ҚазМұнайГаз және SOCAR декарбонизация мәселелері бойынша стратегиялық келісімге қол қойды
12.11.2024
Баку қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мұнай компаниясы (SOCAR) БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (СОР-29) тараптарының 29-шы конференциясы аясында декарбонизация мәселелері бойынша стратегиялық келісімге қол қойды.
Құжат ҚМГ мен SOCAR-дың көміртегі ізін азайту жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиясының маңызды кезеңі болып табылады. Сонымен бірге жетекші екі мұнай-газ компанияларының декарбонизация жобаларын іске асыру және төмен көміртекті технологияларды енгізу саласындағы өзара іс-қимылына бағытталған.
СОР-29 климат мәселелерін талқылайтын негізгі халықаралық платформаға айналды. Қол қойылған келісім өңір елдерінің орнықты дамуы мен көміртегі ізін азайту мәселелері бойынша ынтымақтастығының басымдылығы мен маңыздылығының артып келе жатқандығын білдіреді.
Анықтама:
Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мұнай компаниясы (SOCAR) — мұнай мен табиғи газды барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдаумен айналысатын ұлттық мұнай-газ компаниясы.