2024 жылдың тоғыз айындағы қаржылық нәтижелер
22.11.2024
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «ҚМГ», «Компания»), Қазақстанның ұлттық мұнай-газ компаниясы тәуелсіз аудитордың аралық қаржылық ақпаратын шолып тексерудің нәтижелері есебімен, 2024 жылы 30 қыркүйекте аяқталған үш және тоғыз айдағы 34 «Аралық қаржылық есептілік» халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (ХҚЕС) сәйкес дайындалған аралық қысқартылған шоғырландырылған қаржылық есептілікті жариялады.
2023 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 2024 жылдың тоғыз айындағы негізгі қаржылық көрсеткіштер [1]:
- Түсім 6 088 млрд теңгемен (13 440 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 6 349 млрд теңгені (13 838 млн. АҚШ долл.) құрады.
- EBITDA көрсеткіші 1 679 млрд теңгемен (3 706 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 1 601 млрд теңгені (3 490 млн АҚШ долл.) құрады.
- Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлесті қоса алғанда, компанияның таза пайдасы 946 млрд теңгемен (2 089 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 867 млрд теңгені (1 890 млн АҚШ долл.) құрады.
- Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлесіне түзетілген таза пайда [2] 597 млрд теңгемен (1 317 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 1 018 млрд теңгеге (2 220 млн АҚШ долл.) жетті.
- Бос ақша ағымы 458 млрд теңгемен (1 010 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 1 012 млрд теңгені (2 207 млн АҚШ долл.) құрады.
- 2024 жылғы 30 қыркүйектегі жалпы қарыз 2023 жылғы 31 желтоқсандағы 3 757 млрд теңге (8 265 млн АҚШ долл.) мөлшеріндегі көрсеткішпен салыстырғанда 3 819 млрд теңге (7 938 млн АҚШ долл.) құрады.
- 2024 жылғы 30 қыркүйектегі компанияның таза қарызы 2023 жылғы 31 желтоқсандағы 1 645 млрд теңге (3 620 млн АҚШ долл.) деңгейіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 1 260 млрд теңгені (2 619 млн АҚШ долл.) құрады.
| Көрсеткіштің атауы | Өлшем бірлігі | 2024 ж 9А | 2023 ж 9А [3] | % |
|---|---|---|---|---|
| Мұнай, Dated Brent [4] | $/барр. | 82,79 | 82,07 | 0,9% |
| Мұнай, Dated Urals [4] | $/барр. | 72,16 | 61,00 | 18,3% |
| Мұнай, KEBCO [4] | $/барр. | 83,21 | 81,13 | 2,6% |
| Орташа бағам | Теңге/АҚШ долл. | 458,79 | 452,97 | 1,3% |
| Түсім | млрд теңге | 6 349 | 6 088 | 4,3% |
| Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес | млрд теңге | 407 | 565 | -27,9% |
| Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындардан және қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд | млрд теңге | 559 | 216 | 158,9% |
| Таза пайда | млрд теңге | 867 | 946 | -8,4% |
| Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлеске түзетілген таза пайда | млрд теңге | 1 018 | 597 | 70,6% |
| EBITDA [5] | млрд теңге | 1 601 | 1 679 | -4,6% |
| EBITDA түзетілген көрсеткіші [6] | млрд теңге | 1 752 | 1 329 | 31,8% |
| Күрделі шығындар (есептеу әдісі бойынша) | млрд теңге | 444 | 494 | -10,0% |
| Күрделі шығындар (кассалық әдіс бойынша) | млрд теңге | 408 | 498 | -18,1% |
| Бос ақша ағымы [7] | млрд теңге | 1 012 | 458 | 121,2% |
| Жалпы қарыз [8] | млрд теңге | 3 819 | 3 757 [9] | 1,7% |
| Таза қарыз [10] | млрд теңге | 1 260 | 1 6459 | -23,4% |
[11]2023 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 2024 жылдың тоғыз айындағы негізгі өндірістік көрсеткіштер:
- Мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 3,1%-ға өсіп, 18 047 мың тоннаны құрады;
- Мұнай тасымалдау көлемі 6,4%-ға артып, 63 197 мың тоннаға жетті;
- Қазақстан және румын мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 14 901 мың тоннамен салыстырғанда 14 122 мың тоннаны құрады.
