«ҚазМұнайГаз» «Самұрық-Қазына» ұйымдастырған өндірістік қауіпсіздікке арналған екінші форумға қатысты
04.08.2023
«Самұрық-Қазына» қоры 4 тамызда Астанада өндірістік қауіпсіздік саласында тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талдау, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында жаңа сараптамалық алаң қалыптастыру мақсатында екінші рет форум өткізді.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов форум қонақтарына «бұл форум әр қызметкердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қор тобына кіретін барлық компанияның күш-жігерін біріктіру үшін ұйымдастырылғанын» атап өтті. «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың айтуынша, былтыр жыл соңында қор 3 бағыт бойынша 38 нақты іс-шарадан тұратын 2023 жылға арналған өндірістік қауіпсіздік жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті: адамдар және қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттыру; технологиялық жабдықтарды пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету; төтенше жағдайлардың алдын алу.
«Портфельдік компаниялардағы өндірістік қауіпсіздікті басқару жүйесін жетілдіру және жарақат пен апаттардың алдын алуға бағытталған іс-шараларды іске асыру барысы әрдайым Қор бақылауында», — деп атап өтті Ғ.Ауғанов.
ҚР Энергетика министрлігінің өкілдері өз кезегінде еңбекті қорғау саласын мемлекеттік реттеу бағытындағы жаңа тәсілдер, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасындағы еңбек қауіпсіздігі тұжырымдамасы туралы айтып берді.
Қорға қарасты компаниялардың топ-менеджерлері форум қатысушыларына өз ұйымдарында «Жарақатқа жол жоқ» тұжырымдамасының жеті алтын ережесі қалай енгізіліп жатқанын баяндады. Олар – көшбасшылық және қызметкерді қауіпсіздік мәселелеріне тарту тетіктері, тәуекелдерді анықтау және қатерлерді бақылау, мақсаттарды анықтау және оларға қол жеткізу бойынша бағдарламаларды әзірлеу, өндірістік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, жұмыс кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі мәселелерін шешуге қатысу үшін көтермелеу және ынталандыру жолдары.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов ҚМГ-нің өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мақсаттарына тоқталды. Өз сөзінде ол ҚМГ өндірісте қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасын қалыптастыруға ұмтылатынына назар аударды.
«ҚазМұнайГаздың» басты мақсаты — барлық қызметкердің өмірі мен денсаулығын сақтау. Біз ҚМГ-нің барлық қызметкерінің еңбек және өндірістік тәртіп талаптарын қатаң сақтауына, қауіпсіз өндіріс мәдениетін қамтамасыз етуге басымдық беруге ұмтыламыз», — деді Д.Хасанов.
ҚМГ басшысының орынбасары еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі барлық мақсат «ҚазМұнайГаздың» 2022-2031 жылдар аралығындағы даму стратегиясымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін 2023 жылы 10 наурыздан бастап арнайы Жол картасы бекітілді, ол бірқатар бағытты қамтиды: өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау саласындағы менеджмент жүйесі, қызметкерлердің құзыретін арттыру, цифрландыру, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, гигиена және өндірістік санитария, өнеркәсіптегі және өрт қауіпсіздігі, азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайларға және дағдарысқа ден қою және басқа да бағыттар.
Форумға халықаралық ұйымдар мен компаниялардың өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысып, еңбекті қорғау саласындағы әлемдегі озық нәтижелер туралы мәлімет берді.