ҚазМұнайГаз Атырауда «жасыл» сутекті өндіретін пилоттық жобаны іске қосты
27.06.2025
Атырау қаласында таза энергияны дамыту бағытында маңызды қадам жасалды. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) еншілес компаниясы — «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС базасында «жасыл» сутекті өндіретін пилоттық жобаның бірінші кезеңі аяқталды. Аталған жоба қазақстандық Green Spark компаниясымен бірлесіп іске асырылды.
Отынның бұл түрі «жасыл» деп аталады. Себебі ол таза экологиялық жолмен, яғни электр энергиясы жаңартылатын көздерден, бұл жоба бойынша күн сәулесінен алынады. Оны өндіру кезінде атмосфераға зиянды шығарынды тарамайды, ондағы жалғыз жанама өнім — таза су.
Бірінші кезең аясында компанияның зертханалық блогы базасында 336 фотоэлектрлік модуль орнатылды. Жаңа күн электр станциясының жалпы қуаты 200 кВт құрайды. Бұл бірнеше ондаған пәтерді электрмен қамтамасыз етумен тең. Қондырғы қазірдің өзінде экономикалық жағынан тиімді екендігін көрсетіп отыр. Мәселен, сатып алынған электр энергиясына жұмсалатын шығынды азайту есебінен жыл сайын шамамен 12 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жобаның келесі қадамы арнайы жабдық — электролизерді орнату. Күн панельдері шығаратын энергия электролиз әдісімен қарапайым суды оттегі мен таза сутекке бөлетін бұл құрылғыны қуаттандырады. Осылайша нысанда күн энергиясын өндіруден бастап, зертханалық корпустың ішін жылыту және ішінара энергиямен қамтамасыз ету үшін сутекті өндіру және пайдалануға дейінгі толық тұйық цикл құрылады.
Жалпы бұл жоба — демонстрациялық және ғылыми платформа. Ол қазақстандық ғалымдарға елдің батыс өңірлеріндегі нақты жағдайында сутегі энергетикасы саласындағы технологиялық шешімдерді тәжірибеде өткізуге мүмкіндік береді. Бастаманы сәтті іске асыру 2060 жылға дейінгі төмен көміртекті даму бағдарламасын орындау аясында ҚМГ компаниялар тобының басқа да ірі нысандарында технологияны кеңірек қолдану үшін негіз болады.
Анықтама: «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ бірлескен ғылыми-зерттеу және жобалау орталығы. Компания Қазақстанның мұнай-газ саласында инновациялар мен озық шешімдерді енгізуде шешуші рөл атқарады, сондай-ақ ұлттық компания қызметінің геологиялық барлау мен өндіруден бастап көмірсутектерді тасымалдау мен өңдеуге дейінгі барлық негізгі бағыттарындағы технологияларды дамытуға, ғылыми сүйемелдеуге және инжинирингті қамтамасыз етуге жауапты.