| 2024 ж 9А (ҚМГ үлесіне) | 2023 ж 9А (ҚМГ үлесіне) | % | |
|---|---|---|---|
| Мұнай өндіру, мың тонна | 18 047 | 17 508 | +3,1% |
| Газ өндіру, млн м3 | 7 202 | 7 008 | +2,8% |
| Мұнай тасымалдау, мың тонна | 63 197 | 59 371 | +6,4% |
| Көмірсутек шикізатын өңдеу, мың тонна | 14 122 | 14 901 | -5,2% |
2024 жылдың тоғыз айындағы қаржылық нәтижелерге шолу
Түсім
Түсім 6 349 млрд теңгені (13 838 млн АҚШ долл.) құрады және бұл негізінен KMG International мұнайын өткізу көлемінің ұлғаюына байланысты 2023 жылдың тоғыз айындағы көрсеткіштен 4,3%-ға жоғары.
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес Сағалық қысымды басқару жобасының объектілерін пайдалануға беру есебінен амортизация бойынша шығыс мөлшерінің ұлғаюы нәтижесінде негізінен «Теңізшевройл» ЖШС-нен түсетін пайданың 152,3 млрд теңгеге (342 млн АҚШ долл.) төмендеуіне байланысты 27,9%-ға азайып, 407 млрд теңгені (888 млн АҚШ долл.) құрады.
EBITDA
2024 жылдың тоғыз айында EBITDA көрсеткіші 1 601 млрд теңгені (3 490 млн АҚШ доллары) құрап, 1 679 млрд теңгемен (3 706 млн АҚШ доллары) салыстырғанда «Теңізшевройл» ЖШС-нен түсетін пайданың 152,3 млрд теңгеге азаюына байланысты «мұнай мен газды барлау және өндіру» және «корпоративтік орталық» сегменттерінде төмендеуі салдарынан 4,6%-ға қысқарды.
EBITDA түзетілген көрсеткіші
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдастырқан компаниялардың пайдасындағы үлестің орнына бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд мөлшерін көрсететін EBITDA түзетілген көрсеткіші 31,8% артып, 1 752 млрд теңгеге (3 820 млн АҚШ долл.) жетті.
Таза пайда
Компанияның таза пайдасы 2023 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 8,4%-ға азайып, 867 млрд теңгені (1 890 млн АҚШ долл.) құрады. Таза пайданың төмендеуі негізінен бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлестің төмендеуімен байланысты.
Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың үлесіне түзетілген таза пайда
Бірлескен бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың үлесіне түзетілген таза пайда 597 млрд теңгеден (1 317 млн АҚШ долл.) 1 018 млрд теңгеге (2 220 млн АҚШ долл.), яғни 70,6%-ға өсті.
Өзіндік құн
Есепті кезеңде мұнайдың, газдың, мұнай өнімдерінің және өзге де материалдардың сатып алудың өзіндік құны 3 299 млрд теңгеге (7 190 млн АҚШ) жетіп, 2,5%-ға азайды. Өзiндiк құнның төмендеуi Петромидия зауытында биыл наурыз-сәуір айларында жүргiзiлген күрделi жөндеу себебiнен өңдеу үшiн мұнай сатып алу көлемiнiң төмендеуiне байланысты болды.
Операциялық шығыстар
Өндірістік шығыстар 18,2% -ға өсіп, 1 023 млрд теңгені (2 230 млн АҚШ долл.) құрады. Бұған негізінен ҚМГ қызметін жүргізетін өңірлерде өндірістік персоналдың еңбекақысы бойынша шығыстарды индекстеу, сондай-ақ тасымалдау тарифтерінің және көлемінің ұлғаюына байланысты көлік шығыстарының ұлғаюы себеп болды.
Есепті кезеңде тасымалдау және сату бойынша шығыстар 203 млрд теңгені (443 млн АҚШ долл.) құрады, бұл 2023 жылдың осындай кезеңдегі көрсеткіштен 15,1%-ға жоғары. Өсім Каспий құбыр консорциумы бағыты бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ көмірсутек шикізатын экспортқа өткізу көлемінің артуына, сондай-ақ тасымалдау тарифтерінің және көлемінің ұлғаюына байланысты көлік шығыстарының ұлғаюына негізделген.
