ҚМГ басшысы Атырау облысындағы мұнай-газ химиясы жобаларының іске асырылу барысымен танысты
15.10.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Силлено» зауытының құрылыс алаңына барды. Кешен жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін болады.
Қазіргі уақытта пиролиз, полимерлеу қондырғылары мен зауыттың жалпышаруашылық нысандарында құрылыс жұмыстары жүруде. Атап айтқанда, ғимараттар мен нысандарды салу, инженерлік желілерді тарту және технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары атқарылып жатыр.
Полиэтилен өндірісінің негізгі шикізаты – этилен өндірілетін пиролиз қондырғысында ғимараттар, жабдықтар мен эстакадалардың іргетасын құю, металл конструкцияларын монтаждау және технологиялық құбырларды алдын ала құрастыру жалғасуда.
Жобадағы алғашқы ірі технологиялық жабдық – Қазақстандағы «АтырауНефтеМаш» зауытында жасалған, биіктігі 101,8 метр болатын этиленді фракциялау бағанасы орнатылды. Оған қоса пештер мен криогендік резервуарларды монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар жалпы салмағы 1 600 тоннаны құрайтын бес ірі габаритті жабдықты жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. Олардың қатарында салмағы шамамен 700 тонна, ені 12,6 метр болатын салқын блок бар. Ол пирогазды терең салқындатуға, сондай-ақ технологиялық процесте бөлінетін жылу мен салқынды қайта пайдалануға арналған. Бұл – жобада тасымалданатын ені ең үлкен жүк. Жабдықтарды тасымалдау үшін ауыр және ірі габаритті жүктерді жеткізу кезінде салмақты қауіпсіз бөлуге мүмкіндік беретін арнайы көп осьті транспортерлер қолданылады.
Полимерлеу қондырғысы мен зауыттың жалпышаруашылық нысандарында қада қағу және іргетас құю жұмыстары атқарылуда.
Жобадағы жалпы прогресс 40%-дан асты. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Құрылыс алаңына 5 000-нан астам адам және 500-ден аса арнайы техника жұмылдырылған.
Жергілікті қамтуды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде ірі мұнай-газ химиясы жобасына 40-қа жуық қазақстандық компания тартылған. Келісімшарттардың жалпы сомасы 1,2 млрд АҚШ долларынан асады. Отандық кәсіпорындар жобаны іске асырудың барлық кезеңіне – жобалаудан бастап жабдықтар мен материалдарды өндіруге және құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға дейін қатысуда.
Бұдан бөлек, ҚМГ басшысына Теңіз кен орнындағы Газ сепарациялау кешенінің (ГСК) және магистралды құбыржолдарының құрылысы бойынша ағымдағы жұмыстардың жай-күйі туралы есеп берілді. Бұл болашақ газ-химия өндірістерін шикізатпен қамтамасыз ететін жобаларды KMG PetroChem компаниясы іске асырып жатыр.
ГСК алаңында 25 677 қада қағылды, бұл жобада көзделген жалпы көлемнің 87% құрайды. Болашақ өндіріс нысандарының іргетасын құю жұмыстары жалғасуда. Кешен құрылысы бойынша жалпы ілгерілеу көрсеткіші 31% жетті.
Жобаны іске асыруға қазақстандық кәсіпорындардың қатысуы кеңейіп келеді. Отандық компаниялармен жалпы сомасы 154 млн АҚШ долларынан асатын келісімшарттар жасалды. Қазақстандағы өндіріс алаңдарында пропанды сақтауға арналған үш буллитті, жоғары вольтты жабдықтарды және басқа да өнімдерді әзірлеуге тапсырыстар орналастырылды. Бұдан бөлек, елімізде ұзындығы 27 метр болатын екі технологиялық бағана және қысыммен жұмыс істейтін 17 ыдыс дайындалады.
Қазіргі уақытта ГСК құрылысына 3 000-нан астам адам жұмылдырылған.
Магистралды этан және пропан құбырларын салу жобасы аясында сыртқы электрмен жабдықтау және трасса бойындағы нысандарды жобалау жұмыстары аяқталды. Құбырдың желілік бөлігі және алаңдағы нысандар бойынша жобалау жұмыстары аяқталуға жақын.
Сонымен қатар жобаны қажетті жабдықпен және материалдармен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы дайындалатын жіксіз болат құбырларын жеткізу үшін өндіруші зауытпен келісімшарт жасалды. Пропан құбырын әзірлеу жұмыстары да басталды.