ҚМГ-да Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні атап өтілді
05.06.2026
Бүгін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-да Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай іс-шара өтті.
Қызметкерлер үшін экология тақырыбына викториналар ұйымдастырылды. Қатысушылар өз білімін тексеріп, жеке көміртегі ізін анықтай алды. Сонымен қатар қалдықтарды бөлек жинау бойынша ойындарға қатысып, Қазақстанның биоалуантүрлілігі туралы мағлұмат алды, өзара кітап алмасты. Ал викториналық сұрақтарға жауап берген сайын толтырылатын «қатысушының экологиялық паспорты» ерекше қызығушылық тудырды.
Айта кетсек, ҚазМұнайГаз ұлттық компания ретінде экология саласындағы жауапкершілікті арттыра отырып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланып келеді.
ҚМГ Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» ауқымды бастамасына кеңінен қатысуда. Былтыр ҚМГ компаниялар тобы жалпыұлттық экологиялық акция аясында 113 мыңнан астам ағаш отырғызды. Жыл соңына дейін бүкіл республика бойынша түрлі өңірлердің климаттық жағдайына бейімделген 250 мың түп жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар компания Қостанай облысының Әулиекөл ауданында өрттен зардап шеккен ормандарды қалпына келтіруге атсалысып жатыр. 150 000 көшет қарағай отырғызылды. Жасыл желек егудің жалпы ауданы 22 га құрады.
Астана қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосу ретінде жалпы ауданы 6 га болатын «ҚазМұнайГаз саябағы» ашылды. Қазіргі кезде саябақ аумағын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жалғасуда.
ҚМГ өндірістік қызметтің қоршаған ортаға әсерін төмендетуге бағытталған жобаларды тұрақты түрде іске асырып келеді. Атырау мұнай өңдеу зауыты мұнай және мұнай өнімдеріне арналған резервуарларды арнайы қалқымалы қақпақ - понтонмен жабдықтауды жалғастыруда. Бұл шаралар әр резервуардан бөлінетін көмірсутек шығарындысын 90% қысқартуға мүмкіндік береді. Бұрын мұндай жүйелермен 13 резервуар жабдықталған еді. 2026 жылы кәсіпорын тағы 9 резервуарды жабдықтайтын болады.
Қаражанбас кен орнында ілеспе қабат суын тұщыту зауыты жұмыс істеп тұр, ол тәулігіне орта есеппен 13 мың текше метр су шығарады. Мұнаймен бірге өндірілетін қабат суы көп сатылы сүзгілеу жүйесінен өтіп, кен орнында техникалық қажеттіліктерге, соның ішінде бу өндіру үшін қолданылады. Зауытты іске қосу нәтижесінде Астрахань – Маңғышлақ магистралды су құбыры арқылы келетін судың едәуір көлемі босатылып, өңір халқының қажеттілігі қамтамасыз етілді.
Маңғыстау облысында жалпы қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Былтыр күн электр станциясы (50 МВт) іске қосылды. Газ және жел электр станцияларын салу жұмыстары жалғасуда.
Бұдан басқа, ҚМГ серіктестерімен бірлесіп, тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру жөніндегі жобаны қолға алды.
Бұдан бөлек, ұлттық компания Каспий өңірінде метан шығарындыларын азайту саласындағы ұстанымын нығайтып келеді. 2017 жылы газды факелде жағу көлемі 300 млн текше метрден асса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 39 млн текше метрге дейін төмендеді. Яғни 86% қысқарды.
ҚМГ Инжиниринг компаниясының ғалымдары Қазақстанда жасыл сутегі өндіретін толық циклді алғашқы пилоттық кешенін іске қосты.
Бұдан бұрын ҚМГ Тұрақты даму туралы есебін жариялаған болатын. Бұл құжатты мына жерден оқи аласыздар.