Жалпы және әкімшілік шығыстар 68,9%-ға артып, 197 млрд теңгені (430 млн. АҚШ долл.) құрады. Бұл көрсеткіш «ҚазРосГаз» ЖШС-де 50% қатысу үлесін сенімгерлік басқару қызметі үшін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес ұйымы «QazaqGaz» ҰК» АҚ сыйақысын 53,3 млрд. теңге мөлшерінде есептеумен, сондай-ақ 2024 жылдың сәуір-мамырында су тасқынынан зардап шеккендерге Samruk-Kazyna Trust арқылы 10,0 млрд. теңге мөлшерінде демеушілік көмек көрсетумен байланысты өсті.
Табыс салығынан басқа салықтар іс жүзінде өзгерген жоқ және 432 млрд теңгені (942 млн АҚШ долл.) құрады.
Күрделі шығындар
Есептеу әдісі бойынша күрделі шығындар («Сегменттік есептілік» ескертпесінде ашып көрсетілген) 444 млрд теңгені (969 млн АҚШ долл.) құрап, негізінен «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырын қайта жаңарту мен кеңейту жобасының аяқталуына және «Жеңіс» жобасында барлау ұңғымасын бұрғылау жұмыстарының аяқталуына байланысты 10,0%-ға азайды.
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтер
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтер 216 млрд теңгемен (476 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 559 млрд теңгені (1 218 млн АҚШ долл.) құрады. Ауытқу негізінен есепті кезеңде және былтыр «Теңізшевройл» ЖШС тарапынан дивидендтер әртүрлі кезеңде төленуімен түсіндіріледі. Бұл көрсеткіштің өсуіне негізінен «Теңізшевройл» ЖШС-нен 231 млрд теңгеге (502 млн АҚШ долл.), «ҚазРосГаз» ЖШС-нен 52,7 млрд теңгеге (115 млн АҚШ долл.) және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-дан 43,6 млрд теңгеге (95 млн АҚШ долл.) дивиденд төленгені себеп болды.
Бос ақша ағымы
Өткен осындай кезеңмен салыстырғанда бос ақша ағымы 121,2%-ға артып, 1 012 млрд теңгеге (2 207 млн АҚШ долл.) жетті. Көрсеткіштің өсуіне бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд мөлшерінің ұлғаюы, сондай-ақ күрделі шығындардың төмендеуі ықпал етті.
Қарызды басқару
Боыштық жүктеменің көрсеткіштері
| Көрсеткіштің атауы | Өлшем бірлігі | 2024 жылғы 30 қыркүйек | 2023 жылғы 31 желтоқсан | % |
|---|---|---|---|---|
| Облигация | млрд теңге | 3 117 | 3 046 | 2,3% |
| Қарыз | млрд теңге | 702 | 711 | -1,2% |
| Жалпы қарыз | млрд теңге | 3 819 | 3 757 | 1,7% |
Дөңгелектеу нәтижесінде сандар қосылмауы мүмкін.
2024 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша жалпы қарыз теңгемен 1,7% ұлғайып, 3 819 млрд теңгені (7 938 млн. АҚШ долл.) құрады және доллармен 2023 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 4,0%-ға төмендеді. Көрсеткіштің өсуіне есепті кезеңде ұлттық валюта бағамының ауытқуы, сондай-ақ 2022 жылы ҚМГ «Самұрық-Қазына» АҚ пайдасына шығарған облигациялардың купон мөлшерлемесінің 3%-дан 9,3%-ға дейін артуы себеп болды. [12].
Есепті кезең ішінде KMG International айналым капиталын қаржыландыру үшін қолданыстағы кредиттік желі шеңберінде Bank of Tokyo-Mitsubishi UFJ, Ltd.-ден алынған жалпы сомасы 34,4 млн АҚШ доллары (15,8 млрд теңгеге тең), ING Bank-тен жалпы сомасы 39,9 млн АҚШ доллары (18,3 млрд теңгеге тең) және NATIXIS-тен жалпы сомасы 83 млн АҚШ доллары (38,1 млрд теңгеге теңге) мөлшеріндегі синдикатталған қарызды игерді.
Есепті кезең ішінде «Магистралды су құбыры» ЖШС «Халық Банкі» АҚ алдындағы борышты қайта қаржыландыру үшін 2033 жылға дейінгі өтеу мерзімімен Еуразия Даму Банкінен жалпы сомасы 21,0 млрд теңгеге қарыз алды.
