Маңғыстау облысында «Өзен – Атырау – Самара» мұнай құбырының учаскесін жаңғырту жұмыстары сәтті аяқталды
16.09.2025
Маңғыстау облысында «Өзен – Атырау – Самара» магистралды мұнай құбырының 409–422,5 шақырымдық учаскесінде құбыр жолын ауыстыру және қосу жұмыстары аяқталды.
13,5 шақырымдық учаскеге жүргізілген іс-шаралар «ҚазТрансОйл» АҚ-ның (ҚТО) 2021–2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында орындалды. Бұл кезең-кезеңімен жүзеге асырылып отырған 76,5 шақырымдық жаңарту жобасының бір бөлігі.
Құбыр учаскесін жаңарту оның сенімділігін арттырып, мұнайды Қазақстанның магистралды жүйесі арқылы қауіпсіз әрі үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ еліміздің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Аталған жұмыстарға ҚТО мен мердігер ұйымдардың 212 қызметкері қатысып, 71 бірлік арнайы техникасы жұмылдырылды. Учаскені қосу жөніндегі техникалық іс-шаралар өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарын қатаң сақтай отырып орындалды.
«Өзен – Атырау – Самара» мұнай құбыры — Қазақстаннан әлемдік нарықтарға мұнай жеткізудің негізгі бағыттарының бірі және қазақстандық мұнай экспорты көлемі бойынша маңыздылығы жағынан екінші орын алады.