Атырау мұнай өңдеу зауытына 80 жыл. Қазақстандағы мұнай өнеркәсібінің алғашқы қарлығашы
26.02.2025
Үкіметтің шешімімен Гурьевтегі МӨЗ құрылысы КСРО ІІХК Аэродромдық құрылыс бас басқармасының 3-ші Құрылыс басқармасына жүктелді. Гурьев қаласына Көліктік техникасы мен АҚББ 3-ҚБ қызмет көрсетуші қызметкерлері бар бірінші эшелон 1943 жылдың 18 мамырында келді. Құрылыс басқармасының басшысы болып инженер-подполковник Иван Михайлович Романовский тағайындалды. Ленинградтан арнайы өкімет тапсырмасымен келген Романовский осы өңірдің климаттық жағдайларына назар аударады, кейін ол өзінің күнделігінде былай деп жазды: «…Тақыр жер. Тегіс бетінен жасыл түстінің бәрін өшіріп тастаған. Ол бұл өңірдегі табиғаттың ғұмырнамасынан мүлдем сызылып тасталғандай — шөп те, ағаш та жоқ. Күннің ыстығынан күйіп кеткен осы сор өңірге енді, соғыс күндері, зауыт пен жанына қала салу керек. Бірақ мұнда үй салуға қажет тас жоқ. Тек шаң мен тұз ғана». Алайда зауытты салу және іске қосуды тез атқару керек — басқа амал жоқ.
Фотода: зауыт құрылысшылары
***
1944 жыл құрылыстың шешуші кезеңі болды. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам адам жұмылдырылды Жылу электр орталығы, су бөгет, су таратқыш, тазартқыш құрылыстар, кәріз және жылыту желілері, тұрғын қалашығындағы тұрғын үйлер салынды. Технологиялық қондырғылар тұрғызылды. Желтоқсанның бірінші күндерінен су бөгетінде, ЖЭО-да және сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінде құрылғыны кешенді сынақтан өткізу және іске қосу және жөндеу жұмыстары басталды. 1945 жылдың 1 қаңтарында зауыттың ЖЭО-сы пайдалануға берілді.
Тазарту қондырғылары
РЕКС мұнай қаққышы
Екінші су блогы сорғы бөлмесінің ғимараты
1945 жылы технологиялық қондырғылардың, тұрғын үйдің, жалпы зауыттық және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы нысандардың құрылысы кең ауқымда жүргізілді. Пешной аралындағы нысандардың, зауыттағы Пешной ар. мұнай құбырының, мұнай қабылдауға арналған зауыттан тыс резервуарлық парктің құрылысы тездетілді. Технологиялық қондырғыларды монтаждау, зауыт асханасын, өрт депосын, зауыт басқармасының және химиялық зертхананы салу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Зауыт және жұмысшылар мен қызметкерлерге арналған жаңа жабдықталған қалашықтың құрылысына 18 ай жұмсалды.
1945 жылдың 8 қыркүйегінде №441 мұнай өңдеу зауытының алғашқы өнімі — автокөлік бензинін шығарып, қазақстандық мұнай өңдеу саласының туылуын білдірді. Зауыттың алғашқы өндірістік қуаты жылына 800 мың тонна мұнай өңдеуді құрады. Зауыт ең басынан мотор және қазан жанармайларын шығарып, жанармай саласы жағынан дамыды.
Цистерналарға мұнай өнімдерін құю
Мұнай өнімдерін құю эстакадасы
1945 жылдың 8 қыркүйегі — зауыт пен қазақстандық мұнай өңдеу саласының туған күні. Мемлекеттік комиссияның шешімімен, бұл күн өнеркәсіптік өнім өндірісінің басталған күні ретінде белгіленді. 1945 жылдың 1 қазанынан бастап 17 қарашасына дейінгі кезеңде Мемлекеттік комиссия зауытты өнеркәсіптік қолданысқа енгізуге қабылдау жүргізді. Оның қосылуынан бастап, Гурьев облысы индустриалды орталық мәртебесіне ие болды.
Ол кезде зауыт құрамына 17 өнеркәсіптік нысан, оның ішінде барлық қосалқы нысандар мен Тұрғын үй қалашығы мөлтек ауданы деп аталған тағы бір елді мекен кірді. Технологиялық құрылғылар негізгі нысан болып саналды: термиялық крекинг және мұнайды тікелей айдау блоктарымен құрамдастырылған қондырғы, каталитикалық крекинг және тазалау қондырғысы (ГУДРИ), газофракциялық қондырғы және күкірт қышқылды алкилдеу қондырғысы. Сол 1945 жылы мұнайды өңдеу бойынша бірінші қондырғының қосылуымен бірге орталық зауыттық зертхана да қызмет ете бастады.
1945 ж. 17 наурызда «Прикаспийская комунна» газетіне жарияланған № 441 зауыттың құрылысы туралы 1-мақала
Зауыт басқармасының ғимараты
Тұрғын үй қалашығы мөлтек ауданы
Зауыт жатақханасы (Тұрғын үй қалашығы мөлтек ауданы)
Ленин көшесі бойындағы жаңа тұрғын үйлер
Гудри[1]каталитикалық крекинг қондырғысында жөндеу және іске қосу жұмыстары 1945 жылы қыркүйек айының аяғында жүзеге асырылды. Ол уақытқа қарай пештердің, буды қатты ысытқыштардың, дистилляция жүйесінің, крекингтік жүйе мен жылу тасығышы — ерітілген тұздың айналысымен тазарту жүйесінің жұмысын алдын ала жөндеуді қамтитын барлық дайындық іс-шаралары өткізіліп болды. 30 дана сорғы жабдығын сыннан өткізу жүргізілді, турбокомпрессор сыналды, 9 реакторда катализаторлар жүргізілді.
