Ақтауда ҚМГ-ның мұнай сервисі кәсіпорындарының даму стратегиясы талқыланды
25.05.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында ҚМГ-ның мұнай сервисі бағытындағы еншілес ұйымдарымен жиналыс өткізіп, онда 2026-2030 жылдарға арналған даму стратегиялары қаралды.
Атап айтқанда, «Oil Services Company» ЖШС, «Oil Construction Company» ЖШС, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС, «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС және «Мұнайтелеком» ЖШС жоспарлары ұсынылды.
Жиында мұнай сервисі компанияларының перспективті даму бағыттары, соның ішінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мен жабдықты жеткізуден бастап, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындауға дейінгі жұмыс ауқымының толық циклін қамтитын инфрақұрылымдық EPC-жобаларды іске асыру мәселесі талқыланды.
Бұған қоса, автомобиль жолдарының, суға тосқауыл болатын жерлердің және басқа да нысандардың астында өткелдерді салу кезінде көлденең бағытталған бұрғылау саласындағы қызмет түрлерін кеңейту, металл конструкцияларын жасау, сондай-ақ жақын шетелдің нарықтарына шығу мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар перспективті цифрлық жобалар да қаралды, атап айтқанда деректерді талдау негізіндегі операцияларды дамыту, өндіріс тиімділігін жоғарылатуға және операциялық тәуекелдерді азайтуға бағытталған ұңғымалардың цифрлық мониторингі мен предиктивті сараптама жүйелерін енгізу.
Жиын қорытындысы бойынша ҚМГ басшысы компаниялардың рентабельділігін қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыру және жаңа технологияларды енгізу жөнінде тапсырмалар берді.