Аэро тарапынан отандық әуе компаниялары үшін бағаны формула арқылы белгілемейді, сондықтан баға өзіндік құн мен операциялық шығындарды ғана қамтиды, бұл 2024 жылы орташа есеппен тоннасына 820 долларды («ұшақ қанатына» жанармай құю қызметін қоса алғанда) немесе шамамен 400 мың теңгені құрады. Басқаша айтқанда, жергілікті әуе тасымалдаушыларымен есеп айырысқанда, қазіргі әлемдік авиаотын бағасы (формула арқылы баға белгілеу сияқты) негізге алынбайды, бұл Қазақстандағы тұтынушылар үшін бағаның қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Әлемдік нарықта авиаотынмен қамтамасыз ету бойынша бенчмаркинг
Халықаралық тәжірибеде әуежайлар өздері авиаотын қызметтерімен айналыспайды, себебі бұл адал бәсекелестікке қайшы болып саналады. Батыс елдерінің әуежайлары өз инфрақұрылымына әуе кемелерін жанармаймен қамтамасыз етумен кәсіби түрде айналысады отын операторларына ғана рұқсат береді. Бұл авиакомпаниялар жеткізушілерді өздері таңдай алатындай бәсекелі нарық қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бағаны төмендетуге және қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал етеді. Әуежайлар өз аумағында отын сату құқығы үшін ғана роялти алып, табысқа кенеледі және өзге қызметпен айналыспайды.
Халықаралық ірі әуежайларында, әдетте, әуежайлардың да, авиаотын операторларының да меншігінде отын қоймалары болады. Сонымен қатар авиаотын операторлары әуежай аумағынан тыс өздерінің отын қоймаларына ие болуы мүмкін, олардан отын тасымалдаушылар авиаотынды әуежайдың транзиттік қоймасына жеткізеді, онда ол зертханалық тексеруден өтеді. Содан кейін тексерілген авиаотын отын құюшы оператордың көмегімен немесе әуежайдағы орталықтандырылған әуе кемелерін жанармаймен қамтамасыз ету жүйесі арқылы авиакомпаниялармен жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттарға сай «ұшақ қанатына» құйылады. Авиаотын жеткізудің бұл жүйесі жоғары сапа стандарттарын және сенімділікті қамтамасыз етеді.
Отандық авиаотын нарығында дәл осындай тәжірибенің қалыптасқаны жөн. Бұл отандық отын операторлары арасында бәсекелестіктің дамуына, қызмет көрсету сапасының жақсаруына және бағаның төмендеуіне ықпал етеді.
Мысал ретінде Франкфурт әуежайын келтіруге болады, мұнда Shell және BP сияқты әлемнің авиаотын жеткізушілері ICAO[4] стандарттарына сәйкес сертификатталған заманауи отын құю кешендерін (ОҚК) салды[5]. Бұл кешендер отынның жоғары сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ көптеген халықаралық рейстерді тартуға мүмкіндік береді. Мұндай кешендер әлемнің көптеген ірі халықаралық әуежайларында, әлем астаналары мен ірі шетелдік қалаларда бар. Сонымен қатар авиаотынды «ұшақ қанатына» құюды әлемдік жетекші авиаотын жеткізушілері, мысалы, BP Aviation, Shell Aviation, Lukoil Aero, Indian Oil Corporation, ADNOC Distribution, TotalEnergies Aviation, Gazpromneft Aero және басқалары жүзеге асырады. Олардың барлығы дерлік — ірі вертикальды интеграцияланған мұнай-газ және мұнай-химия корпорацияларының еншілес кәсіпорындары. Мұндай тәжірибе мұнай өңдеу зауыттары мен авиакомпаниялар арасындағы делдал санын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл олар үшін авиаотынның бағасын төмендетуге және жолаушылар үшін ұшақ билеттерінің бағасын, сондай-ақ жүк тасымалдарының құнын оңтайландыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар әдетте шетелдік авиаотын операторлары инфрақұрылымды жаңартуға, соның ішінде ОҚК құрылысын ғана емес, авиаотын құю техникасын жаңартуға де белсенді инвестиция салады.
