ҚазМұнайГаз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына белсенді қатысуын жалғастыруда
26.04.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) компаниялар тобы Мемлекет басшысының бастамасымен іске асып жатқан және ел аумағын көгалдандыруға, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға және азаматтарды қоршаған ортаны қорғауға шақыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясына белсенді қатысуда. Бүгін Астанада ҚМГ-ның 120-дан аса қызметкері Жер қоры ЖҚБ және «Жер елшілері» қозғалысының өкілдерімен бірге жалпы қалалық сенбілікке шықты. Іс-шара аясында 100 алма ағашының көшеттері отырғызылды, Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №56 мектеп-лицейінің айналасы тазаланды, құстарға ұя орнатылды және 300 қаптан астам қоқыс жиналды.
ҚМГ-ға қарасты кәсіпорындардың қызметкерлері де бұл бастаманы қолдап, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында өткен сенбіліктерге белсенді қатысты.
2025 жылдың басынан бері «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы ауқымды экологиялық акцияны сәтті іске асырып келеді: 9 мыңнан аса ағаш егілді, 3,5 мыңнан аса адам қатысқан шамамен 130 сенбілік өткізілді.
ҚМГ елімізді көгалдандыруға және қоршаған ортаның сақталуына елеулі үлес қосуды жалғастырып, 2025 жылы әр өңірдің климаттық жағдайларына бейімделетін 90 мыңға жуық ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.