ҚМГ-да конституциялық реформа талқыланды
16.02.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-да компания басшысы Асхат Хасеновтің төрағалығымен стратегиялық сессия өтті. Жиын барысында ҚМГ-ның алдағы жоспарлары, сондай-ақ жаңа Конституция жобасының негізгі баптары мен олардың мұнай-газ саласының дамуына әсері қаралды.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Жақсыбек Құлекеев өз сөзінде жаңа Ата заңымыздың мазмұны ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындайтынына тоқталды. Атап айтқанда, жаңа Конституция жобасында ғылым мен инновацияны бекіту арқылы ғылыми зерттеулерге қолдау көрсетіліп, адами капиталды дамыту мен технологиялық тәуелсіздікті нығайту қамтамасыз етіледі.
Ж.Құлекеевтің айтуынша, Қазақстан инновациялық технологиялар шешуші рөл атқаратын экономиканы қалыптастыруда. Мысалы, дамыған елдерде ғылым Конституцияның бір бөлігіне айналған. Олардың тәжірибесі жасанды интеллектіге негізделген цифрлық шешімдерді енгізу экономикалық өсуге жол ашатынын көрсетеді.
Еліміздің жаңа Конституциясы жобасында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен экологиялық жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Бұл қағидаттардың мұнай-газ секторы үшін маңызы зор. Саланың тұрақты дамуы заманауи білім мен инновациялық шешімдердің енгізілуіне тікелей байланысты.
ҚазМұнайГаз ұлттық компания ретінде цифрландыру, өндірістегі қауіпсіздік деңгейін арттыру және адами капиталды дамытуға қатысты жан-жақты жұмыс жүргізуде.
Жалпы, ғылым мен инновацияны конституциялық деңгейде бекіту экономиканың стратегиялық секторларын одан әрі дамыту үшін негіз қалыптастырады.
Сонымен қатар ҚМГ стратегиялық сессиясында өндірісті цифрландыру, еңбекті қорғау, 2026-2028 жылдарға арналған қаржы саясаты, сатып алу процесін жетілдіру мәселелері және компания қызметінің басқа да бағыттары талқыланды.