Қазақстандағы авиаотын нарығы және ҚМГ-Аэро-ның жаңа бастамасы
Әлемдік тәжірибемен салыстырсақ, Қазақстанның әуежайларында отын инфрақұрылымы әбден тозған және РТ, ТС-1 маркалы (Қазақстанда қолданылатын отын стандарттары) авиаотынды ғана пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ заманауи Jet A-1[6] маркалы авиаотынға және болашақта экологиялық SAF[7] маркалы авиаотынға көшу үшін қомақты инвестиция қажет.
Қазіргі таңда Қазақстандағы әуежайлар мен нарықтың басқа қатысушылары Jet A-1 маркалы авиаотынға жүйелі көшуін қамтамасыз ету үшін халықаралық JIG[8] 1, 2 және 4 стандарттары мен EI/JIG Standard1530-ға сәйкес резервуарлар, сүзгі-сорғы құрылғылары және авиаотын құю машиналарын жаңарту/құруға инвестиция салмайды. Әуежайлардағы ОҚК инфрақұрылымы негізінен кеңес одағы кезеңінде салынған резервуарлардан тұрады, сондықтан бұл инфрақұрылым Jet A-1 маркалы авиаотын үшін пайдалануға жарамсыз.
Жалпы, Қазақстанда авиаотынмен қамтамасыз ету мәселесін негізінен авиакомпаниялар мен әуежайлар өздері шешіп отыр. Кеңес Одағы кезінде бұл қызметті бүкілодақтық деңгейде «Аэрофлот» компаниясы атқарған, бірақ Одақтың ыдырауымен авиаотын жеткізу жүйесі бұзылды. Бұл әуежайлар мен авиакомпанияларды авиаотынмен қамтамасыз етуді өздері ұйымдастыруға мәжбүр етті. Қазақстанда авиаотын нарығы біраз уақытқа дейін бәсекеге қабілетсіз болды. Ірі вертикальды интеграцияланған, яғни мұнай өндіру мен өңдеуден бастап және «ұшақ қанатына» құюға дейінгі толық циклды қызмет түрлерін ұсынатын мұнай компанияларының болмауы салдарынан авиакомпаниялар өздері авиаотын жеткізушілерін іздеуге және логистиканы ұйымдастыруға мәжбүр болды.
2014 жылы ҚМГ-Аэро құрылғаннан кейін Қазақстанда орталықтандырылған және тиімді жүйе енгізілді, ол елдегі авиаотын жеткізу саласын жақсартуға мүмкіндік берді. Компанияның негізгі міндеттерінің бірі — РТ және ТС-1 маркалы авиаотынды отандық және халықаралық авиакомпанияларға жеткізу. ҚМГ-Аэро тікелей әуе кемелерінің «қанатына» жанармай құяды, жоғары сапалы әрі уақтылы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе ұшулардың дәл уақытында орындалуын және қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету үшін маңызды.
Сонымен қатар ҚМГ-Аэро («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, ҚР Көлік министрлігінің келісімі бойынша) компанияның 5 жылдық даму жоспарының жол картасын әзірледі. Бұл құжат еліміздің әуежайларында РТ/ТС-1 маркалы авиаотын сақтау үшін және Jet A-1 маркалы авиаотынға көшу үшін отын құю кешендерін салуға және/немесе жаңғыртуға инвестицияларды көздейді.
