Мағзұм Мырзағалиев «Маңғыстаумұнайгаз» және «Caspi Bitum» компанияларының басшылығымен кеңес өткізді
06.02.2023
ҚМГ басшысы «Маңғыстаумұнайгаз» кен орындарында мұнай өндіру көлемінің жоғары деңгейін және Caspi Bitum зауытынан өлшеп буылған битумның тұрақты жөнелтілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев 6 ақпанда Ақтау қаласында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Caspi Bitum» БК» ЖШС басшылығымен жұмыс кеңестерін өткізді.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-та (ММГ) өткен кеңеске қатысушылар қазіргі өндірістік қызметті талқылады. М.Мырзағалиев компания басшылығына ММГ кен орындарында мұнай өндіру көлемін барынша арттыру бойынша іс-шаралар әзірлеуді тапсырды. Бұдан бөлек, ҚМГ басшысы ММГ кен орындарының тұрақты және апатсыз жұмысының, сондай-ақ 2023 жылғы өндірістік бағдарламаны орындаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Қаламқас және Жетібай кен орындарында ілеспе мұнай газын утилизациялау жүйесін жаңғырту да тапсырылды.
Сонымен қатар М.Мырзағалиев ММГ ұжымына кәсіпорынның жаңа бас директоры Мұрат Мұстафаевты таныстырды.
ҚМГ Басқарма Төрағасы Ақтауда «Caspi Bitum» БК» ЖШС басшылығымен де кеңес өткізді. Ол Ақтау битум зауытындағы жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде (2022 жылдың 2-31 желтоқсан аралығында) аяқталғанын атап өтті. М.Мырзағалиев мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 1,5 млн тоннаға ұлғайту жобасын іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
«Жол картасының және қажетті іс-шаралардың орындалуын қатаң сақтау қажет. Ақтау битум зауыты елімізде автожол құрылысын уақтылы қамтамасыз етіп отырған негізгі буын, сондықтан зауыттың тұрақты жұмыс істеуі аса маңызды», - деді М.Мырзағалиев.
Басқарма Төрағасы зауыттың өндіріс жоспарын толық орындау қажеттілігіне баса назар аударды.
Сонымен қатар кәсіпорын басшылығына қыс мезгілінде өлшеп буылған битум өндіру үшін биг-бег (қаптама) сатып алу мәселесін оңтайландыру және зауытты кеңейту жобасы бойынша алдын ала техникалық экономикалық негіздемесінің әзірленуін аяқтау жүктелді.