Жалпы борыштың ұлғаюы 750 миллион АҚШ долларына (358,2 млрд теңгеге тең), облигацияларды ішінара мерзімінен бұрын өтеумен, KMG International-дың Banca Transilvania-дан алған 34,6 млн. АҚШ доллары (15,9 млрд теңгеге баламалы) қарызын өтеумен және пайыздарды қоса алғанда, жалпы сомасы 67,5 млн АҚШ долл. (31,0 млрд. теңгеге тең) мөлшеріндегі синдикатталған қарыз ішінара өтеумен жартылай жабылды.
2024 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша ҚР Энергетика министрлігінің «Жеңіс» жобасы бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты бұзу туралы хабарламасы негізінде компания «Лукойл Қазақстан Апстрим» ЖШС-дан алынған 48,1 млрд теңге мөлшеріндегі қарыздың (керри-қаржыландыру) танылуын тоқтатты.
Таза қарыз
2024 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша таза қарыз 2023 жылғы 31 желтоқсанға қарағанда теңгемен 23,4%-ға және доллармен есептегенде 27,6%-ға төмендеп, 1 260 млрд теңгені (2 619 млн АҚШ долл.) құрады.
Ақша қаражаты
Шоғырландырылған ақша қаражаты және олардың баламалары, сондай-ақ депозит түріндегі ақша қаражаты
| Көрсеткіштің атауы | Өлшем бірлігі | 2024 жылғы 30 қыркүйек | 2023 жылғы 31 желтоқсан | % |
|---|---|---|---|---|
| Ақша қаражаты және олардың баламалары | млрд теңге | 1 263 | 1 051 | 20,2% |
| Ұзақ мерзімді депозиттер | млрд теңге | 68 | 64 | 6,7% |
| Қысқа мерзімді депозиттер | млрд теңге | 1 228 | 997 | 23,1% |
| Ақша қаражаты, олардың баламалары және депозит түріндегі ақша қаражаты | млрд теңге | 2 559 | 2 112 | 21,2% |
Дөңгелектеу нәтижесінде сандар қосылмауы мүмкін.
Шоғырландырылған ақша қаражаты және олардың баламалары, соның ішінде депозит түріндегі ақша қаражаты 2023 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 2024 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша 21,2%-ға ұлғайып, 2 559 млрд теңгені құрады. Доллармен есептегенде бұл көрсеткіш 2023 жылғы 31 желтоқсанмен салыстырғанда 14,5%-ға артып, 5 318 млн АҚШ долларын құрады.
2024 жылдың басынан бергі негізгі корпоративтік оқиғалар:
- 2024 жылы 18 қаңтарда Рим қаласында (Италия) ҚМГ және Eni S.p.А. Жаңаөзен қаласында гибридті электр станциясын салу жобасын іске асыру туралы бірлескен шешімге қол қойды. Жоба Eni Plenitude еншілес компаниясымен бірлесіп, Жаңаөзен қаласында жел электр станциясын (77 МВт) және күн электр станциясын (50 МВт), сондай-ақ қуаты 120 МВт газ электр станциясын салуды көздейді.
- 2024 жылы 21 ақпанда ҚМГ мен «Татнефть» ЖАҚ «Karaton Operating Ltd» ЖК жарғылық капиталындағы 50% қатысу үлесін сатып алу-сату шартына, Акционерлер келісіміне және «Каратон Подсолевой» жобасы бойынша Қаржыландыру туралы келісімге қол қойды.
- 2024 жылы 11 наурызда ҚМГ мен SOCAR Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісімге және қазақстандық мұнайды сатып алу-сату жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
- 2024 жылы 29 наурызда «Sinopec» компаниясының (Қытай) Атырау облысында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт салу жөніндегі жобаға 30% қатысу үлесімен заңды түрде кіруі аяқталды. осылайша жобаға қатысушылардың үлесі мынадай: ҚМГ - 40% (шоғырландырылған), СИБУР - 30%, Sinopec - 30%.
