ҚМГ мен TotalEnergies екіжақты ынтымақтастықты талқылады
21.08.2026
Астана қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қазақстандағы «TotalEnergies» компаниясының басшысы Юнес Фрудемен кездесті.
Тараптар жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды. Қазіргі уақытта Жамбыл облысындағы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының (ЖЭС) құрылысы бойынша «Мирный» бірлескен жобасы аясында базалық жоба дайындалып, егжей-тегжейлі жобалау жөніндегі жұмыстар аяқталуда.
Биыл шілде айында ЕРС мердігермен келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта ЖЭС құрылысы алаңына техника мен персонал жұмылдырылуда. Аумақтың топографиялық түсірілім жұмыстары жүріп жатыр.
Кездесу соңында ҚМГ басшысы жуырда лауазымынан кететін Юнес Фрудеге бірге атқарған жемісті еңбегі үшін алғыс білдіріп, алдағы кәсіби қызметіне табыс тіледі.