«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
09.05.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚМГ басшысының орынбасарлары және мұнай-газ саласының ардагерлері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ә.Молдағұлова майданға өз қалауымен аттанды. Небәрі 18 жасында ол жойған жау солдаттарының саны 32-ге жеткен еді. 1944 жылы қаңтарда Псков облысында болған шайқаста жаралы болса да, жауынгерлерді шабуылға бастады. Соғыс даласында ол жаудың 78 солдаты мен офицердің көзін жойды. Қазақтың мерген қызы жауды қырып қана қоймай, ұрыс алаңынан жаралыларды сүйреп шығарып, қайсарлық пен батырлық көрсетті. Қайтыс болғаннан кейін Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Айта кетейік, 2025 жылы қазақ халқының мақтанышы, майданда ерлікпен шайқасқан мерген қыз Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толып отыр. Оның ерлігі қазақстандықтардың жадында мәңгі сақталады. Оның есімі мектептерге, елді мекендерге, көшелерге беріліп, музейлер ашылды. Ұлы Отан соғысы батырларының арасында отандық мұнай-газ саласының өкілдері де бар.
Солардың бірі — Дүйсенғали Әжіғалиев (1915-1999 жж.). Ол Гурьев қаласында дүниеге келген. 58-гвардиялық атқыштар дивизиясының 173-гвардиялық атқыштар полкінің құрамында жүріп, ұрыс даласында көрсеткен қаһармандығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен, Қызыл Ту және ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен марапатталған. Соғыстан кейін мұнай саласында еңбек етіп, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнертапқышы атанып, 569 өнертабыстың авторы болды.