ҚазМұнайГаз бағдарламасы Маңғыстау жастарына жаңа мүмкіндіктер ашуда
27.07.2026
2022 жылдан бері Маңғыстау облысының 1,4 мыңнан астам жасөспірімі «Жарқын болашақ» білім беру бағдарламасына қатысты.
Бағдарлама Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысының бес ауданындағы жоғары сынып оқушыларын қамтиды. Оның мақсаты — жастарға білім алу жолының әртүрлі кезеңінде: мамандық таңдаудан бастап, жаңа білім алу және кәсіби ортаға бейімделуге дейін қолдау көрсету. ҚМГ өз тарапынан оқу ақысын, жатын орынды, жол шығындарын, жоғарылатылған шәкіртақы мен тамақтануды төлеу арқылы қолдау көрсетуде.
Айсу Избанова - Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Мұнайшы ауылының тумасы. Қазір ол Қостанай жоғары медициналық колледжінің «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша екінші курста оқиды.
- «Жарқын болашақ» бағдарламасы маған сапалы білім алуға және жаңа ортада өзімді көрсетуге мүмкіндік берді, - дейді Айсу.
Бағдарламаның тағы бір қатысушысы, Маңғыстау облысы Сазды ауылынан келген Диас Қыдырқожаұлы педагог мамандығын таңдады.
— Мен мұғалім мамандығын жүрек қалауыммен таңдадым. Мен үшін әрбір оқушы — жеке тұлға, сондықтан балалардың білімге деген қызығушылығын оятуды өзімнің басты міндетім деп санаймын. Оқу барысында заманауи оқыту әдістерін меңгеріп, педагогикалық тәжірибедегі әр сабағымның қызықты әрі тиімді өтуіне күш саламын, — дейді Диас.
Ұлттық бірыңғай тестілеудегі ең жоғары нәтиже 131 балды құрады. Бұл көрсеткішке 125 High School мектебінің 10–11-сыныптарында білім алған Ұлмекен Кемежанова қол жеткізді. Ол «Биология - Химия» бейіндік пәндерінің комбинациясы бойынша жоғары балл жинады.
Бағдарламаның бұрынғы түлектері педагогика, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, медицина мен стоматология, ақпараттық технологиялар, электротехника және автоматтандыру, логистика, сәулет, қала құрылысы, құрылыс және әуе көлігі сияқты түрлі бағыт бойынша оқуын жалғастырып жатқанын айта кеткен жөн.
ҚазМұнайГаз осы жобаны іске асыру арқылы Маңғыстау облысының балалары үшін тиімді әлеуметтік лифт қалыптастырып, олардың сапалы білім алуына жол ашуда және кәсіби әрі тұлғалық тұрғыдан өсуіне мүмкіндіктер жасауда.
Толық мақаланы мына жерден оқуға болады.