KMG International Румыниядағы «Petromidia» мұнай өңдеу зауытында мұнай-химия қондырғысын қайта іске қосты
12.05.2025
KMG International тобына қарасты «Petromidia» мұнай өңдеу зауытындағы тығыздығы төмен полиэтилен өндіру қондырғысының (LDPE) жұмысы қайта жанданды. Компания LDPE қондырғысын «Petromidia» мұнай өңдеу зауытының мұнай-химиясы кешенімен қайта біріктіру арқылы Румыниядағы жалғыз ұлттық полимер өндірушісі ретіндегі позициясын нығайтуды көздейді.
Жыл басынан бері еуропалық нарықта мұнай-химия өнімдеріне сұраныстың өсуі байқалуда. Осыған орай KMG International басшылығы тығыздығы төмен полиэтилен өндіру қондырғысын іске қосу туралы шешім қабылдады. Бұл KMGI-дің өндірістік және қаржылық көрсеткіштерінің одан әрі өсуіне ықпал етеді, сондай-ақ өңірдегі полимер нарығындағы көшбасшылықты қайтаруға мүмкіндік береді.
Биыл мамыр айынан бастап жобалық қуаты жылына 75 000 тонна болатын LDPE қондырғысы термошөгімді, аграрлық салаға арналған және жұқа орауыш пленкалар, сондай-ақ қалың пакеттер өндірісінде пайдаланылатын өнімдер шығара бастайды.
KMG International 2025 жылы жалпы 145 000 тоннадан астам полимер өндіруді жоспарлап отыр.