Павлодарда ҚазМұнайГаз Спартакиадасы мәресіне жетті
14.08.2024
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) еншілес ұйымдарының еңбек ұжымдары арасындағы Спартакиаданың жарыстары мәресіне жетті. Дәстүрлі іс-шара биыл Қазақ мұнайының 125 жылдығына және Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналды. Тамыздың 10-14 күндері аралығында өткен жарыстарға 27 команданың 600-ден астам спортшысы қатысты.
ҚМГ спартакиадасының жабылу салтанаты Павлодар қаласының «Бірлік» жекпе-жек сарайында өтті. ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов мұнайшы спортшыларға ілтипат білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады. Ол шараның барлық қатысушысына алғыс айтып, ҚМГ еншілес кәсіпорындар командаларының саны мен дайындық деңгейінің өсіп келе жатқанын атап өтті.
«Қазақ мұнайының 125 жылдығына және әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған спартакиаданың қатысушыларын шын жүректен құттықтаймын! Осындай спорттық додалар мұнай-газ саласындағы қызметкерлер арасындағы салауатты өмір салтын насихаттауға, корпоративтік рухты нығайту мен ынтымақты арттыруға ықпал етеді. Еңбек пен спортты қатар алып жүріп, толағай табыстарға жете беріңіздер», - деді А. Хасенов. Сондай-ақ ол Павлодар мұнай-химия зауытына финалдық іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.
Қатысушылар спорттың 11 түрі бойынша бақ сынасты: арқан тарту, қол күресі, асық ату, баскетбол, волейбол, киберспорт, шағын футбол, үстел теннисі, жүзу, тоғызқұмалақ және шахмат.
Сонымен, арқан тартудан «Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ) командасы басым болды. Қазақ ұлттық ойыны – асық атудан «Ембімұнайгаз» АҚ өкілдері үздік атанды. Ерлер арасындағы үстел теннисінде ҚМГ корпоративтік орталығының қызметкері Ахметбек Биятов, ал әйелдер арасында ӨМГ-дан Лаура Айтжанова жеңіске жетті.
Тоғызқұмалақ ойынында ерлер арасында бірінші орынды «Қазақтүрікмұнай» ЖШС қызметкері Қанат Төремұратов жеңіп алса, әйелдер арасында «ҚазТрансОйл» АҚ-дан Сабина Өмірзақова (ҚТО) чемпион атанды.
Қол күресте ерлер арасында «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-нің қызметкері Дәурен Еңсеп (80 келіге дейінгі салмақта) және «ПМХЗ» ЖШС-нің қызметкері Владислав Бодылевский (80 келіден артық), әйелдер арасында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нен Екатерина Батырханова (65 келіге дейінгі салмақта) және ҚТО-дан Елена Буркальцева (65 келіден артық) үздік деп танылды.
Киберспортта үздік нәтижені «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС командасы көрсетті.
Шахматтан ерлер арасында Валерий Аллаяров (ҚазТрансОйл), ал әйелдер арасында Маржан Құлекеева (ПҚОП) жеңіс тұғырынан көрінді.
Жүзуде ерлер арасында (40 жасқа дейін) мәреге ең бірінші болып ҚазТрансОйл қызметкері Игорь Сорокин және «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-нен (40 жастан асқан) Әлібек Дұзбаев жетті. Әйелдер арасында бірінші орынды Айнаш Тасболатова (ПМХЗ, 40 жасқа дейін) және Ирина Филеева (ҚТО, 40 жастан асқан) жеңіп алды.
Волейболдан әйелдер арасында үздік команда – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС құрамасы, ал үздік ерлер командасы – «ҚазТрансОйл» АҚ өкілдері. Шағын футболдан «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнайшылары чемпион атанды. Баскетболдан ҚазТрансОйл құрама командасы жеңіс тұғырынан көрінді.