ҚазМұнайГаз озық комплаенс стандарттарын енгізуде
09.12.2024
9 желтоқсан ─ Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Бұл біздің адалдыққа, ашықтыққа және этикалық бизнеске деген жалпы ұмтылысымыз туралы еске салудың маңызды себебі.
ҚМГ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін өз қызметін жоғары халықаралық этика стандарттарына негіздей отырып, барлық шараларды іске асырады. 2019 жылдан бастап ҚМГ компаниялар тобында енгізілген комплаенс қызметі – бұл қызметтің маңызды құралы.
Комплаенс стандарттары компания ішінде және серіктестермен өзара әрекеттесу кезіндегі ықтимал бұрмалаушылықтарға қатысты тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Құқық бұзушылықтың алғышарттарын болдырмау үшін ішкі тәуекелдерге талдау жүргізіліп, ұйымдық-басқарушылық қызметтің ішкі процестері жетілдіріліп отырады. ҚМГ компаниялар тобында нақты уақыт режимінде ақпараттандыру жүйесі жұмыс істейді, ол компанияның әрбір қызметкеріне немесе серіктесіне «Қауырт желі» арқылы кез келген құқыққа қайшы әрекеттер туралы хабарлауға мүмкіндік береді. Бұл өзара әрекеттесудегі ашықтық мен айқындықты қамтамасыз етеді.
Негізгі лауазымдарға таңдалатын кандидаттар компанияның этикалық стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан тексеріледі, бұл Компанияда жұмыс істеу үшін ең жақсы мамандарды таңдауға мүмкіндік береді.
2020 жылдан бастап компанияның барлық қызметкерлері үшін мүдделер қақтығысын міндетті түрде декларациялау енгізілді. ҚМГ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен тұрақты негізде ынтымақтастықты жүзеге асыруда. Биылғы 30 қазанда ҚР Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қызметкерлердің хабардарлық деңгейін арттыру үшін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мәселелері бойынша семинарлар мен кездесулер үнемі өткізіліп тұрады.
ҚМГ ─ өз қызметінде ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын негізге алып, адалдық пен этиканың жоғары стандарттарын сақтай отырып, кемелдікке ұмтылады.
Дамыған қоғамның негізін қалайтын тұрақты даму принциптерін қолдау арқылы компанияның беделін және бізге деген сенімді нығайту ─ компанияның маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.