Асхат Хасенов Жетібайдағы өндірістік базаның құрылысымен танысты
07.10.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде Жетібай кен орнында болып, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС-нің (ОТК) жаңа өндірістік базасының құрылыс барысымен танысты.
Жоба 600 адамға есептелген әкімшілік-тұрмыстық кешенді, 100 автокөлікке арналған жылы гаражды, сондай-ақ 180 жүк автокөлігін қоюға болатын, үсті жабық тұрақ алаңын салуды қамтиды.
ҚМГ басшысына жобаның іске асу барысы және бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының жалпы орындалу көрсеткіші 81% құрайды. Негізгі өндірістік және әкімшілік-тұрмыстық нысандардың құрылысы аяқталуға жақын. Газ, су және электрмен жабдықтау жұмыстарының басым бөлігі атқарылды. Аумақты абаттандыру іс-шаралары жалғасып жатыр.
Құрылыс алаңына 100 маман және 17 негізгі құрылыс техникасы жұмылдырылған.
Салынып жатқан жаңа база жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға және өндірістік нысандарда заманауи инфрақұрылым құруға бағытталған. ҚазМұнайГаз бұл жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, қызметкерлерге жайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға мән беріп келеді.
А.Хасенов жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударуды тапсырды.