Ақтауда «ҚазМұнайГаз» спартакиадасы аяқталды
13.07.2023
Ақтауда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) еншілес компаниялары қызметкерлерінің арасында өткен спартакиада мәресіне жетті. Дәстүрге айналған жарыс биыл «Маңғыстаумұнайгаз» кәсіпорнының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. 10-14 шілде аралығында өткен жарыста өз кәсіпорындарында іріктеу кезеңінен мүдірмей өткен 20 еншілес компанияның 400 мұнайшы-спортшысы ақтық кезеңде бақ сынады. Олар арқан тарту, армрестлинг, асық ату, баскетбол, волейбол, киберспорт, шағын футбол, үстел теннисі, жүзу, тоғызқұмалақ және шахмат секілді 11 спорт түрінен сынға түсті.
Арқан тартудан «ӨзенМұнайСервис» тобы, ал асық ату ойынында «ҚазТрансОйл» АҚ командасы жеңімпаз атанды. Үстел теннисінде ерлер арасында Бақтыбек Жақсылықов («Өзенмұнайгаз» АҚ), ал әйелдер арасында Марина Ким («Қазгермұнай» БК) алтыннан алқа тақты. Армрестлингте ерлер арасында 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ерхан Келдібайұлы («Қазгермұнай» БК), 80 келіден жоғары салмақта Рахман Есенғали («Өзенмұнайгаз» АҚ) жеңіске жетсе, әйелдер арасында Шорена Девадзе («ҚазТрансОйл» АҚ) мен Ольга Деревягина («ПМХЗ» ЖШС) үздік атанды.
Киберспортта Павлодар мұнай химия зауытының командасы топ жарды. Шахматтан ерлер арасында Валерий Аллаяров («ҚазТрансОйл» АҚ), әйелдер арасында Гүлнұр Төлеуова («АМӨЗ» ЖШС) бірінші орын иеленді. Ал тоғызқұмалақ ойынында ерлер арасында Мерғалым Байшүкір («ПМХЗ» ЖШС), әйелдер арасында Бейбітгүл Әбдірахманова («Қазгермұнай» БК) жеңіске жетті.
800 метрге жүзуде Владимир Коваленко («Қазақойл Ақтөбе» ЖШС), ал әйелдер арасында 400 метр қашықтықты қарсыласынан бір минут алшақтықпен еңсерген Зинаида Ильченко («ҚазТрансОйл» АҚ) үздіктер қатарынан табылды. Павлодар мұнай-химия зауытының қызметкерлері баскетболдан жеңіс тұғырынан көрінді. Волейболдан «ҚазТрансОйл» компаниясының ерлер командасы мен Атырау мұнай өңдеу зауытының әйелдер құрамасы үздік атанды. Ал «Қазгермұнай» кәсіпорнының қызметкерлері шағын футболда көш бастады.
Жарыстың жабылу салтанатында ҚМГ аппаратының басшысы Ерхан Омаров «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-мын 60-жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған спартакиада қатысушыларын шын жүректен құттықтаймын! Салауатты өмір салтын ұстанып, өзгелерге өмірге деген сүйіспеншілігі мен көшбасшылық қасиеттерімен үлгі болып жүрген әрқайсыңызды жеңімпаз деп есептеймін. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы сіздерді мақтан тұтады. ҚМГ Басқарма төрағасы, еңбек ұжымдарының және өз атымнан жарыс қатысушыларына алғыс білдіремін», — деп сөз сөйледі.
Жеңімпаздарды құттықтау рәсімі мерекелік концертке ұласты.