Асхат Хасенов Атыраудағы ҚМГ Инжиниринг компаниясының сутегі энергетикасы зертханасына барды
09.07.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары кезінде «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС-нің (ҚМГИ) сутегі технологиялары зертханасының жұмысымен танысты.
«Жасыл» сутекті өндіруге бағытталған пилоттық жоба 2025 жылы маусымда күн электр станциясын (336 модуль, 200 кВт) орнатудан басталды. Бұл ҚМГИ сатып алатын электр энергиясының шамамен 30% үнемдеуге мүмкіндік берді. Қазіргі кезде күн энергиясын алудан бастап сутегін өндіру мен оны филиал ғимаратын жылыту және электр көзімен қамтамасыз етуге дейінгі толық циклды қамтамасыз ететін контейнерлік электролизер қондырғысы жұмыс істеп тұр.
ҚМГ Инжиниринг ғалымдары зертханада сутекті ұзақ уақыт сақтауға және тасымалдауға мүмкіндік беретін титан-темір қорытпаларын (металлгидридтер) әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізуде. Бұның арқасында сутегін тасымалдау қауіпсіз әрі арзанға түседі. Қорытпалар қолжетімді отандық шикізат негізінде жасалады, бұл технологияны кең көлемде қолдануды жеңілдетеді. Жалпы, жаңа технологияның өндірісте пайдалану ауқымы кеңейсе, жасыл сутегінің құнын бірнеше есе төмендетуге, сонымен қоса оны пайдалану тәсілдерін оңайлатуға жол ашылады. Айта кетсек, зерттеу нәтижелері халықаралық деңгейде де бағаланды.
Бұл бастама Мемлекет басшысының ҚР көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясында бекітілген сутегі энергетикасын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда.
Жалпы, сутегі энергетикасы перспективті бағыттардың бірі ретінде қарастырылады. Сутегіні энергетикада пайдаланудың басты артықшылығы – бұл экологиялық тазалығы, себебі ол жанған кезде қоршаған ортаға зиянды заттар бөлінбей, нәтижесінде тек су буы немесе су түзіледі.
Ұлттық компания басшысы ҚМГИ-дің Атырау филиалы мамандарының жұмысына жоғары баға беріп, озық технологияларды қолдану дағдыларын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.