Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы алдын алу жұмыстары сәтті аяқталды
24.07.2026
Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы алдын алу жұмыстарынан кейін технологиялық режимге шықты.
Биыл 8 шілдеде алғашқы мұнай қабылданды. Технологиялық қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосу жұмыстары ҚР Энергетика министрлігі бекіткен кестедегі мерзімнен 1,5 күн бұрын басталды.
Қазіргі таңда кәсіпорын тәулігіне 16,2 мың тонна мұнай өңдеуде. Өндірістік процестер қайта жанданған сәттен бастап 157 мың тонна шикізат өңделді. Технологиялық қондырғылар іске қосылғаннан бері:
- 35,3 мың тонна автобензин,
- 48,7 мың тонна дизель отыны,
- 5,7 мың тонна сұйытылған мұнай газы жөнелтілді.
Мұнай өнімдерін жеткізу процесі кедергісіз жүргізілуде.
Еске салсақ, жоспарлы алдын алу жұмыстары барысында 20 реактор, 213 сыйымдылық, 32 колонна мен 231 жылу алмастырғыш жабдыққа міндетті техникалық куәландыру жүргізілді. Құбыр желілерінің жекелеген учаскелері жаңартылып, бірқатар технологиялық қондырғыда 335 тоннадан астам катализатор ауыстырылды. Автобензин, дизель отыны және авиаотын секілді жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттыру мақсатында ЭЛТҚ АВТ-3 қондырғысындағы вакуумдық колоннаның ішкі құрылғылары жаңартылды.
Жұмыстарға шамамен 1 700 маман және 50-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.