Бүгінгі таңда ҚР Энергетика министрі бекіткен Жол картасы аясында компания Астана және Ақтөбе қалаларында бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр, сондай-ақ Түркістан, Ақтау және Қазақстанның басқа қалаларында осындай жобаларды жоспарлап отыр. Бұл жобалар Jet A-1 және SAF авиаотын түрлерін пайдалану үшін авиаотын инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға бағытталған. Үш заманауи аэродромдық авиаотын құю машинасы сатып алынды, сондай-ақ Астанада және Ақтөбеде ОҚК салу және модернизациялау жобаларының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі кезде жалпы инвестиция көлемі шамамен 15 миллиард теңгені құрайды, бұл жобаларды іске асыру өңірлерінде 140 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Көміртегі шығарындыларын азайту миссиясы
Қазақстан Климат мәселелері жөніндегі Париж келісіміне қатысушы ел екендігін де ескеру керек және 2023 жылдың 2 ақпанында «Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейін стратегиясы» қабылданды. Стратегияның негізгі бағыттарының бірі — көліктің, оның ішінде авиацияның декарбонизациясы. Өз кезегінде, ҚазМұнайГаз өзінің түрлі бағыттардағы қызметінде көміртегі бейтараптығына қол жеткізу саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып, қазақстандық әуе тасымалдаушыларын жаңа авиаотынмен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауда. Ұлттық компанияның барлық үш мұнай өңдеу зауыты SAF қолдану үшін қажет Jet A-1 маркалы авиаотын өндірісіне көшуге 2017 жылдан бері дайын екендігін атап өткен жөн. Экологиялық таза SAF авиаотынын өндіру «жасыл» міндеттемелерді орындауға көмектеседі. ҚМГ көміртегі ізін 2031 жылға дейін 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%-ға азайтуға ұмтылып отыр.
Әзірше елімізде РТ, ТС-1 маркалы авиаотын қолданылады. Бұл авиаотын түрі әлемде тек 10 елде ғана пайдаланылады. Қалған елдерде ASTM[9] және DEF STAN[10] стандарттары бойынша өндірілген авиаотын, негізінен Jet A-1 маркалы авиаотын қолданылады. СО2 көміртегі ізіне қатысты әлемдік трендті ескере отырып, авиация саласында экологиялық таза SAF авиаотын өндіру және қолдану басталды. Бұл авиаотын түрін тек Jet A-1 маркалы авиаотынмен араластыру арқылы қолдануға болады.
ICAO нормативтері бойынша 2030 жылға дейін авиаотын қоспасында таза SAF үлесі 4% болуы тиіс, ал 2050 жылға дейін бұл көрсеткішті 65%-ке дейін жүйелі көтеру жоспарланған. 2027 жылы күшіне енетін жаңа ICAO талаптары қатысушы елдерді Jet A-1 отынына SAF-ты қосуға немесе оны пайдаланбағаны үшін төлем жасауға міндеттейді. Міндеттемелер авиарейстерде көмірқышқыл газының шығарындыларын кемінде 10%-ға азайтуды қарастырады. Шығарындыларды азайта алмайтындар CO₂ шығарындыларына квоталар сатып алуға міндетті болады.
Осы орайда ҚМГ-Аэро әуежайлар мен басқа өңірлердің жергілікті атқарушы органдарымен авиаотын инфрақұрылымын жаңарту және авиаотынмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша келіссөздер жүргізуді жалғастыруда.
Қазақстан арқылы ұшу үшін жағдай жасау
Көршілес елдердің әуежайларымен бәсекелестік те баға белгілеу жүйесіне әсер етеді. Авиаотынмен қамтамасыз ету саласын дұрыс дамыту, соның ішінде формула арқылы баға белгілеуді енгізу және авиаотынды жеткізу нарығын тұрақты әрі кәсіби ұйымдастыру — бұның бәрі елдің транзиттік әлеуетінің дамуына ықпал етеді. ҚР Көлік министрлігінің ақпараты бойынша, соңғы екі жылда транзиттік рейстердің саны екі есе артқанын ескеру керек[11]. Өйткені елімізден Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік авиажолдар өтеді.
Дәл сондай маңызды міндет — ҚазМұнайГаз зауыттарында Jet A-1 маркалы авиаотынының өндірісін ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстанда SAF өндірісін бастау. Бұдан бөлек, Түркменстан, Қытай, Әзербайжан сияқты елдерден әкелінетін авиаотынды сертификаттау мәселелерін шешу қажет. Отандық нарықта отын операторлары институтын құру маңызды қадам болмақ, бұл отандық компаниялар арасында бәсекелестіктің дамуына, қызмет көрсету сапасының артуына және бағалардың төмендеуіне ықпал етеді. Осы шаралардың барлығы Қазақстанның транзиттік әлеуетін едәуір күшейтіп, авиация саласының тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасайды.