ПҚОП-ты кеңейту, геологиялық барлау және мұнай-газ химиясы жобалары: ҚМГ мен CNPC стратегиялық серіктестікті нығайтуда
15.06.2025
Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов CNPC Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен кездесті.
Кездесуде Шымкент мұнай өңдеу зауытының («ПҚОП» ЖШС) жылдық қуатын 2030 жылға қарай 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша CNPC-мен бірлескен жоба барысы талқыланды. Сонымен қатар «6+6» кеңейту конфигурациясы келісіліп және техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеу кезеңіне көшуді жылдамдату, сондай-ақ кәсіпорынға шикізат жеткізетін мұнай құбырларының өткізу қабілетін өсіру қажеттілігі қарастырылды.
Бүгінде зауытта 2 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді және кәсіпорын жыл сайын операциялық тиімділікті арттыруда: 2025 жылдың бес айында ПҚОП-та мұнай өнімдерді өңдеу көлемі 2,55 млн тоннаны құрады. Жеңіл мұнай өнімдерін өндіру — 82%, өңдеу тереңдігі — 88% жетті.
Сондай-ақ бірыңғай өндірістік тізбекті қалыптастыратын газды өңдеу бағытындағы интеграцияланған жобаларға ерекше назар аударылды. «Өріктау» жобасы бойынша келіссөздерде жетістіктерге қол жеткізілді. Жоба аясында шикізат аталған кен орнынан Ақтөбе облысындағы Жаңажол газ өңдеу зауытына жеткізілетін болады. Процессингтің басталуы 2026 жылға жоспарланған.
Жаңажол кешенінен өңделетін газ Қазақстанның агросекторы мен газ химиясы үшін маңызды болып есептелетін «Карбамид» жаңа стратегиялық жобасы үшін шикізат болады. Тараптар осы жоба бойынша жақын арада Feasibility Study (жобаның іске асырылуын бағалау) әзірлеуді аяқтауға және бірлескен кәсіпорын құру үшін құжаттарды бекітуге келісті. 2026 жылдың бірінші тоқсанында құрылыс жұмыстарын бастау үшін жобаны жеделдетілген үлгі бойынша жүзеге асыру қарастырылуда.
Сондай-ақ тараптар Каспий маңы шөгінді алабының шығыс борт аймағында бірлескен геологиялық барлау жұмыстары үшін әлеуетті учаскені айқындау аясында бірлесіп жүргізілетін өңірлік зерттеулердің статусын талқылады.
Бұдан басқа ҚМГ және CNPC бірлескен кен орындарында игеру тиімділігін және мұнай алу коэффициентін ұлғайту мақсатында қабаттардың мұнай беруін арттыру бойынша іс-шаралар кешенін іске асырып келеді.
Кездесу қорытындысы бойынша А.Хасенов пен Д.Хоулян ынтымақтастықтың негізгі бағыттарында жұмысты жандандыруға дайын екенін білдірді.