Жаңаөзендегі газ электр станциясы алғашқы өнеркәсіптік электр энергиясын өндірді
22.07.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Eni S.p.A. энергетикалық компаниясы Жаңаөзен қаласындағы қуаты 120 МВт газ электр станциясынан алғашқы өнеркәсіптік электр энергиясын алды.
Бұл Қазақстанда жалпы қуаты 247 МВт болатын Гибридті электр станциясын салу жөніндегі бірлескен жобаны іске асырудың кезекті маңызды кезеңі.
Жоба ҚМГ-ның төменкөміртекті даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда, сондай-ақ күн (50 МВт), газ (120 МВт) және жел (77 МВт) генерациясын бірыңғай энергетикалық кешенге біріктіруді көздейді.
Айта кетсек, 2025 жылы қыркүйек айында ҚМГ мен Eni күн электр станциясын іске қосқан болатын. Бұл станция осы уақытқа дейін шамамен 62 млн кВт·сағ электр энергиясын өндіріп, өңірдегі күн генерациясының тиімділігін дәлелдеді.
Газ электр станциясында Wartsila компаниясы шығарған алты газ поршенді агрегат монтаждалды, сонымен қатар қуаты 110 кВ қосалқы станция салынып, іске қосу-баптау жұмыстары жалғасуда. Газ электр станциясының құрылысына 1000-нан астам адам жұмылдырылған. Нысан биылғы III тоқсанда пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Жел электр станциясы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы, жаңа кешен ҚМГ-ның өңірдегі еншілес компанияларын электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуді жолға қоюға мүмкіндік береді.
Гибридті электр станциясы пайдалануға берілгеннен кейін 70-ке дейін жаңа жұмыс орны ашылады.