Өндіру көлемін ұлғайту, жасанды интеллект және жергілікті кадрлар үлесін көбейту: ҚМГ басшысы ТШО ұжымымен кездесті
12.03.2026
Атырауда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Теңізшевройл» ЖШС-де (ТШО) кеңейтілген отырыс өткізді.
Теңіз кен орнында өндіру көлемін қалпына келтіру жөніндегі шаралар және 2026 жылға арналған өндірістік жоспарлар талқыланды. 2025 жылы ТШО рекордтық 39 млн тонна мұнай өндіріп, компания қызметін бастағаннан бері өндірілген көлемі 5 млрд баррель межесіне жетті.
А.Хасенов биыл қаңтар айында болған оқиғалардан кейін өндірісті қалпына келтіру бойынша бірлескен жұмыстың маңызына тоқталып, жоғары өндірістік қуатқа тезірек шығу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Теңіз кен орнындағы өндірістің сенімділігі мен қауіпсіздігіне, сондай-ақ барлық нысандар мен технологиялық қондырғыларға сапалы әрі уақтылы техникалық қызмет көрсетілуі жіті назарда болуы тиіс.
ҚМГ басшысы ТШО серіктестерінің Теңіз және Королев кен орындарын игеруді ұтымды басқару бағытындағы іс-қимылдарын үйлестіру қажет екенін айтты. Газ айдауды қайта бөлу және платформада шикі газды айдау тиімділігін талдау сияқты қабат қысымының төмендеу қарқынын азайту жөніндегі іс-шараларды уақтылы орындауға ерекше назар аудару қажет.
Жиында өндірістің сенімділігін арттыру және ішкі процестерді оңтайландыру үшін жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу барысы жеке қаралды. ТШО 2025 жылы ЖИ және data science қолдану нәтижелерін таныстырды, соның ішінде инженерлердің жұмысына қажетті техникалық стандарттарды пайдалану үшін жасанды интеллект агенті әзірленді. Сонымен қатар цифрландыруды кеңейту және өндірістік операциялардың тиімділігін арттыру бойынша 2026 жылға арналған жоспарлар ұсынылды. Бастамалар аясында күнделікті бизнес процестерге сараптама мен ЖИ-ді кеңінен енгізу стратегиясы жасалуда, бұл компанияға технологиялық инновациялар мен тұрақты даму саласындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Отырыста жергілікті кадрларды дамыту мәселесі де талқыланды. Қазіргі уақытта ТШО-дағы отандық мамандардың үлесі 96% құрайды. 2025 жылы қазақстандықтар 46 жаңа лауазымға ие болды, оның ішінде бір позиция жоғары буын басшылары арасында. А.Хасенов ТШО-да ұлттық кадрларды даярлау және оларды негізгі қызметтерге тағайындау жүйесін одан әрі ілгерілетудің маңызын атап өтті.