Қазгермұнай компаниясында электрондық наряд-рұқсат жүйесі енгізілді
30.07.2026
Қазгермұнай кәсіпорны аса қауіпті жұмыстарды ұйымдастыру және бақылау процесін толық цифрландыруға мүмкіндік беретін электрондық наряд-рұқсат жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізді.
Жүйе құжаттарды рәсімдеу мен келісуден бастап жабуға дейінгі бүкіл циклды қамтиды. Қол қою процесі компьютер, Kaztoken смарт-картасы немесе тікелей өндірістік нысандарда жүріп-ақ EGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану жолымен онлайн режимінде жүзеге асырылады.
Рұқсат-нарядтарды ресімдеу мен келісу уақыты 2-10 сағаттан 15-30 минутқа дейін қысқарды. Бұл өндірістік жұмыстарды жеделдетуге, уақыт шығынын азайтуға және шешім қабылдаудың жеделдігін арттыруға мүмкіндік берді.
Өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін жүйе орындалатын жұмыс түріне қарай ықтимал қауіп-қатерлер мен қажетті бақылау шараларының тізбесін автоматты түрде құрастырады. Нәтижесінде техникалық әрі әкімшілік қателіктердің ықтималдығы азаяды.
Сонымен қатар жүйе қызметкерлерді барлық орындалған жұмыс туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз етіп отырады. Бақылауды жедел жүргізу үшін өндірістік нысандардың интерактивті картасы әзірленді.
Бұдан бөлек, құжаттардың бірыңғай электрондық архиві жасалды. Ол аудитті шұғыл өткізуге, өндірістік процестерді талдауға және жинақталған деректерді одан әрі жетілдіру үшін пайдалануға мүмкіндік береді.
Жүйе енгізілгеннен кейін өндірістік процестердің тоқтап қалу уақыты жылына 8 мыңнан астам жұмыс сағатына қысқарады деп күтілуде. Бұған қоса, құжаттарды қағаз жүзінде келісуден бас тарту – жұмыс сапарларының көлемін жылына 22 мың километрден астамға қысқартады.
Келесі кезеңде қауіп-қатерлердің талдауын автоматты түрде толтыруға және жұмыстарды қауіпсіз орындау үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарлануда.
Сонымен қатар жүйені өндірістік нысандарда еңбек ететін мердігерлер мен жеткізушілерге тарату көзделіп отыр. Бұл ортақ цифрлық контурды құруға және бірыңғай қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Электрондық наряд-рұқсат жүйесін енгізу – бұл ҚМГ-ға қарасты еншілес кәсіпорындарды цифрлық трансформациялаудың кезекті кезеңі. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында ҚазМұнайГаз компаниялар тобы операциялық тиімділік пен өндірістік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі жобаларды жүйелі түрде іске асырып келеді.