Ембімұнайгазда кен орындардың цифрлық телнұсқасын енгізу мәселесі талқыланды
19.08.2026
Атырау қаласында ҚазМұнайГаз басшысы Асхат Хасеновтің төрағалығымен «Ембімұнайгаз» АҚ-да (ЕМГ) жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, кен орындардың цифрлық телнұсқасын енгізу мәселелері бойынша кеңес өтті.
Пилоттық нысан ретінде Шығыс Молдабек кен орны таңдалды. Жоба аясында ЕМГ базасында негізгі өндірістік процестерді бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін Интеграцияланған операциялар орталығы (ИОО) іске қосылды. Орталық «қабат – ұңғыма – жерүсті инфрақұрылымы» тізбегі бойынша деректерді біріктіріп, кен орнының цифрлық телнұсқасымен жұмыс істеуіне негіз жасайды.
Қазіргі кезеңде ABAI жүйесінің «Жаңа ұңғымалардың цифрлық рейтингі 2.0» және «Су айдауды басқару 2.0» цифрлық шешімдері нақты пайдалана басталды. Бұл жобалар кен орнын игерудің түрлі нұсқалары бойынша прокси-модельдеуді жүргізуге, қажетті есептеулерді орындауға және өндірістік деректер негізінде оңтайлы инженерлік шешімдерді таңдауға мүмкіндік береді.
Пилоттық жобаның нәтижесінде нысандардың бірінде 700-ге жуық сценарийлік есептеу жүргізілді. Осындай көлемдегі жұмыстарды орындау мерзімі 38 күннен 6 күнге дейін қысқарды. Модельдеу қорытындысы бойынша игерудің оңтайлы нұсқасы таңдалды. Алты көлбеу бағытталған ұңғыманың орнына екі көлденең ұңғыманы бұрғылау жоспарлануда.
Алдағы уақытта цифрлық телнұсқаға құрылыс, ұңғымаішілік жұмыстар және жерүсті инфрақұрылымы процестері енгізіліп, соның есебінен кеңейтіледі. Негізгі мақсат – бұрғылаудан бастап ұңғыманы пайдалануға беруге, одан әрі ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге дейінгі барлық кезеңді қамтитын ұңғыманы басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесін жасау.
Шығыс Молдабек кен орнындағы пилоттық жобаның қорытындысы бойынша жылына шамамен 100 мың тонна қосымша мұнай өндіріліп, мұнай алу коэффициентін 22% дейін арттыруға және жөндеуаралық кезең 700 тәулікке дейін ұзартылады деп күтіледі.
Осындай жұмыстар «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-де де жүргізіліп жатыр. Жалпы, цифрлық телнұсқаны ҚМГ-ның мұнай өндіру көлемінің 90% астамын қамтамасыз ететін 12 ірі кен орнына енгізу жоспарланып отыр.
Жобаны «KMG Digital» ЖШС ҚМГ-ның мұнай және газ өндіру бойынша бейінді департаментімен бірлесіп, «ҚМГ-Инжиниринг» ЖШС-нің сараптамалық сүйемелдеуімен жүзеге асырып жатыр. Бастама Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүргізілуде және бұл ҚМГ-ның заманауи цифрлық технологиялар арқылы кен орындарды игеру мен өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарының бір бөлігі болып саналады.