ҚазМұнайГаз және Өзбекнефтегаз ынтымақтастықты кеңейтуде
28.05.2025
Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Өзбекнефтегаз» АҚ (ӨНГ) Басқарма төрағасы Баходиржон Сидиковпен кездесті.
Кездесуде өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының қазіргі жай-күйі талқыланды. Тараптар ҚМГ мен ӨНГ арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында Қазақстан мен Өзбекстанда геологиялық барлау және мұнай-газ химиясы саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруда. Тиісті жұмыс тобы құрылды.
Сондай-ақ тараптар барлау учаскелері бойынша геологиялық-техникалық деректермен алмасу үшін ортақ ақпараттық кеңістік құрып жатыр. Компаниялар жаһандық энергетикалық нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін халықаралық мұнай-газ жобаларына бірлесіп қатысуға, оның ішінде мұнай сервистік қызметтер көрсетуге ниетті.
ҚМГ және ӨНГ мұнай-газ өңдеу және мұнай химиясында желілік алкилбензол өндірісін құру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп жатыр. Осы жобаны бірлесіп іске асырудың жол картасы жасалды.
Кездесуде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, SOCAR, «Татнефть» ЖАҚ және «Өзбекнефтегаз» АҚ арасында қол қойылған цифрлық технологиялар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның іске асырылу барысы қаралды. Атап айтқанда, компаниялар 2025-2028 жылдарға арналған төтенше жағдайларды алдын алу және оларға ден қою саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картаны бекітті. Бұл құжатты іске асыру аясында техногендік төтенше жағдайларға ден қою тәртібін айқындайтын бірлескен реттеуші құжат әзірленеді.
ҚМГ мен ӨНГ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында цифрлық шешімдерді қолдану тәжірибесімен алмасуда. Атап айтқанда ҚазМұнайГаз бірқатар еншілес компанияларда енгізілген қауіпі жоғары жұмыстарды бақылау үшін электронды наряд-рұқсат беру жүйесін таныстырды.
Технологиялық оқиғалар мен аварияларды алдын алу бойынша практикалық іс-шаралар жоспарланған, оның барысында ҚМГ-ның «Сапарларды басқару» сияқты цифрлық өнімдері ұсынылатын болады.
Бұдан басқа Өзбекнефтегаз өкілдері қойма логистикасын роботтандыру және цифрлық есепке алу жүйесімен танысу үшін KPI мұнай-газ химиясы кешеніне баруды жоспарлап отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық бағыт бойынша өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге дайын екендіктерін растады.