Асхат Хасенов болашақ мұнайшыларды даярлайтын оқу-өндірістік полигонының жұмысымен танысты
19.05.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті жанындағы оқу-өндірістік полигонына барды.
Жалпы жер аумағы 4 гектарды алып жатқан полигон ҚМГ-ның еншілес кәсіпорны – «Ембімұнайгаз» АҚ қаржылық қолдауымен салынған. Бұл оқу полигоны — жер қойнауын барлаудан бастап, көмірсутек өңдеуге дейінгі өндірістік процестердің толық циклі бар мұнай-газ өндіру мекемесінің шағын моделі.
Полигон заманауи зертханалармен, оқу-өндірістік алаңдармен және кәсіби дағдыларды жетілдіруге арналған тәжірибелік қондырғылармен жабдықталған, сондай-ақ инновациялық технологиялық шешімдерді сынау аймақтары бар.
Мұнда жерасты жөндеу жұмыстарын меңгеруге арналған екі ұңғыма бұрғыланған, сонымен қатар болашақ мамандар практикалық тапсырмаларды орындайтын 15 оқу алаңы салынған.
2025 жылғы қыркүйекте ашылғаннан бері бұл жерде «Мұнай-газ ісі», «Электр энергетикасы», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандықтары бойынша білім алып жатқан 800-ден астам студент практикалық дайындықтан өтті. Бұдан бөлек, Summer Industrial school (университет базасындағы жазғы индустриалды мектеп) аясында Қазақстандағы басқа жоғары оқу орындарынан, сондай-ақ Ресей, Әзербайжан, Қытай елдерінен келген студенттер дәріс алып, практикалық тәжірибеден өтеді деп күтілуде.
— Білікті кадрларды даярлау — ҚазМұнайГаз үшін басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Ұлттық компания мұнай-газ саласында сұранысқа ие мамандарды дайындау үшін жағдай жасауға ерекше мән береді. Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы ашылған полигон болашақ мұнайшыларға практикалық тәжірибені үйренуге және заманауи өндірістік процестермен танысуға жол ашады, — деді А.Хасенов.Қазіргі уақытта оқу-өндірістік полигоны толықтай С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің балансына берілді.