- 2024 жылы 28 мамырда өткен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Акционерлерінің жылдық жалпы жиналысының қорытындысы бойынша Асхат Ғалымұлы Хасенов ҚМГ Басқармасының төрағасы болып тағайындалды. 2024 жылдың басынан бастап ҚМГ Басқармасының құрылымында жаңа тағайындаулар болды. 2024 жылғы қарашадағы жағдай бойынша ҚМГ Басқармасының құрамы 10 адамнан тұрады (Хасенов А.Ғ. - Басқарма төрағасы, Есқазиев Қ.О., Абдулгафаров Д.Е., Закиров Б.К., Лавренов В.С., Мағауов Ә.М., Арысова Д.А., Брекешев С.А., Абайылданов Б.К. және Балықбаев Р.А.)
- 2024 жылы 26 қарашада ҚМГ өз акционерлеріне 2023 жылға дивиденд төлеуді аяқтады. Дивидендтердің жалпы сомасы – 300,0 млрд теңге. Бір жай акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері 491,71 теңгені құрады.
- 2024 жылы 16 шілдеде Жаңаөзенде қуаты 247 МВт болатын болашақ гибридті электр станциясының құрылысын бастау рәсімі өтті. Гибридті жоба жаңартылатын энергия көздерінен (жел мен күн) электр энергиясын аралас өндіруді көздейді. Күн электр станциясының қуаты 50 МВт, жел электр станциясының қуаты 77 МВт және газ электр станциясының қуаты 120 МВт құрайды.
- 2024 жылы 11 қыркүйекте Атырау облысында қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін және инвестиция көлемі шамамен 7,4 млрд. АҚШ долларды құрайтын. зауыттың бастапқы құрылыс жұмыстары басталды.
- 2024 жылы 11 қыркүйекте Moody's Ratings халықаралық рейтинг агенттігі ҚМГ-ның кредит рейтингісін «Baa2»-ден «Baa1»-ге дейін көтеріп, болжам «Тұрақты» болып өзгертілді. ҚМГ рейтингісі ҚР тәуелсіз рейтингісіне теңестірілген.
- 2024 жылы 12 қыркүйекте ҚМГ облигацияларды 750 млн АҚШ долл. мөлшеріндегі сомаға мерзімінен бұрын ішінара өтеді. Мерзімінен бұрын ішінара өтеу қорытындысы бойынша купондық төлемдерді үнемдеу 92,7 млн АҚШ долларын құрады. Мерзімінен бұрын өтеу облигацияларды ұстаушылардың ҚМГ жария ұсынысына дауыс беру нәтижелері бойынша жүргізілді.
- 2024 жылы 14 қазанда «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасында ҚМГ кепілдігімен 3,5 жыл мерзімге 26,6 млрдтеңге сомасына қарыз алу туралы келісімге қол қойылды. Қарыз ақшасы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-дан теңгемен алынған қарызды қайта қаржыландыруға бағытталған.
- 2024 жылы 22 қазанда ҚМГ мен China National Offshore Oil Corporation International Limited (CNOOC) «Жылыой» жер қойнауын пайдаланудың жаңа жобасы бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды.
Көрсеткіштер мен есептеулер нәтижелері жуықтап көрсетілген. Сонымен қатар кезеңдерді салыстыру кезінде жуықталмай, нақты мәндер қолданылды. Компанияның пікірінше, дөңгелектеуге қатысы бар кез келген ықтимал түзетулер операциялық нәтижелерге материалдық әсер етпеуі керек.
Толық ақпарат мына сілтеме бойынша оқуға болады: https://www.kmg.kz/ru/investors/reporting/
Байланыс үшін: ir@kmg.kz, тел: +7 (7172) 78 64 34
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ туралы:
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның вертикалды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, қайта өңдеуге және мамандандырылған қызметтерді ұсынуға дейінгі бүкіл өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. 2002 жылы құрылған Компания еліміздің мұнай-газ саласында Қазақстанның мүддесін қорғайды.
ҚМГ-ның негізгі активтері:
- Барлау және өндіру: Өзенмұнайгаз (ӨМГ) – 100%, Ембімұнайгаз (ЕМГ) – 100%, Қазақтүрікмұнай (ҚТМ) – 100%, ҚазМұнайТеңіз – 100%, Өріктау (ӨО) – 100%, Доңға– 60%, Орал Ойл энд Газ (ООГ) – 50%, Маңғыстаумұнайгаз (ММГ) – 50%, Қазгермұнай (КГМ) – 50%, Қаражанбасмұнай (ҚБМ) – 50%, Қазақойл Ақтөбе (ҚОА) – 50%, ПетроҚазақстан Инк (ПҚИ) – 33%, Теңізшевройл (Теңіз) – 20%, Қарашығанақ – 10%, Қашаған – 16,88%..
