ҚМГ басшысы Ембімұнайгаз компаниясында өндіріс мәселелері бойынша кеңес өткізді
09.07.2026
Атырау қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің төрағалығымен «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (ЕМГ) өндірістік қызметіне арналған кеңес өтті.
Жиында қолданыстағы кен орындарын қосымша барлау және жұмыс істеп тұрған активтердің рентабельділігін көтеру мәселелері қаралды. Қазіргі таңда компания мұнай мен газ өндірудің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыруда.
Өткен жылы өндірістік игеруі басталған Батыс Қарасор кен орнында өндірілетін мұнай қоры 2 млн тонна көлемінде бекітілген. 2026 жылдың алты айында мұнда 37 мың тоннадан астам мұнай өндірілді.
Сонымен қатар 2025 жылы Батыс Прорва кен орнында жобалық қуаты жылына 200 млн текше метр газ өндіруге есептелген алғашқы іске қосу кешені пайдалануға берілді. Жобаның екінші кезеңінде, яғни 2027 жылы бұл көрсеткішті жылына 920 млн текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнында биыл жылдық қуаты 80 млн текше метр болатын газды кешенді дайындау қондырғысын іске қосу жоспарланған. Бұл жоба ішкі нарыққа қосымша тауарлық және сұйытылған көмірсутек газын тұрақты жеткізуге мүмкіндік беріп, кен орнындағы мұнай өндіру көлемін жылына 20 мың тоннадан 110 мың тоннаға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді.
ЕМГ мұнай өндіру тиімділігін арттыру мақсатында геологиялық-техникалық іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, тік және көлденең бұрғылау, бүйірлік оқпандарды бұрғылау және өндіріс деңгейін сақтауға бағытталған өзге де заманауи технологиялық шешімдер қолданылуда.
Жалпы, 2026 жылдың алты айында Ембіде мұнай мен конденсат өндіру көлемі шамамен 1,5 млн тоннаны құрады.
Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында ЕМГ цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын белсенді жүргізуде. Қазіргі уақытта Шығыс Молдабек кен орнында жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы «ABAI» ақпараттық жүйесі базасында пилоттық жоба – цифрлық телнұсқа іске қосылуда.
Сонымен қатар өндірістік тиімділікті арттыруға және операциялық үдерістерді талдауға бағытталған «ABAI» ақпараттық жүйесінің алты модулі пайдаланылып жатыр. Бұдан бөлек, өндірістік қауіпсіздікті күшейту үшін бейнеталдау құралдарын, мұнай ұңғымаларының жай-күйін бағалайтын жасанды интеллект негізіндегі ассистентті, сондай-ақ ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстарының тиімділігін талдайтын модульді енгізу жоспарланған.
Жиын соңында Асхат Хасенов Ембімұнайгаз басшылығына инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы іске асыруды, ресурстық базаны ұлғайту жұмыстарын жалғастыруды және алдағы уақытта да жаңа технологияларды кеңінен енгізуді тапсырды.