ҚазМұнайГаз Цифрлық сутегі атласын әзірледі
22.04.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Төмен көміртекті даму бағдарламасын іске асыру аясында «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС-мен бірлесіп, Цифрлық сутегі атласын әзірледі.
Жобаның мақсаты - Қазақстанның батыс өңірлеріндегі су ресурстары бойынша талданған деректерді және энергияның жаңартылатын әлеуетті көздерін цифрландыру. Оған жаңартылатын сутекті өндіру кезінде күн мен жел электр энергиясын генерациялау және басқа да техникалық-экономикалық параметрлері бар жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) деректері кіреді.
2024 жылы бағалау және цифрландыру периметрі Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарын қамтыды. Атлас ірі блоктардан - су ресурстары, ЖЭК, сутегі құнынан тұрады.
Бұл жұмыс - сутегі энергетикасы саласындағы болашақ жобалар үшін негіз болатын интеграцияланған сутегі платформасын құрудағы маңызды қадам. Атлас экологиялық ортаға аз әсер ете отырып, еліміздегі сутегі өндірісінің түрлі болжамдары мен мүмкіндіктерін талдауға жол ашады.
ҚМГ бұл бағыттағы жұмысты жалғастырады және келешекте Атлас елдің басқа өңірлерін де қамтитын болады.