ТШО жұмысшы мамандықтар жылына өз үлесін қосуда
07.02.2025
«Теңізшевройл» ЖШС жұмысшы мамандықтар жылы аясында (ТШО, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға 20% үлесі тиесілі) Атырау облысының жұмыссыз тұрғындарын еңбек мамандықтарына оқыту жобасын жалғастыруда.
Осы айда құбыр және электр монтажшысы, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика монтажшысы, металл конструкцияларын дәнекерлеуші мамандықтары бойынша 2 және 2,5 айлық тегін курстар басталды. Іріктеу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен кандидаттарды алдын ала тестілеу бойынша жүргізілді.
Білім беру бағдарламасына қатысушыларға оқу материалдарымен қоса тамақтану, толықтай жабдықтау, сондай-ақ таңдалған мамандықтың қыр-сырын тәжірибелік сабақтар арқылы меңгеру қамтамасыз етілді.
ТШО бұл жобаны 2019 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. 5 жыл ішінде компания Атырау және Маңғыстау облыстарында ұйымдастырған ұзақ және қысқа мерзімді курстарда жалпы 3 772 адам оқытылды. Бұған дейін нарық қажеттіліктеріне байланысты дәнекерлеуші-конструктор, электромонтер, слесарь-аспапшы, құбыр жүргізуші және т.б. мамандықтар қамтылған болатын.