- Тасымалдау: ҚазТрансОйл – 90%, Қазақстан-Қытай құбыры (ҚКТ) – 50%, МұнайТас – 51%, Батуми мұнай терминалы – 100%, Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) – 20,75%, Қазтеңізкөлікфлоты - 100%.
- Өңдеу және басқалары: ПМХЗ – 100%, АМӨЗ – 99,53%, ПҚОП – 49,72%, KMG International – 100%, Caspi Bitum – 50%, Петромидия – 54,63%, Вега – 54,63%, ҚазРосГаз – 50%, Қазақстан Петрокемикал Индастриз Инк. – 49,5%.
[1] Сомалар ыңғайлы болу үшін тиісті кезеңдегі орташа айырбастау бағамы бойынша АҚШ долларымен көрсетілген (2024 және 2023 жылдардың 9 айындағы орташа бағам, тиісінше, 458,79 және 452,97 теңге/АҚШ долларын құрады; кезең соңындағы бағам – 2024 жылғы 30 қыркүйекте және 2023 жылғы 31 желтоқсанда тиісінше 481,19 және 454,56 теңге/АҚШ долларын құрады).
[2] Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлеске түзетілген таза пайда = таза пайда + бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтер минус бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлес
[3] 2023 жылғы желтоқсанда Компания «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС-нің еншілес ұйымынан және үшінші тарап «ХимПарк Тараз» ХЭЗ УК" АҚ-дан Полимердегі 99,9% және 0,1% қатысу үлесін сатып алды. Осыған байланысты кейбір түзетулер енгізілді, толығырақ тәуелсіз аудитордың есебі бар 2023 жылғы 9 айдағы шоғырландырылған қаржылық есептілікке 5-ескертпені қараңыз.
[4] Дереккөз: S&P Global Platts.
[5] EBITDA = сатып алынған мұнайдың, газдың, мұнай өнімдерінің және басқа материалдардың өзіндік құнын, өндірістік шығыстарды, жалпы және әкімшілік шығыстарды, тасымалдау және сату жөніндегі шығыстарды, табыс салығынан басқа салықтарды алып тастағанда, кіріске қоса бірлескен кәсіпорындар мен қауымдастырылған компаниялардың кірістеріндегі үлес, нетто.
[6] EBITDA түзетілген көрсеткіші = сатып алынған мұнайдың, газдың, мұнай өнімдерінің және басқа материалдардың өзіндік құнын, өндірістік шығыстарды, жалпы және әкімшілік шығыстарды, тасымалдау және сату шығыстарын, табыс салығынан басқа салықтарды алып тастағанда, кіріске қоса бірлескен кәсіпорындар мен қауымдастырылған компаниялардан алынған дивидендтер.
[7] Бос ақша ағымы = негізгі құралдарды, материалдық емес активтерді, инвестициялық жылжымайтын мүлікті және барлау және бағалау активтерін сатып алуды қоспағанда, операциялық қызметтен алынған таза ақша ағымы. Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдастырылған компаниялардан алынған дивидендтер операциялық қызметтен алынған ақша ағымына кіреді.
[8] Есепті кезеңнің соңындағы жалпы қарыз = облигацияларға қоса қарыздар (қысқамерзімді және ұзақмерзімді). Берілген кепілдіктер есепке енгізілмеген.
[9] Жалпы қарыз бен таза қарыз 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша көрсетілген.
[10] Таза қарыз: қарыздар қосылған, ақша қаражаты мен олардың баламалары, кезең соңындағы банктік салымдар (қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді) алынған облигациялар. Берілген кепілдіктер есепке енгізілмеген.
[11] Өндірістік көрсеткіштер бірлескен және қауымдасқан компаниялардағы ҚМГ-ның меншікүлесіне және шоғырландырылған еншілес ұйымдар үшін көрсеткіштердің 100%-ына сәйкес көрсетілген. Толық ақпаратты 2024 жылдың тоғыз айындағы өндірістік нәтижелер туралы баспасөз хабарламасын мына сілтеме бойынша оқи аласыз: https://www.kmg.kz/ru/investors/reporting/
[12] Толық мәлімет компанияның тиісті кезеңдегі қаржылық есептілігінде ашып көрсетілген.