«Шығыс» геологиялық барлау жобасы бойынша оператор-компания құрылды
12.08.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) мен хорватиялық Geoenergija Razvoj d.o.o компаниясының (Хорватияның көмірсутектер жөніндегі агенттігі еншілес ұйымы - CHA) бірлескен кәсіпорны — «Shygys Operating» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіркелді.
Жаңа компания — Ақтөбе облысындағы Шығыс жер қойнауы учаскесінде геологиялық барлау жөніндегі оператор. Еске сала кетсек, осы жоба бойынша минималды жұмыс бағдарламасы аясында 500 бойлық шақырым көлемінде 2D сейсмикалық барлау жұмыстары және 3500 м тереңдікте іздеу ұңғымасын бұрғылау жоспарланған.
Қатысушылардың жалпы жиналысының шешімімен «Shygys Operating» ЖШС бас директоры болып Нұрлан Қонысов сайланды. Оның мұнай-газ геологиясы саласында жоғары білімі және «ҚазМұнайГаз» жүйесінде ұзақ жылғы жұмыс тәжірибесі бар. Еңбек жолын «Oil Services Company» ЖШС-де бұрғышының көмекшісі болып бастаған. 2015-2023 жылдары ҚМГ-ның Геология және барлау департаментін басқарды. Сонымен қатар әр жылдары «ҚазМұнайГаз Барлау және Өндіру» АҚ , «Karaton Operating Ltd», «Kalamkas — Khazar Operating» компанияларында және «Optimum жобалау институты» ЖШС-де жұмыс істеді.