Қондырғыны біржолата іске қосу және технологиялық режимге шығару 1946 жылдың бас кезіне келді. Гудри қондырғысы 40-жылдардың аяқ жағында жоғары автоматтандырылған, авиациялық бензин мен дизель отыны компоненттерін өндіретін, каталитикалық үдерістердегі заманауи технологиялық жүйені көрсетті. Шикізат қондырғысының өнімділігі жылына 346 мың тоннаны құрады. Қондырғының шикізаты Бакуден әкелінген дистиллят, кейін жергілікті ембілік мұнайдан жасалған дистиллят болды.
Гудри технологиялық қондырғысы
Гудри қондырғысын басқару қалқаны
Гудридегі ауысымнан кейін
Газофракциялық қондырғы Гудри каталитикалық крекинг қондырғысын технологиялық режимге шығарғаннан кейін қолданысқа енгізілді. Бастапқы кезеңде қондырғының барлық компрессорлары сыннан өткізілді, газофракциялық жүйенің айналысы жүргізілді. Газофракциялық қондырғыға арналған шикізат ретінде тұрақсыз авиациялық компонент және Гудри каталитикалық крекинг және тазалау қондырғысынан алынған майлы газ, АТ құрамдастырылған қондырғысының жылу крекинг блогынан дебутанизатордың сұйық айдауы қолданылды, шикізат бойынша жалпы өнімділігі — жылына 325 мың тонна. Қондырғыда жылына — 83,8 мың тонна авиациялық компонент, 52,6 мың бутан-бутилен фракциясы, 6,8 мың тонна изобутан, құрғақ отын газы өндірілді. Негізгі технологиялық қондырғылардың іске қосу операциялары барлық қиындықтарға қарамастан сәтті өтті. 1945 жылдың қыркүйегіне қойылған зауыт бойынша бекітілген алғашқы өндірістік бағдарлама орындалды: жалпы өнім бойынша 109,1%, автобензин өндірісі бойынша 112,9%.
Газ фракциялау қондырғысы
Газ фракциялау қондырғысының жалпы көрінісі
Күкірт қышқылды алкилдеу қондырғысы қолданысқа 1946 жылда енгізілді. Оның шикізат бойынша өнімділігі жылына 52,4 мың тоннаны құрады. Қондырғы өнімнің келесі түрлерін шығарды: авиациялық алкилбензин — жылына 34,3 мың тонна; автобензин компоненті — жылына 3,8 мың тонна; пайдаланылған бутан-бутилен фракциясы — жылына 12,7 мың тонна; пропан — жылына 0,68 мың тонна.
Күкірт қышқылын алкилддеу қондырғысы
1960 жылдан бастап зауыт Ембі кен орнынан ауыр шайырлы мұнайды өңдеуді арттырды. 60-жылдардан кейін жергілікті кен орындарының мұнайы қайта өңдеу көлемінің 35-40%-ын құрады. Осындай қатынастағы мұнай өңдеу жағдайында 22%-ға дейін авиациялық бензин (жүзоктанды), 32,5% автобензин, 11% құрғақ газ және 27%-дан артық қазандық отынын алып отырды. 1961 жылы Гурьев МӨЗ келесі кен орындарынан төмендегідей қатынаста мұнай өңдеген: шығыс — 36,3%; ембі — 36,9%; түркімен — 26,8%. 1961 жылы мұнай өңдеудің жалпы көлемі іс жүзінде жылына 1 108 458 тоннаны құрады. 1961 жылы Гурьев МӨЗ келесі кен орындарынан төмендегідей қатынаста мұнай өңдеген: шығыс — 36,3%; ембі — 36,9%; түркімен — 26,8%. 1961 жылы мұнай өңдеудің жалпы көлемі іс жүзінде жылына 1 108 458 тоннаны құрады.
Бүгінгі күнге дейін үш кезеңді ауқымды модернизациядан өткен 80 жылдық тарихы бар Атырау мұнай өңдеу зауыты былтыр алғаш рет рекордтық көрсеткішті бағындырды. Ел ішіндегі сұраныстың үштен бірін қамтып отырған алпауыт кәсіпорын өткен жылы 5 млн 546 мың тоннадан астам мұнай өңдеген. Бұл 2023 жылы өңделген мұнайдан 71 мың тоннаға артық. Қазір зауытта 2 500-ден астам адам еңбек етеді.
Мақаланы дайындау барысында Жоламан Есенұлы Есеновтың «Қазақстанда алғашқы мұнай өңдеу» кітабының материалдары пайдаланылды
Ескертпелер
[1] Каталитикалық крекинг қондырғысының дамуы франко-америкалық механик Эжен Гудри есімімен (1892–1962) байланыстырылады. Оның әдісі бойынша 1936–1937 жылдары бұл процесс АҚШ-та Socony-Vacuum Oil Company және Sun Oil компанияларының мұнай өңдеу нысандарында өнеркәсіптік ауқымда қолданыла бастады. Процесс стационарлы катализатор қабатында жүрді. Әрі оған табиғи саз пайдаланылды. Катализатордың жұмыс істеу уақыты шамамен 30 минутты құрады. Содан кейін ол тотығу арқылы қайта қалпына келтірілді: Яғни, процесс кезеңдік сипатта болды. Крекинг процесінде (шикізат ретінде керосин фракциясы қолданылған) бензин шығымы 25–30% деңгейінде болды. Кемінде осындай типтегі 20 қондырғы салынған.