ҚМГ және Sinopec «Березовский» жобасының іске асу барысын талқылады
17.07.2026
Бейжіңде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев «Sinopec International» Директорлар кеңесінің төрағасы Ли Яхуэймен кездесті.
Тараптар «Березовский» бірлескен геологиялық барлау жобасын іске асыру барысын қарады. Березовский учаскесі Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Жоба тепе-тең негізде (50/50) іске асырылуда, бұл ретте барлау кезеңін қытайлық компания қаржыландырады.
Жыл соңына дейін 900 бойлық шақырым көлемінде 2D сейсмикалық барлау жұмыстарының басталуы белгіленген.
Өз кезегінде Sinopec геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бағытында Каспий маңы алабының терең орналасқан тұзасты шөгінділерін бірлесіп зерттеуге қызығушылық білдірді.
Сондай-ақ «Қазақойл Ақтөбе» мен «Урал Ойл энд Газ» бірлескен өндіруші кәсіпорындардың қызметі сөз болды.
Кездесу соңында тараптар негізгі бағыттар бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін жеткізді.