ҚМГ-ның жылдық есебі бірқатар халықаралық марапатқа ие болды
23.01.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 2024 жылғы есебі беделді халықаралық марапаттардың қатарынан көрінді. Бұл корпоративтік ақпаратты жария етудің жоғары деңгейін және үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкестігін растайды.
ҚМГ-ның есебі мұнай-газ компаниялары арасында өткізілген Annual Report Competition (ARC Awards, АҚШ) байқауында «Жылдық есептің үздік PDF-нұсқасы» санатында күміс жүлдеге ие болды. 1987 жылы негізі қаланған ARC Awards – әлемдегі ең ірі әрі танымал халықаралық жылдық есеп байқауларының бірі. Айта кетсек, ҚМГ –Қазақстаннан марапат алған жалғыз эмитент.
Бұдан бөлек ҚМГ-ның жылдық есебі корпоративтік және қаржылық коммуникациялар саласындағы беделді байқаулардың бірі — Corporate & Financial Awards (CFA, Ұлыбритания) «Жылдық есептің үздік интерактивті нұсқасы – жаһандық» (Best Online Report – International) номинациясы бойынша қола жүлдеге ие болды. Best Online Report – International номинациясы бәсекеге қабілетті, себебі оған акциялары Ұлыбританиядан тыс нарықтардағы айналымда жүрген, капиталдандыру көлемі мен саласы есепке алынбайтын барлық жария компаниялар қатысады. Қазылар алқасы цифрлық есептіліктің инвесторлармен және басқа да стейкхолдерлермен байланыс орнатудағы тиімділігі мен инновациялық деңгейіне ерекше назар аударды. Аталған байқауда ҚМГ Қазақстан атынан жүлдеге ие болған тағы да жалғыз компания болды.
ҚМГ-ның жылдық есебі Мәскеу биржасы жыл сайын ұйымдастыратын XXVIII жылдық есептер байқауы аясында «2022–2024 жылдардағы капитал нарығындағы жаңа эмитенттің үздік жылдық есебі» және «Бөлшек инвесторларды таңдау» номинациялары бойынша тізімге енді.
RAEX Analytics (Ресей) агенттігі әзірлеген коммерциялық ұйымдардың 2024 жылғы жылдық есептер рейтингінде ҚМГ ең жоғары баға – 5 жұлдызды алды. Бұл құжат сапасының барынша жоғары деңгейде екендігін көрсетеді.
«Жылдық есептің сапасына және жария компаниялардың берген ақпараттарына жыл сайын қойылатын талаптар артып келеді. Қор биржалары мен инвесторлар эмитенттерден сапа мен ашықтықтың ең жоғары стандарттарына сай болуды күтеді. Осыған байланысты ҚМГ жылдық есепті әзірлеуде жария компаниялардың озық халықаралық тәжірибесін негізге алып, кәсіби сарапшылар қауымдастығынан жоғары баға алуды мақсат етті», - деді ҚМГ-ның Басқарма төрағасының орынбасары Диана Арысова.
Алынған марапаттар ұлттық компанияның жылдық есепті әзірлеуге, ақпаратты жария ету сапасын арттыруға және инвестициялық қоғамдастықпен байланысты жүйелі түрде дамытуға деген кешенді көзқарасын айқын көрсетеді. Жылдық есеп ҚМГ қызметінің нәтижелерін, стратегиялық басымдықтарын және бизнесті одан әрі дамыту перспективаларын жан-жақты таныстыруға мүмкіндік беретін негізгі коммуникациялық құралдардың бірі болып есептеледі.